Аймақтар • 07 Қазан, 2019

«Жаңа Алматының» құны 800 млрд теңге тұрады

309 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Жаңа Алматы» бағдарламасы бойынша қаланың шеткі аймақтарын дамытуға 800 млрд теңге қажет. Бұл туралы Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев Алматыда өткен қаржы форумында айтты.

«Жаңа Алматының» құны 800 млрд теңге тұрады

«Алматы бюджеті 500 млрд теңгеден асады. Оның көп бөлігі ағымдағы шығындарға, қалалық инфрақұрылым мен әлеуметтік бағдарламаларды қаржыландыруға жұмсалады.100 млрд теңгеден астам қаржы - бұл жаңа нысандарды құру немесе қолданыстағы нысандарды қайта құруға кететін бюджет. Біз «Жаңа Алматы» бағдарламасын әзірледік. Тек осы бағдарламаны жүзеге асыру үшін 5 жылға 800 млрд теңгеге жуық қаражат керек. Бұл бюджеттік және жеке инвестициялар», - деді Сағынтаев. 

Әкімнің  түсіндіруінше,  инвестиция тарту мен бизнестің белсенді дамуы өте маңызды фактор.

 «Бұл қалалық бастамаларды жүзеге асыру және алматылықтардың әл-ауқатын арттыру үшін салықтың өсуін қамтамасыз етеді. Олар өз кезегінде қор жинап, қала экономикасының дамуына инвестиция құя алады. Біз үшін Астана халықаралық қаржы орталығы сынды қалыптасу кезеңінен өткен алаңды пайдалану өте маңызды. Әсіресе инвестициялық даму қорымен ынтымақтастыққа мүдделіміз», - деді Алматы әкімі.  
Еске салайық, бұған дейін Сағынтаев «Жаңа Алматы» бағдарламасы бойынша қаланың қалай дамитыны және бұл жобаның қалай жүзеге асырылатыны туралы хабарлаған болатын.

Осыған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев  Қазақстан халқына Жол­дауында ел дамуының 5 басым бағытын айқындап, мемлекет алдында тұрған маңызды міндеттерді белгілеп берді.

Атап айтқанда, талабына сай тиімді мемлекет қалыптастыруға, азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, қарқынды дамыған және инклюзивті экономика құруға, әлеуметтік жаңғырудың жаңа кезеңін бастауға және өңірлердің қуаттылығын арттыруға, оның ішінде «Алматы қаласының ерекше мәртебесі туралы» Заңға аса көңіл бөлінді.

Алматы – Орта Азиядағы ең ірі өңірлік іскерлік және қаржы орталығы. Ел экономикасының ең басты қозғаушы күші болып табылатын шағын және орта бизнес қаласы. Еліміздегі халықаралық құрылымдар мен қаржы институттарының, ірі ІT-компаниялардың, жоғары оқу орындарының басым бөлігі осында орналасқан.Сол себепті «Жаңа Алматы» жобасының бұл маңызды міндеттерді атқарудыға орны ерекше. 

 Гүлбаршын  АЙТЖАНБАЙҚЫЗЫ

 АЛМАТЫ