Игілікті істің басы-қасында жүрген Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен Алаштың ардақты жазушысын құрметтеу оның Кеңсайдағы қабірінің басына құлпытас қоюдан басталды. Осы орайда Шерағаның құлпытасын әзірлеп, жасауға тікелей атсалысқан, ұйытқы болған Түркістан облысы, Түлкібас ауданының азаматтары екенін ризашылықпен атап өткеніміз жөн.
Іс-шараға жазушының ұл-қызы, ел жақтағы ағайын-туыстары, туған жері Жамбыл, Қызылорда, Түркістан, Алматы облыстарының делегациялары, Қазақстан Жазушылар одағының аймақтардағы бөлімшелерінің басшылары арнайы келіп, тәуелсіздіктің елең-алаңында басын бәйгеге тігіп, халқының жанына жалау болған қазақ журналистикасының сардарын еске алып, арыстандай айбатын, наркескендей намысы мен қайратын танытатын оқиғаларды еске алып, әсерлі естеліктердің тиегін ағытты. Қабір басында Құран бағыштап, рухына тағзым жасады. Қытымырлығын таныта келетін қазан айының сәскеге таяп қалған таңы болса да күндегі салқын сызы өз-өзінен сейіліп, жанға жайлы май тоңғысыз күн Шер-ағаң туралы тағылымды естеліктермен тіпті жылына түсті. Фәни мен бақи арасында жақсы аты қалып, екі дүниені ұлы рухымен жалғап жатқан жазушыны елі есіне алып тұрғанда, әуелей ұшқан бір топ ақ кептер тынып тұрған күзгі аспанды ерсілі-қарсылы екі рет кесіп өтті. Аяқ асты пайда болған ақ кептерлер ардақтап жатқан Алматысына, ұмыта алмай жүргендердің ұлағат-ұлықтауына алдаспан жазушының алыстан жолдаған алғысы секілді көрініп, сағыныш толған шерлі көкіректер Шер-ағаңның сәлемін үнсіз түсінгендей, көкке көзін қадап тұрды...
Бұдан кейін қазақ көсемсөзінің қолбасшысын еске алу М.Төлебаев көшесіндегі, №98 үйдің жанында жалғасты. Мұнда да оқырманның көңіліне қанат бітіріп, жанына рух беретін ғажайып шығармалар қалдырған суреткерін сағынған қауымның қарасы қалың болды. Қазақ тілінің мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған, шындықтың шырақшысындай болған Шер-ағаны мәңгі есте қалдыру мақсатында бес қабатты тас үйдің қабырғасына мемориалды тақта орнатылды. Тұрған үйіне ескерткіш тақта орнату рәсімінде Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевтың тебірене сөйлеген сөзі көпшіліктің бойын шымырлатып жіберді. «Бізде көп дүние қағазға байланысты шешіледі. Қағазға әлденені жазамыз да, сол сияның артындағы азаматтың кім екенін ұмытып кетеміз. Біз бәрін таразыға салып қоямыз. Өкінішті-ақ. Осыны жасап жүрген өзіміз. Ал Шерағамыздың дүниеден өткеніне жыл толып жатқан кезде, қағазға қарап қаламыз ба? Жоқ, ел екенімізді, қазақ екенімізді көрсетеміз бе? Осылай қағаздың бәрін ысырып тастап шешім қабылдадық. Мұндай шешім бір жылдан кейін емес, бес жылдан кейін емес, марқұм болған күннің ертеңінде қабылдануы керек. Өйткені бұл азамат – елдің азаматы. Тек «елім» деп қана өтті. Сол себепті осындай ізгі шаруаның басы-қасында жүргеніме қуаныштымын», деді қала әкімі әр адамның көңілін толқытып тұрып. Расында да Бақытжан Әбдірұлы айтқандай, бұл ескерткіш тақта Шер-ағаңның өзіне керегі жоқ. Тақта адамдарға, халыққа керек. Мойнын бұрып қарап, «Шер-ағаң тұрған үй екен ғой» деп сүйікті жазушысын тағы бір еске алады. Шығармасы ойға оралады. Үйіне келіп ұл-қызына өнегелі сөзін айтады. Сондықтан мұндай тақтайшалардың тәрбиелік мәні зор.
Шерхан Мұртазаға арналған шара Қабылдау үйінде берілген жылдық асымен жалғасын тапты. Асқа Шерхан Мұртазаның көзін көргендер, бірге қызмет істеген әріптестері, шәкірттері қатысып, естеліктерімен бөлісті.
АЛМАТЫ