Адамдардың өмір тұрмысын жақсартудың және жеңілдетудің бір жолы – таза ауызсуға, табиғи газға, көлік инфрақұрылымына қолжетімділік деңгейін арттыру болып табылады. Өкінішке қарай, Қазақстандағы қазіргі жағдай бірдей емес екені мәлім. Осы орайда Президент өзінің Жолдауында: «Еліміздің әр аймағының тұрғындарының таза ауыз суға, табиғи газға, көлік инфрақұрылымына қол жеткізу деңгейі біркелкі емес екені белгілі. Осы теңсіздікті жою үшін жұмысты жандандыру қажет. Елбасының тапсырмасы бойынша «Сарыарқа» газ құбырының магистральды желісінің бірінші кезектегі құрылысы аяқталып келеді. Келесі жылы Нұр-Сұлтан қаласында және Қарағанды, содан соң Ақмола мен Солтүстік Қазақстан облыстарында тарату желілерін салу жұмыстары басталады. Нәтижесінде 2,7 миллионнан астам адам табиғи газбен қамтамасыз етілетін болады», деген еді.
Үкіметтің есебіне жүгінсек, «Сарыарқа» магистральды көгілдір отын құбырының мың шақырымнан асатын алғашқы кезеңі мәреге жетуге жақын қалды. Алғашқы кезең аяқталғаннан кейін Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Теміртау, Жезқазған, Саран, Шахтинск қалаларының және осы шаһарларға жақын орналасқан, құбыр жолының бойында қоныс тепкен елді мекендердің бәрі табиғи газдың қызығын көруге тиіс. Одан әрі «Сарыарқа» жобасы «Астана – Көкшетау», «Көкшетау – Петропавл» бағытымен жалғасады. Жобаның жылдық қуаты 2,2 млрд текше метр газ өткізуге жетеді. Ұлан-ғайыр даланы көктеп өтетін құбыр жолын салу үшін «АстанаГаз» ҚМГ» компаниясы құрылды, бұл компанияның акционері «Самұрық – Қазына» мен «Бәйтерек» холдингі екенін айта кетейік.
Энергетика министрлігі хабарлағандай, былтыр тамыз айының соңында Экономиканы жаңғырту жөніндегі мемлекеттік комиссиясының шешімімен алып құрылыс жобасын қаржыландыру кестесі мен талаптары бекітілді. Сонымен 80,3 млрд теңге жоғарыда айтқан екі акционер компанияға 40,15 млрд теңгеден теңдей бөлініп берілді. Тағы 102 млрд теңгені Қазақстанның даму банкі мен Еуразиялық даму банкі, 85 миллиард теңгені «БЖЗҚ» АҚ инвестициялайтын болып келісілді. Қорыта келгенде алып жобаның жалпы құны 263,3 млрд теңгені құрады. Оның бас мердігері – «ҚазСтройСервис» компаниясы. Былтыр қараша айында «АстанаГаз ҚМГ» мен «ҚазСтройСервис» арасында құрылыс туралы келісімшарт жасалды.
Энергетика министрлігінің хабарлауынша, қазіргі таңда құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.
– 1061,3 шақырымдық құбыр жолын салуға қажетті құбыр өнімдері түгел жеткізілді, оның 1050 шақырымы, яғни 98,9 пайызы жалғанды. Тәулік сайын орта есеппен 5,6 шақырымдық құбыр дәнекерленіп жатыр, – деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.
Автоматтандырылған газреттегіш станса салуға керекті құрылғылардың 80 пайызы тиісті жеріне жеткізіліпті. Стансалардағы монтаж жұмыстарының 63 пайызы аяқталған. Құрылыс жұмыстары бекітілген кестеге сай жүріп жатыр деуге болады.
– Жалпы алғанда биыл желтоқсан айында барлық нысандар салынып бітеді. Атап айтқанда, магистральды газ құбыры, 5 автоматтандырылған газреттегіш станса, газ өлшеу және басқару стансасы дайын болады. Яғни, құбыр жолы Нұр-Сұлтан қаласына жоспарланған мерзімде – желтоқсан айында жетеді, – деп хабарлады Энергетика министрлігі.
«Сарыарқа» жобасының халықты көгілдір отынмен қамтып, әлеуметтік ахуалын жақсартудан басқа да игі ықпалы мол деуге болады. Елдің бірнеше өңірінде инфрақұрылымның дамығаны шағын және орта бизнестің дамуына, сол арқылы экономиканың көтерілуіне ықпал ететіні анық.
Оған қоса, өмір бақи көмір жағудан көзі ашылмаған өңірлердің табиғи газға көшкені ауаға тарайтын зиянды қалдықтарды да азайтып, экологиялық ахуал жақсара түспек. Миллиондаған адам қоныс тепкен қалалар мен өзге де елді мекендерде экологиялық ахуалдың түзелгені халықтың денсаулығын жақсартуға септесері сөзсіз.