Облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Айқын Елеусізовтің айтуынша, 2019 жылдың бірінші тоқсанында жергілікті кәсіпорындар 768 млн теңгенің өнімін шығарған. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 172,6 пайызға артық. Кәсіпкерліктің дамуына мемлекеттік бағдарламалар айрықша маңыз беріп отыр. Мысалы, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы жүзеге асырылғалы бері өңірде жалпы несие сомасы 103,4 млрд теңге болатын 1 464 кәсіпкердің жобасы қолдау тапты. 6 315 жаңа жұмыс орны құрылды. Осы бағдарламаны іске асыру бойынша Атырау облысы республикада төртінші орында. Ал шағын және орта бизнесті жергілікті қазынадан қаржыландыру, өндіріс өнімінің көлемін ұлғайту есепке алынатын DOING BUSINESS рейтингінде мұнайлы аймақ екінші орында. Облыстық бюджеттен кәсіпкерлікті дамыту үшін 2017 жылы 600 млн теңге бөлінсе, 2018 жылы 1,4 млрд теңге қаралды. Жергілікті «Бизнес аймақ» бағдарламасы бойынша 7 жылда ауыл кәсіпкерлерін қолдау үшін облыс бюджетінен 2 357 млн теңге бөлініп, 416 кәсіпкердің жобасы іске асты.
Ауыл кәсіпкеріне қолдау көп
Айта кету керек, мұнайлы аймақта ауыл кәсіпкерлерін қолдау жұмысы жақсы жолға қойылған. Соның нәтижесінде шалғайдағы елді мекендерде жаңа нысандар ашылып, ел игілігіне қызмет етуде. Айталық жақында ғана Махамбет ауданындағы Жалғансай ауылында көкөніс өңдеу цехы ашылды. Бұл бизнестің бір ерекшелігі – облыста баламасы жоқ, яғни тазартылып, туралған көкөністерді вакуум қаптамаға салып, саудаға шығарады. Жергілікті шаруа қожалықтары өнімдерін бұрынғыдай аудан, облыс орталықтарына апарып сатып әуреге түспейді. «Ақбаян» ЖК-не тапсырады, ал жеке кәсіпкер өз кезегінде көкөністерді тұтынушыға тағам әзірлеуге дайын күйінде ұсынады. Осы жобаны қолға алған кәсіпкер Гүлмира Жұмағалиева: «Құрал-жабдықтарды Италиядан, Ресейден алдық. Әзірге айына 6 тонна өнім шығарамыз, алдағы уақытта бұл көрсеткішті көбейте береміз», дейді. Осындай шағын да болса халыққа қажет дүниелердің іске асуына мемлекеттік бағдарламалардың жол ашып отырғаны әрине қуантады. Облыстық кәсіпкерлер палатасының басшысы Абдолла Идресов аймақ басшылығының қолдауымен өңірлік палата елімізде алғаш рет Атырауда жеделдетілген экономикалық даму скринингін жүргізгенін айтады. Жұмыс қорытындысында 600 әлеуетті бизнес идея анықталған. «Ақбаян» ЖК қолға алған көкөніс өңдеу цехы да осы скринингтің нәтижесі.
Ауыл халқын бизнеске тартуға, идеяларын ынталандыруға арналған тағы бір жоба «Бастау» деп аталады. Бұл бастама аясында мемлекеттен грант алғандардың 80%-дан астамы – ауыл тұрғындары. Өңірлік кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Дәурен Сағынғалиевтің айтуынша, ауыл шаруашылығы, сауда, қызмет көрсету орындарын ашуға байланысты жобалар көп. Соңғы жылдары ауылдарда медициналық кабинеттер ашу қолға алына бастады. Тісі ауырса, басқа да денсаулыққа байланысты қажеттіліктер туындаса, бұрынғыдай аудан орталығына сабылып жүрмей, ауылдан ашылған дәрігер кабинетіне барып ем алу тұрғындар үшін де қолайлы.
Жас келсе – іске
Атыраулық жастардың жаңа заман игіліктерінен қалыс қалмай, жарқын жобаларды қолға алуға деген қызығушылықтары жоғары. Өңірлік кәсіпкерлер палатасы осы бағытта биыл тағы бір бастаманы қолға алды. «Жас кәсіпкер» жобасы арқылы аймақтағы 600 жас бизнес негіздерін игереді. Қазір облыс бойынша 8 оқу сыныбы жұмыс істейді. Арнайы курсты бітірген жастарға жеке бизнестерін ашу үшін гранттар мен жеңілдетілген несиелер қарастырылған. Әлеуметтік кәсіпкерлікке де ден қоя бастағандар қатары артып келеді. Атап айтсақ, Махамбет ауданының тұрғыны Гүлден Өтепәлиева «Ержүректілер» қоғамдық қорын құрды. Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорт клубын ашып, ізгі істің басы-қасында жүр. Енді көп балалы, әлеуметтік жағынан аз қамтылған балаларға арнап та спорт секцияларын ашуды жоспарлапты. Мұндай мысалдардың көптігі ертеңге деген сенімді оңдай түседі. Өйткені Президент Жолдауында атап көрсетілгендей, «Тиімді шағын және орта бизнес – қала мен ауылды дамытудың берік негізі».
АТЫРАУ