Туризм • 07 Қазан, 2019

Саладағы соңғы трендтер талқыланды

680 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Елордадағы «Көрме» орталығында ТМД-да алғаш рет Азия-Тынық мұхиты аймағының РАТА халықаралық туристік көрмесі өтті. Үш күнге созылған іс-шара барысында қатысушылар маңызды көрме мен В2В форматындағы кездесулерге, нетворкинг-платформа мен туризм саласын дамытуға қатысты өзекті мәселелерге арналған іскерлік форумдарға қатысты. Көрме Мәдениет және спорт министрлігі мен «Kazakh Tourism» ҰК қолдауымен ұйымдастырылды.

Саладағы соңғы трендтер талқыланды

«Көрме» кешенінің Конгресс-залында «Travolution»: технология күші Азия форумы» мен «Контент-маркетинг форумы: жетістік жолы мен контент жасаудың эволюциясы» атты екі іс-шара өтті.

«Travolution» форумының ашы­луында «Эйр Астана» әуе ком­па­ниясының бас директоры Питер Фос­тер сөз сөйлеп, соңғы 30 жыл­­да туризм саласы түбегейлі өзгер­генін атап өтті. Оның сөзінше, шет­елге саяхат адамдардың әл-ауқа­ты өсуінің ғана емес, көп елдер­дің ашықтық деңгейінің артуы ар­қасында қолжетімді бола түс­кен. «Қа­зақстанның бүгінгі турис­тік әлеуеті өте жоғары. Әуе ком­па­ния­­сының жетекшісі ретінде Қа­зақ­станда турбизнесті дамыту үшін қолымыздан келгеннің бәрін жасап жатқанымызды айтқым келеді. Бұл ел – Ұлы Жібек жолының бір бөлшегі. Осында келу арқылы көш­пен­ділердің тарихына жақындай түсесіз», деді Фостер.

«Travolution» форумының бі­рінші сессиясы – Азия-Тынық мұ­хиты аймағында туризм саласына «үштік өлшемшарттың» ықпал етуіне арналған корпоративтік инно­­вацияларға Азия даму банкі, РАТА мен Plug and Play Tech Center өкілдері қатысты. Олар өз­де­рі жасап жатқан «Travel Lab Asia» бағдарламасы қамтитын не­гізгі мәселелерін форум қатысу­шы­ларымен бөлісті.

«Travel Lab Asia» – Азиядағы ту­ризм саласының инновацияла­рына арналған платформа. Ол орнықты даму мен экологияның ең өзекті мәселелерін шешуде кор­­­­­по­рациялардың бастапқы тех­но­логиялық шешімдерді табуына көмектеседі. Осы бағдарламаға қатысатын корпорациялар дүние жүзіндегі орнықты дамуға бағыт­талған стартаптар мен ұтымды ше­шімдерге қол жеткізеді. Сессия спикерлері Қазақстанның туризм саласындағы мүмкіндіктерін толық пайдалану үшін мемлекеттік, са­лалық және инновациялық компаниялар жұмыла жұмыс істеуі керек екеніне, бірігіп турбизнес қызметінің дұрыс экожүйесін құру қажеттілігіне тоқталды. Патрисия Нордстромның айтуынша, Plug and Play-дің маңызды қыры – мәдени менталитетті өзгерту. «Біз бүкіл әлем­ді аралаймыз және қазіргі таң­да туристік компанияларға стар­­таптарға үлкен назар аудару ке­рек­тігін айтамыз. Туристік биз­нес­ті тиімді құруда олардың рөлі ерек­ше. Осыны ескеріңіздер», деп қоса айтты. Сондай-ақ Джейсон Ласк «Туризм саласындағы жоба­ларды жүзеге асыру үшін, елдер бір-бірімен мәміледе болып, көр­шілердің табысты тәжірибесін зерт­­теуі, сондай-ақ өз елдерінің ерек­­шеліктерін ескере отырып, олар­­ды енгізуі керек. Бұл – туризм сала­­сын дұрыс дамытудың кепілі» деді.

«Әлеммен бетпе-бет» сессиясы жергілікті компаниялардың шетел нарығына шығу стратегияла­рына арналды. Сессия барысында, Aviata.kz-ның бас дирек­торы Николай Ма­зенцев өз компаниясының қыз­меті мен басқа елдердің нарығына шығу туралы жоспарын айтып берді. Ұйым әуе және темір жол билетін онлайн сату бойынша Қазақстан нарығында көш бастап тұр.

«Овертуризмге арналған цифр­лы шешімдер» сессиясының қа­ты­­­сушылары танымал жерлер­де туристердің бағыт табуына жә­­не белгілі бір уақыттағы (ме­ре­ке күн­дері, демалыс және бас­қа уа­қыттарда) қандай да бір бағыт­тар­дың жүктемесіне қарай, саяхатты жоспарлауға жәрдемдесетін цифрлы платформаларды дамыту мәселелері талқыланды. Сала өкіл­дері клиенттердің қажеттілігін еске­ріп, болжам жасау үшін және белгілі бір бағыттардағы шамадан тыс туризмнің жағымсыз әсерін жеңілдету үшін ықтимал турис­терге баламалы бағыттарды неме­се күндерді ұсына отырып, тех­но­­логия­лық жаңа жетістіктерді қол­дану қажет.

«Тұтынушының мінез-құлқын қа­лыптастыратын тәжірибелік деректер» сессиясы алдыңғы сессияның қисынды жалғасы болды. Мұнда сая­хатты жоспарлағанда (бағыттарды қарағанда, броньдағанда, бағыт­тарды жасағанда, көрікті жерлерді іздегенде және т.с.с.) технологияны қолдану ауқымды деректер қорын құратыны, оны дұрыс пайдалану компаниялардың тұтынушыға бағыт алуына көмектесетіні сөз болды. Ауқымды деректерді талдаумен айналысатын компаниялардың міндеті – осы бір ақпарат ағынын кәдеге жарату.

Контент-маркетинг форумы: же­тістік жолы және контент жасаудың эволюциясы түстен кейін басталды. Жаңа медианың бүкіл шоғырының сарапшылары қонақтарға, ауди­торияға қызық өнімдерді жасау үшін қандай жолдарды таңдайтынын айтты. Сессия спикерлері цифрлы ақпараттық ресурстардың, әлеу­мет­тік желілердегі фото және видео блогтардың, жалпы видео контент­тің танымалдылығы артып келе жатқанын жеткізді.

BBC Global News-тің Жарнама жөніндегі вице-президенті Джон Уильямс өз сөзінде, қазір ВВС зерт­­­­­теліп жатқан тарихи жә­не ар­хео­логиялық жаңалықтарға қатыс­ты жұмыстарға көп көңіл бөле­тінін атап өтті.

PTM 2019 аясында ҚазМЗУ-да Азия-Тынық мұхиты туристік қауымдастығының (Pacific Asia Travel Association – PATA) «Басынан соңына дейін: тарих бізді қалай байланыстырады» атты Жастар симпозиумы өтті. Симпозиум соңы сту­дент­тік клубтар мен туризм са­ла­сындағы жас мамандардың әлем­дік туризм нарығының танымал тұлғаларымен және Азия-Тынық мұхиты туристік ассоциациясының басқарма мүшелерімен кездесуіне ұласты. Іс-шараға жергілікті және шетелдік 120 студент, оқытушы, осы саланың түлектері мен мамандары жиналды.