Әлем • 08 Қазан, 2019

Газет – жапондар үшін серпін беретін күш

36 реткөрсетілді

Осыдан үш жыл бұрын Жапонияның ішкі істер және коммуникациялар министрлігі халықтың ақпарат құралдарына деген сенім деңгейін анықтау мақсатында он үш  жас­тан жетпіске дейінгі жапон азаматтары арасында сауалнама жүргізген. Сауалнамаға 1500 адам қатысқан. Оның  70,1 пайызы  газет сөзіне сенетінін айтқан. 2012 жылдан бері жүргізіліп келе жатқан сауалнаманың мақсаты – ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілердің тиімділік деңгейін бағалау.    

Жапон сарапшылары «ғаламтор баспасөз­ді басып кететін болды» деп қауіптенуде. Өйт­кені Жапонияда баспасөздің үлесі әрдайым басым болғанымен, ғаламтордағы ақпараттар тасқыны қоғамға өз әсерін тигізуде. Ақпарат алу тәсілі бойынша Күншығыс елінде портал, сайттардың көрсеткіші газеттермен теңесіп, 2016 жылы 59,1 пайыздан 60,4 пайыз­ға көбейіпті. Ал әлеуметтік желілерді тиімді пайдаланушылар саны 70 пайыздан асады.

Десе де аға буынның ақпаратты негізінен газет-жур­налдардан алатыны айқын. Жас ұр­пақ­тың ғаламторға әуестігі жалпы дүние­жү­зілік сипат алып бара жатқаны белгілі. Әлеу­меттік желілерге тіркелген жапондар­дың саны көбейгенімен, баспасөз сенімді ақпа­рат көзі боп қала береді. Бүгінде ғалам­тор негізгі ақпарат алаңы десек те, сауал­намаға жауап бергендердің 33,8 пайызы ғана ондағы мәліметке сенетінін айтқан. Демек, жапонның баласынан қариясына дейін газет­терді сенімді ақпарат көзі деп біле­ді. Сарап­тамада жапондардың 70,1 пайызы газетте жарияланған мәліметке иланатыны айтыл­ған. Ақпараттың нанымдылығы тұрғыс­ынан теле­дидар 65,5 пайыз болса, ғаламтор содан кейінгі орында. Журналға халықтың 20,5 пайызы сенетін көрінеді.

Жапонияда әлемнің басқа елдері сияқты әлеуметтік желілерді қолданатын жастар қатары көбейген. Бір емес бірнеше әлеуметтік желіге тіркелген жапондар бұрын 66,5 па­йыз болса соңғы уақытта бұл көрсеткіш 71,2 пайызға жетіпті. Жапониядағы «Sankeibiz» порталының мәліметіне сүйенсек, 2009 жылы Күншығыс елінде негізгі сараптамалық 1,466 сайт болса, 2018 жылы олардың саны 4,018-ге жеткен. Яғни, бұл елде он жылда сайттар 2,7 есеге өсті деген сөз. Күншығыс елінде газет-журналдар да көбейіпті. 2009 жылы 1708 болса, 2018 жылдан бері 1860 баспасөз құралы тір­кеуде тұр. Алайда газет-журнал саны артқаны­мен, олардың жалпы тиражы он жыл ішінде біршама төмендегені байқалады. Сайт мәліметі бойынша, 2009 жылы газеттердің тиражы 153 миллион 760 мың болыпты. 2018 жылы газет тиражы 19,8 пайызға төмендеп, 123 миллион 390 мыңды көрсеткен. Журналдардың да таралымы азайған.

Жапонияда басылымдар тақырыбы мен таралу аймағына қарай, мемлекеттік, аймақ­тық, спорттық, апталық, айлық басылымдар болып бөлінеді. Бұлардың ішінде айлық басылымдардың тиражы біраз төмендепті. Апталық басылымдар тіптен 45 пайызға азайған. Жалпы басылымдардың ішінде тиражын құлдыратпай ұстап тұрғаны – префектураларда шығатын аймақтық газет-журналдар. Баспасөз рейтингінің 2009-2018 жылдар арасындағы ахуалын анықтау үшін сараптама 505 газет-журналға жүргізілген. Оның ішінде 42 мемлекеттік басылым, 82 аймақтық, 26 спорттық, 35 апталық, 320 айлық газет-журналдар. Таралымын көп төмендетпей ұстап қалған басылымдар негізінен аймақтық және спорттық газет-журналдар.

Газет-журнал таралымының төмендеуі жал­пы бүкіләлемдік үрдіс екені белгілі. Мұ­ның себебі, әрине ғаламтордың даму қар­қын­дылығымен байланысты. 2008 жылы Жапонияда iPhone смартфондары сатыла бас­тады. Ел іші және әлемдегі жаңалықтарды жедел жеткізіп отыратын сайттар көбейді. Халықтың ақпараттармен смартфон арқылы танысу үрдісі белең алды. Жапон сарапшылары елде газет-журнал оқырмандарының төмендеуін осымен байланыстырады.

Жапон газеттері ғаламтор сайтында, әлеу­меттік желілер арқылы да материалдарын оқырманға ұсынуда. Осы орайда жапон басы­лымдарының сайттағы маркетинг жүйесі туралы бір ауыз сөз. Көптеген жапон газеті сайттағы материалдарды «ақы­лы» және «ақысыз» деп бөледі. Мақала ақы­лы болса, сайтқа оның басы жарияланады, да то­лық оқу үшін оқырман тіркеліп, ақша төлеуі керек. Сайтқа шыққан мақала бөлігінің таңба саны (иероглиф, кана) да көрсетіледі. Соны­мен қатар тіркелген соң оқуға болатын бөлі­гінде неше таңба бары да көрсетілген. Мақа­ланы толық оқу үшін қанша иен төлеу керек­тігі де жазылған. «Асахишинбун», «Майни­чишинбун» сияқты іргелі газеттердің сайты мақаланы оқудың ақылы жүйесімен істейді.

Жапонияда тек елге белгілі тұлғалар ғана емес, қарапайым азаматтардың арасында же­ке блогын ашып, қысқаша ой-пікір, тұжырым­дары ғана емес, көлемді материалдарын жа­рия­лайтындары көп. Жапон блогерлері негізі­нен тағамдар, шетелге саяхат, табиғат, ұлт­тық өнер, белгілі бір салаға қатысты жаз­ған­дары­мен бөліскенді ұнатады.

Сараптамаға назар салсақ, аға буын ұрпақ газет-журналды көп оқитыны байқалады. Осы тұрғыда Жапонияның газет индустриясын қариялар ұстап тұр деген пікір дұрыс сияқты. Жапонияның ішкі істер және коммуникациялар министрлігі 2017 жылы жүргізген қоғамдық зерттеуге назар салсақ, жасы алпыстан асқан газет оқырмандарының пайыздық саны 55,4 екен. Елу жастағы оқырман саны 41 пайыз болса, қырықтың ішіндегілер 27 пайыз. Отыз жастағы оқырмандар 18,2 пайыз ғана.

Жапонияда қай салаға қарасаңыз да бөлшек-бөлшек, минут-минутына дейін бәрін есептеп, қадағалап отырады. Мамандар әр жапон азаматы газет-журнал оқу үшін күніне қанша уақыт жіберетінін де анықтапты. Бұл елде он жасар баладан тоқсандағы қарияға деген газет оқиды. Жалпы жапондардың күніне газет оқуға жұмсайтын уақыты – 36,1 минут. Ал кітап, журнал және комикстерге 61,7 минут, яғни бір сағаттан сәл көп уақыт жібереді. Жапония тұрғындары орташа есеппен күніне бір сағат кітап пен журнал, жарты сағат газет оқиды деген сөз. Жапон азаматының жасы ұлғайған сайын газет-журнал оқуға жұмсайтын уақыты да көбірек екені байқалады. Жапон жасөспірімдері күніне 11,7 минутын газет-журналға арнаса, алпыстан асқан ақсақалдар 46,5 минут баспасөз беттерін парақтайды.

Дүние жүзі бойынша медиа саласында ғаламтор үстемдікке ие дегенімізбен, Жапо­нияда газет-журналға тек ақпарат көзі деп қарамайды. Жеке басындағы һәм қо­ғам­дағы мәселені шешуге серпін беретін күш деп біледі. Бұған дәлел – Жапония тұр­ғын­да­ры­­ның 89 пайызы айына бір рет қандай да бір мәселеге қатысты газет редакциясына хабар­ласады екен. Бұл жалпы жапон халқы басп­асөз қызметкерлеріне сенім артады деген сөз. Жапон газеттері жаңалықты ақпарат агенттік­терінен де жылдам жеткізеді деген түсінік бар.

Адамзаттың санасын ғаламтор жаулап алды дегенімізбен, қазіргі таңда жапон газет­тері әлемдегі ең тиражы көп басылым саналады. Іргелі жапон газеттерінің таңертеңгі және кешкі шығарылымдары миллиондаған тиражды құрайды. Мысалы, үздік бес ұлттық басылым санатындағы «Йомиури» газетінің күнделікті таралымы 10 миллионнан асады. Газеттерді үкіметке тәуелді емес корпорация­лар басқарады, сондықтан жапон баспасөзі жалтақ емес, сөз қуаты мықты.

 Шарафат ЖЫЛҚЫБАЕВА,

жапонтанушы

Соңғы жаңалықтар

Абай дүкені – Бельгияда

Руханият • Кеше

Ең қысқа әңгіме. Риза Исаева

Ең қысқа әңгіме • Кеше

Ең қысқа әңгіме. Дәурен Дариябек

Ең қысқа әңгіме • Кеше

Ең қысқа әңгіме. Назерке Саниязова

Ең қысқа әңгіме • Кеше

Ең қысқа әңгіме. Ақылбек Шаяхмет

Ең қысқа әңгіме • Кеше

Ең қысқа әңгіме. Еркеғали Бейсенов

Ең қысқа әңгіме • Кеше

Ең қысқа әңгіме. Көгедай Шәмерхан

Ең қысқа әңгіме • Кеше

Ең қысқа әңгіме. Жасұлан Серік

Ең қысқа әңгіме • Кеше

Ең қысқа әңгіме. Ақжол Қалшабек

Ең қысқа әңгіме • Кеше

Ең қысқа әңгіме. Нұрбек Нұржанұлы

Ең қысқа әңгіме • Кеше

Күлкі керуені № 7

Руханият • Кеше

Жақсы дәстүр жалғасады

Руханият • Кеше

Игілікті еңбек иесі

Қоғам • Кеше

Кедергісіз келешек

Қоғам • Кеше

Ұқсас жаңалықтар