Руханият • 08 Қазан, 2019

«Ақсүмбе мен Ақсу-Жабағылы арасы» экспедициясы Сұлтанбек Қожанов пен Тұрар Рысқұловтың 125 жылдығына арналды

736 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Түркістан облысында мемлекет және қоғам қайраткерлері Сұлтанбек Қожанов пен Тұрар Рысқұловтың еңбектерін, өнегелі өмірін ел арасында насихаттау мақсатында Nur Otan партиясының бастамасымен, аудан әкімдіктерінің қолдауы­мен «Ақсүмбе мен Ақсу-Жабағылы арасы» атты экспедиция ұйымдастырылып, танымдық-тағылымдық іс-шаралар өткізілді. Созақ ауданынан бастау алған мерейтойлық іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов, жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Мархабат Байғұт, қоғам қайраткері, Созақ ауданының Құрметті азаматы Қуаныш Айтаханов, аудан әкімі Салыхан Полатов, Nur Otan партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсен Тәжібаев, зиялы қауым өкілдері және аудан тұрғындары қатысты.  

«Ақсүмбе мен Ақсу-Жабағылы арасы» экспедициясы Сұлтанбек Қожанов пен Тұрар Рысқұловтың 125 жылдығына арналды

«Киргиз» деп жүрген қазақтың атын қайтарды»

Созақ ауданында өткен ұстаз, ғалым, публицист С. Қожановтың 125 жылдығына арналған «Ұл­тын сүйген ұлы тұлға» тақыры­бындағы салтанатты іс-шараға қатысушылар алдымен «Ақсүмбе мен Ақсу-Жабағылы арасы» экспедиция мүшелерін Қазыналы Қаратау төскейінде күтіп алып, теріскейдің текті ұлы туған жер Ақсүмбе ауылына табан тіреді. Ақсүмбеде С.Қожанов атын­дағы мектептің алғашқы кір­піші қаланып, ескерткішіне гүл шоқтары қойылды. Білім оша­ғы­ның алғашқы кірпішін жазушы Мархабат Байғұт пен аудан әкімі Салыхан Полатов қалады. «Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бір сөзінде: «Біздің Сұлтанбек Қожановтың өмірінен алатын үлгіміздің бірі – кең ойлау, өз халқың үшін шынайы уайым жеу, оның кемшіліктерін ай­та білу, осылайша олардан ары­луға көмектесу» деген болатын. Еліміздің дамуына өлшеусіз үлес қосқан ғалым, көсемсөзшінің есімі барлық қазақстандықтардың мақтанышы, ал оның өмірі мен қызметі келер ұрпақ үшін Отан­ға қызмет етудің үздік үл­гісі бо­лып табылады. Сұл­танбек Қо­жановтың есімін ұрпақ жадында қалдыру мақсатында ауданымызда, республика көлемінде жыл сайын түрлі мәдени көпшілік шаралар ұйымдастырылып келе­ді. Соның бірі ұлт күрескері­нің 125 жылдығына арналған жиын­ның туып-өскен жері Ақсүмбе­де өтуі – аудан тұрғындары үшін де, жас ұрпақ үшін де өте ма­ңыз­ды», деді аудан әкімі Салы­хан Полатов жиында. Ал жазушы Мархабат Байғұт өткен жылдарды еске алды. «Осыдан 25 жыл бұрын, Сұлтанбек ағамыз­дың 100 жылдығы атап өтілген бо­латын. Ол кезде облыстық тіл басқармасының басшысы едім. Сұлтанбек Қожановтың жүз жылдығы аталып өтіледі, үл­кен той болады, соған облыс бас­шы­сының орынбасары баяндама жасайды, соған материал дайындап бер деді. Қарасам Сұлтанбек аға туралы ешқандай материал жоқ. Сөйтіп бір апта күні-түні ізденіп, жүз жылдығына арналған баян­даманы дайындап шықтым. Мінеки, бүгінде тәуелсіздіктің арқасында Қожанов туралы еңбек өте көп. Сұлтанбектанушылар да жетерлік. Көп кітап шықты, «Шы­ғыстың Сұлтанбегі» деген роман жазылды. Сұлтанбек Қо­­жанов туралы әлі зерттеліп, жазы­­ла береді. Осыдан бес жыл бұ­­рын Шолаққорған ауылын­да Қо­­жановтың 120 жыл­ды­ғы ат­а­лып өткен болатын. Сол кез­де Ақсүмбеге келіп, биік­ке, Ақ­би­кештің жанына шы­ғып қара­дық. Мына қасиет­ті Қа­ра­­таудың өрлігіне таңдан­дық. Қазақтың, бүкіл түркінің қара­шаңырағы атанған Қаратау үш бұтақтан тұрады. Жамбыл облысында бір бұтағы, Қызылорда облысында бір бұтағы, ең негі­згі жотасы – биік, ұлы бұта­ғы біздің Түркістан облысында. Ақсүмбемен басталып, Ақ­су Жабағылыдан аяқ­та­лады. А­қсүм­беде қасиетті Қара­таудың бас­талар жерінде – Сұл­танбек Қо­жанов, Ақсу Жаба­ғылыда – Тұрар Рысқұлов, екі жағында екеуі заузаңғар болып, бүкіл алаш­қа, күллі қазақ­қа мұрат – мақ­саттарын арнаған ұлы тұл­ғалар тұр. Сұлтанбек мұ­рат­тас­тарымен бірге Түркі­стан­ды астана еткісі келді. Қолдан келмеді, Қызыл­орда астана атанды. Алайда, «киргиз» деп жүрген «қазақтың» атын қайтарды»,  деді жазушы Мархабат Байғұт.

Мәдени іс-шара Сұлтанбек Қожанов атындағы мұражайда жалғасын тауып, қонақтар тарихи жәдігерлермен танысты. Ал мәдениет үйіндегі «Ұлтын сүйген ұлы тұлға» атты аймақтық ғы­лыми-тәжірбиелік конферен­­ция­ны ғалым Нариман Нұр­­пейісов жүргізіп отырды. Кон­фе­рен­цияны Түркістан облысы әкімі­­нің орынбасары Сәкен Қалқа­­манов ашып, құт­тық­тау сөз сөйледі. Созақ ауда­ны­ның Құрметті аза­маты Қуа­ныш Айтаханов, ға­лым, сұлтанбек­танушы Бейбіт Қой­шыбай, ғалымдар Әлібек Сейдехан, Тұрсын Хазіретәлі, Медеубек Тәңірберген, Мамыт Амангелді, Қайрат Анарбаев баян­дама жасап, ұлы тұлғаның өмірі мен жасаған өнегелі істеріне тоқтал­ды. Ұлтжандылығы мемле­кет­шілдікпен ұласқан, мемлекет­шілдігі ұлтының рухына қызмет ету­ге жұмылдырылған қайрат­кердің халықтың жадынан да, ғылыми танымнан да мәртебелі орын алуға әбден лайық екені айтылды. Ал ақын Рахым Бала­би ұлт қайраткеріне арнау өлең оқыды. Сондай-ақ бұл күні Елбасының «Болашаққа бағ­дар: рухани жаң­ғыру» мақала­сын насихаттай отырып, Сұл­тан­бек Қожанов­тың 125 жыл­ды­ғына орай, ақындар­дың шығар­машылығына қолдау көр­сету мақсатында облыстық «Тұғыры биік тұлға» атты жыр мүшәйрасы ұйымдастырылды.

Сұлтанбек Қожабаев

Ұлт тарихындағы жарқын тұлға

Түлкібас ауданында Тұрар Рысқұловтың 125 жылдығына арналған іс-шаралар «Ұлт тари­­хындағы жарқын тұлға» тақы­ры­бында өтті. Ұлы тұлға­лар­дың 125 жылдығына орай ұйым­дастырылған «Ақсүмбе мен Ақсу-Жабағылы арасы» авто­са­парына қатысушылар 1915 жылы «Алаш» қайраткері, тұң­ғыш қазақ инженері Мұха­мет­жан Тынышбаевтың басшы­лығы­мен соғылған Жаскешу ауыл­дық округі Рысқұл ауы­лы­­ның маңындағы тауасты темір ­жолмен танысты. Мұха­­мед­жан Тынышбаев пен Тұрар Рыс­құловтың ең бірінші кез­десуі Түлкібастағы Шәңке-бас­тау жерінде болған. 1915 жылы темір жол құрылысын бас­қар­ған М.Тынышбаев жас Тұ­рар­дың білім алуына бағыт-бағ­дар беріп, болашағына жол ашқан екен. Бұл туралы ауыл қариясы Өміртай Қалықұлов тунельмен танысу кезінде айтып берді. «1915 жылы Тұрар Рыс­құлов Ташкент қаласына оқу­ға баруға осы Түлкібас ауда­ны­на келген. Негізінде туыс­қан­дары Түлкібас ауданында тұ­ра­ды. Сонда жұмыс істеп жүр­­ген бір қазақ Мұхамеджан Ты­ныш­баевқа Тұрар туралы айта­ды. Тұрарды шақырып алып әңгіме­лескенде оның тіл білуі, ойын жеткізе алуы, талабы биік екенін аңғарған Мұхамеджан Тынышбаев арқасынан қағып, оқуы керектігін айта қаражат беріп Ташкентке оқуға жібереді»,  деді Өміртай Қалықұлов. Тари­хи деректерге сүйенсек, ұзын­дығы 1 шақырым, биіктігі 6 метр, ал ені 8 метрді құрайтын те­мір жол тунелін Ресейдің темір­жол құ­рылысшылары және жер­гі­лік­ті тұрғындар соққан. 1950 жы­лы жаңа үлгідегі тепловоз және вагондардың көлемі­нің ұл­ғайуы­на байланысты тунель­ді пайдалану мүмкін болмағандықтан, сыртынан айналма темір жол салынған. Бүгінгі таңда аудан әкімдігі аталмыш нысанның тарихи маңыздылығын ескере отырып, ескерткіш тақтайша орнатқан, аумағына тазалық жұмыстары жүргізіліп тұрады.

Мағыналы іс-шара Тұрар Рысқұловтың ата қонысы Рыс­құл ауылындағы күрделі жөн­деу­ден өткен ауылдық клубтың ашылу салтанатымен жалғас­ты. Түлкібас ауданының әкімі Нұрбол Тұрашбековтің ай­туын­ша, биыл 5 ауылдық клуб күрделі жөндеуден өтуде. Ең бірінші болып аяқталғаны осы Рысқұл ауылдық клубы. Ауыл тұрғындарының рухани азық алатын орны 100 адамға есептелген. Клубқа күрделі жөндеу жұмыстарымен қатар аумағы да толығымен абаттандырылған. Ауыл жастарының музыкалық және басқа да үйірмелерге қаты­сып, бос уақыттарын тиімді өткізуіне барлық жағ­дай жа­салған. Сонымен қатар қонақтар Түлкібас кентін­дегі тоғыз жол­дың торабы, Түркі­сіб теміржолы­ның бойында орналасқан қазақ халқының біртуар азаматтары М.Тынышбаев пен Т.Рыс­құловтың ескерткішіне гүл шоқ­тарын қойып, құрмет көр­сетті. Қос тұлғаға арналған ескерт­кіш Түлкібас ауданының 90 жылдығына орай демеуші­лер есебінен тұрғызылған. Шара­ның жалғасы аудан орталы­ғы Тұрар Рысқұлов атындағы тари­хи-өлкетану мұражайымен танысу іс-шарасына ұласты. Тарихи-өлкетану мұражайы қоғамдық негізде 1963 жылы ашылып, 1983 жылы облыстық тарихи-өлкетану мұражайы­ның бөлімшесі болып қайта құрыл­ған. 1994 жылы мұражайға мемлекет және қоғам қайраткері Т.Рысқұловтың 100 жылдығы­на орай аты берілді. Қазіргі таң­да мұражай «Тұрартану», «Көне заман және этнография», «Аудан тарихы», «Табиғаттану» деп аталатын төрт экспозиция залы­нан тұрады. Тұрартану бөлімін­де мемлекет және қоғам қайрат­­кері Т.Рысқұловтың өмірі мен қыз­меті туралы мәліметтер беретін «Өмірдерек», «Т.Рысқұловтың әулеті», «Т.Рысқұлов кемеңгер», «Т.Рысқұлов. Түркісіб», «Алаш­тың ардақтысы Тұрар­ға тағ­зым» атты тақта және тұ­рар­та­ну­­шылардың шығарма­лары қойылған. Айтулы шара «Тұң­ғыш Президент» саябағында өт­кен «Ұлт тарихындағы жарқын тұлға» атты салтанатты жиынмен қорытындыланды. «Баюымыз керек, бай болуымыз керек. Сонда ғана еліміз мықты болады. Бірақ байлықпен бірге қайраткерлер­дің рухын, сіңірген еңбегін, олар­дың мінезін, шырқыраған жанын ұғынуымыз керек. Олар өлеті­нін, атылатынын білді. Бірақ ұлтына қызмет етуден қайтқан жоқ. Мұстафа Шоқайлар сыртта жүріп еңбек етті, Тұрар, Нәзір, Сұл­тан­бектер іште жүріп еңбек етті. Яғни олардың елге қызметі ұмы­тыл­мауы тиіс», деді жазушы Мар­­хабат Байғұт.

Сондай-ақ іс-шараға қатысу­шылар ұлы тұлғаның айтулы мерейтойына орай «Тұңғыш Пре­зидент» саябағының ішінен бой көтеріп жатқан «Жастар аллеясына» 125 түп көшет отырғызды.

 Түркістан облысы