Жапон сарапшылары «ғаламтор баспасөзді басып кететін болды» деп қауіптенуде. Өйткені Жапонияда баспасөздің үлесі әрдайым басым болғанымен, ғаламтордағы ақпараттар тасқыны қоғамға өз әсерін тигізуде. Ақпарат алу тәсілі бойынша Күншығыс елінде портал, сайттардың көрсеткіші газеттермен теңесіп, 2016 жылы 59,1 пайыздан 60,4 пайызға көбейіпті. Ал әлеуметтік желілерді тиімді пайдаланушылар саны 70 пайыздан асады.
Десе де аға буынның ақпаратты негізінен газет-журналдардан алатыны айқын. Жас ұрпақтың ғаламторға әуестігі жалпы дүниежүзілік сипат алып бара жатқаны белгілі. Әлеуметтік желілерге тіркелген жапондардың саны көбейгенімен, баспасөз сенімді ақпарат көзі боп қала береді. Бүгінде ғаламтор негізгі ақпарат алаңы десек те, сауалнамаға жауап бергендердің 33,8 пайызы ғана ондағы мәліметке сенетінін айтқан. Демек, жапонның баласынан қариясына дейін газеттерді сенімді ақпарат көзі деп біледі. Сараптамада жапондардың 70,1 пайызы газетте жарияланған мәліметке иланатыны айтылған. Ақпараттың нанымдылығы тұрғысынан теледидар 65,5 пайыз болса, ғаламтор содан кейінгі орында. Журналға халықтың 20,5 пайызы сенетін көрінеді.
Жапонияда әлемнің басқа елдері сияқты әлеуметтік желілерді қолданатын жастар қатары көбейген. Бір емес бірнеше әлеуметтік желіге тіркелген жапондар бұрын 66,5 пайыз болса соңғы уақытта бұл көрсеткіш 71,2 пайызға жетіпті. Жапониядағы «Sankeibiz» порталының мәліметіне сүйенсек, 2009 жылы Күншығыс елінде негізгі сараптамалық 1,466 сайт болса, 2018 жылы олардың саны 4,018-ге жеткен. Яғни, бұл елде он жылда сайттар 2,7 есеге өсті деген сөз. Күншығыс елінде газет-журналдар да көбейіпті. 2009 жылы 1708 болса, 2018 жылдан бері 1860 баспасөз құралы тіркеуде тұр. Алайда газет-журнал саны артқанымен, олардың жалпы тиражы он жыл ішінде біршама төмендегені байқалады. Сайт мәліметі бойынша, 2009 жылы газеттердің тиражы 153 миллион 760 мың болыпты. 2018 жылы газет тиражы 19,8 пайызға төмендеп, 123 миллион 390 мыңды көрсеткен. Журналдардың да таралымы азайған.
Жапонияда басылымдар тақырыбы мен таралу аймағына қарай, мемлекеттік, аймақтық, спорттық, апталық, айлық басылымдар болып бөлінеді. Бұлардың ішінде айлық басылымдардың тиражы біраз төмендепті. Апталық басылымдар тіптен 45 пайызға азайған. Жалпы басылымдардың ішінде тиражын құлдыратпай ұстап тұрғаны – префектураларда шығатын аймақтық газет-журналдар. Баспасөз рейтингінің 2009-2018 жылдар арасындағы ахуалын анықтау үшін сараптама 505 газет-журналға жүргізілген. Оның ішінде 42 мемлекеттік басылым, 82 аймақтық, 26 спорттық, 35 апталық, 320 айлық газет-журналдар. Таралымын көп төмендетпей ұстап қалған басылымдар негізінен аймақтық және спорттық газет-журналдар.
Газет-журнал таралымының төмендеуі жалпы бүкіләлемдік үрдіс екені белгілі. Мұның себебі, әрине ғаламтордың даму қарқындылығымен байланысты. 2008 жылы Жапонияда iPhone смартфондары сатыла бастады. Ел іші және әлемдегі жаңалықтарды жедел жеткізіп отыратын сайттар көбейді. Халықтың ақпараттармен смартфон арқылы танысу үрдісі белең алды. Жапон сарапшылары елде газет-журнал оқырмандарының төмендеуін осымен байланыстырады.
Жапон газеттері ғаламтор сайтында, әлеуметтік желілер арқылы да материалдарын оқырманға ұсынуда. Осы орайда жапон басылымдарының сайттағы маркетинг жүйесі туралы бір ауыз сөз. Көптеген жапон газеті сайттағы материалдарды «ақылы» және «ақысыз» деп бөледі. Мақала ақылы болса, сайтқа оның басы жарияланады, да толық оқу үшін оқырман тіркеліп, ақша төлеуі керек. Сайтқа шыққан мақала бөлігінің таңба саны (иероглиф, кана) да көрсетіледі. Сонымен қатар тіркелген соң оқуға болатын бөлігінде неше таңба бары да көрсетілген. Мақаланы толық оқу үшін қанша иен төлеу керектігі де жазылған. «Асахишинбун», «Майничишинбун» сияқты іргелі газеттердің сайты мақаланы оқудың ақылы жүйесімен істейді.
Жапонияда тек елге белгілі тұлғалар ғана емес, қарапайым азаматтардың арасында жеке блогын ашып, қысқаша ой-пікір, тұжырымдары ғана емес, көлемді материалдарын жариялайтындары көп. Жапон блогерлері негізінен тағамдар, шетелге саяхат, табиғат, ұлттық өнер, белгілі бір салаға қатысты жазғандарымен бөліскенді ұнатады.
Сараптамаға назар салсақ, аға буын ұрпақ газет-журналды көп оқитыны байқалады. Осы тұрғыда Жапонияның газет индустриясын қариялар ұстап тұр деген пікір дұрыс сияқты. Жапонияның ішкі істер және коммуникациялар министрлігі 2017 жылы жүргізген қоғамдық зерттеуге назар салсақ, жасы алпыстан асқан газет оқырмандарының пайыздық саны 55,4 екен. Елу жастағы оқырман саны 41 пайыз болса, қырықтың ішіндегілер 27 пайыз. Отыз жастағы оқырмандар 18,2 пайыз ғана.
Жапонияда қай салаға қарасаңыз да бөлшек-бөлшек, минут-минутына дейін бәрін есептеп, қадағалап отырады. Мамандар әр жапон азаматы газет-журнал оқу үшін күніне қанша уақыт жіберетінін де анықтапты. Бұл елде он жасар баладан тоқсандағы қарияға деген газет оқиды. Жалпы жапондардың күніне газет оқуға жұмсайтын уақыты – 36,1 минут. Ал кітап, журнал және комикстерге 61,7 минут, яғни бір сағаттан сәл көп уақыт жібереді. Жапония тұрғындары орташа есеппен күніне бір сағат кітап пен журнал, жарты сағат газет оқиды деген сөз. Жапон азаматының жасы ұлғайған сайын газет-журнал оқуға жұмсайтын уақыты да көбірек екені байқалады. Жапон жасөспірімдері күніне 11,7 минутын газет-журналға арнаса, алпыстан асқан ақсақалдар 46,5 минут баспасөз беттерін парақтайды.
Дүние жүзі бойынша медиа саласында ғаламтор үстемдікке ие дегенімізбен, Жапонияда газет-журналға тек ақпарат көзі деп қарамайды. Жеке басындағы һәм қоғамдағы мәселені шешуге серпін беретін күш деп біледі. Бұған дәлел – Жапония тұрғындарының 89 пайызы айына бір рет қандай да бір мәселеге қатысты газет редакциясына хабарласады екен. Бұл жалпы жапон халқы баспасөз қызметкерлеріне сенім артады деген сөз. Жапон газеттері жаңалықты ақпарат агенттіктерінен де жылдам жеткізеді деген түсінік бар.
Адамзаттың санасын ғаламтор жаулап алды дегенімізбен, қазіргі таңда жапон газеттері әлемдегі ең тиражы көп басылым саналады. Іргелі жапон газеттерінің таңертеңгі және кешкі шығарылымдары миллиондаған тиражды құрайды. Мысалы, үздік бес ұлттық басылым санатындағы «Йомиури» газетінің күнделікті таралымы 10 миллионнан асады. Газеттерді үкіметке тәуелді емес корпорациялар басқарады, сондықтан жапон баспасөзі жалтақ емес, сөз қуаты мықты.
Шарафат ЖЫЛҚЫБАЕВА,
жапонтанушы