Аймақтар • 07 Қазан, 2019

Маңғыстауда «Абыз аға - Әбіш» байқауы өтті

641 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Маңғыстау облысы әкімдігінің қолдауымен Маңғыстау облысы білім беру ұйымдарының дарынды оқушылары мен студенттері арасында Әбіш шығармаларын насихаттау, олардың шығармашылық қабілеттерін, эстетикалық талғамдарын, тұлғалық сезім мәдениетін дамыту, жазушының рухани мұрасына деген сүйіспеншілікке тәрбиелеу, тарихи танымдарын, ізгілікке, демократияға және азаматтыққа бағдарланған дүниетанымдары мен сана – сезімдерін, өмірлік айқындамаларын қалыптастыру мақсатында «Абыз аға - Әбіш» конкурсы өтті.

Маңғыстауда «Абыз аға - Әбіш» байқауы өтті

Әбіш Кекілбаев шығармашылығының көркемдік ерекшелігін, бай сөз қорын насихаттау арқылы оқушылар мен студенттердің ой-танымын кеңейту, олардың бойында өзіндік көзқарастарын қалыптастыру мақсатындағы байқауға аудан, қала білім беру ұйымдары мен колледждерден барлығы 153 үміткер қатысты.

         Алдымен аудандық-қалалық, колледжішілік, сосын облыстық кезеңдегі байқау Әбіш шығармалары кейіпкерлерінен монолог оқу талап етілген «Үздік оқырман», білім алушы дәптерінің төрт бетіне Әбіш шығармаларындағы бір кейіпкерге  хат жазады, кейіпкердің өміріндегі әрекеттерді осы заманмен байланыстыра отырып, жеті сауал қойылады және оған сол кейіпкер болып жауап беріледі, хат көркемдігі, тазалығы, мазмұндылығы және тәрбиелік құндылығына байланысты бағаланатын «Үздік тілші», сондай-ақ оқушы мектебіндегі «Әбіштану» кабинетінің ашылу мақсатын, ондағы бөлімдерді, құнды жәдігерлерді таныстырып, кабинетте өткен шаралар мен кездесулерді, байқауларды айта келе, Әбіш шығармаларын мектеп оқушыларына жарнамалау міндеттелген  «Үздік гид» номинациясы, Әбіш шығармаларынан «Табиғат», «Хандық билік», «Шешім», «Ауыл көрінісі» тақырыптарына 4 сурет салып тапсыру талап етілген «Жас қылқалам шебері» номинациясы, Әбіш драмасынан және аудармаларынан үзіндіге дайындалып, оқушының образға түсуі, дауыс мәнерінің өзгерісі, сөйлеу шеберлігі мен образға сәйкес киіне білуі бағаланатын «Жас көркемсөз шебері» номинациясы, Әбіштің «Көлденең көк атты», «Бәсеке», «Құс қанаты» повестерінің біреуінен зерделеу жобасы ұсынылып, жобада жазушының өзіне тән баяндау стилін, сөз оралымдарын, тұспалдауы мен болжауын және оқиға шешімінің орындылығын дәлелдеу, диалект сөздердің қолданысы, мақал-мәтел мен даналық сөздердің мағынасын ашу талап етілген       «Жас ғалым» номинациясы, сонымен қатар өзіндік ереже, талаптары көрсетілген «Үздік сценарий құрушы» номинациясы, «Ең үздік аниматор» номинациясы, «Жас ақын» номинациясы және «Жас актер» номинациясы сынды он бағыт бойынша өтті.

      Облыстық «Абыз аға – Әбіш» конкурсының жеңімпазы атанған жалпы білім беретін ұйымдардың 8-11 сынып оқушысы мен колледж студенті Маңғыстау облысы әкімінің біржолғы 100 000 теңгелік шәкіртақысына ие болады.  

Қазан айының 4-де Ақтау қаласындағы Білім-инновация лицейінде өткен байқауға 30-ға тарта өңірге белгілі өнер адамдары мен ғалымдар қазылық етті.

   Жеңімпаздарды марапаттау 11 қазан күні Маңғыстау ауданының Онды ауылында өтеді.

 

Маңғыстау облысы