Руханият • 07 Қазан, 2019

Қазақ әдебиетінің «Үш бәйтерегіне» арналған конференция өтті

1160 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ұйымдастыруымен қазақ әдебиетінің ірі тұлғалары Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров және Бейімбет Майлиннің туғанына 125 жыл толуына орай «Үш бәйтерек мұраты және әдеби дәстүр сабақтастығы» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Қазақ әдебиетінің «Үш бәйтерегіне» арналған конференция өтті

Іс-шараның мақсаты қазақ руханиятының үш бәйтерегі атанған Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров және Бейімбет Майлиннің әдеби мұрасын рухани жаңғыру контексінде әрі филологиядағы соңғы парадигмалар тұрғысынан қарастыру және көпшілікке насихаттау.

Алқалы басқосуға М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, ф.ғ.д Кенжехан Матыжанов, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессоры, ф.ғ.д Серік Асылбекұлы, М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері, ф.ғ.д Ақыш Нұрдәулет, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, ф.ғ.д Күләш Ахмет бастаған ғалымдар мен әдебиет алыптарының шығармашылық мұрасын сан қырынан зерттеген оқу орындары мен ғылыми-зерттеу мекемелерінің әдебиеттанушы, фольклортанушы мамандары, студент, магистрант, докторанттар қатысты.

Зерттеушілер ұлт әдебиетінің алыптарына айналған шығармашыл тұлғалардың түрлі жанрдағы зерттеу еңбектері жайында ой-тұжырымдар ұсынды. Сонымен қатар олардың жеке көркемдік ұстанымдарын анықтау, әдеби-көркем және ғылыми мұрасына қатысты зерттеу жұмыстарымен танысу, туындыларындағы негізгі тақырыптардың  бейнелену жолдарын жаңа ғылыми парадигма аясында талдау, отандық фольклортану мен әдебиеттануды дамытуға қосқан үлесін саралау, шығармаларын шет тіліне аударудың маңызын бағамдау, насихаттау жұмыстары талқыланды.