Экономика • 08 Қазан, 2019

Ет импортына тәуелді ел Еуразияны асырай ала ма?

638 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Біздің халық жылқының еті мен қы­мы­­зы бойға – қуат, ойға – шуақ бере­ті­нін айтып шалқып сөйлеуге құмар. Дас­тар­қан басында еттің пайдасы туралы екі сағат дәріс оқитындар да бар. Жалпы, қазақтың етқұмарлығы туралы әзіл-шыны аралас әңгіме, мақал-мәтел көп қой. Алайда қазір елдің бәрінің бірдей қазы кертіп жеп, саба-саба қымызды сапырып ішуге шамасы жете бермейтіні та­ғы рас.

Ет импортына тәуелді ел Еуразияны асырай ала ма?

Қарапайым халықты айтпағанда, мем­ле­кеттің азық-түлік қауіпсіздігіне қатысты саясатының өзінде бір олқылықтар бар деуге болады. Себебі тұрғындардың ет пен ет өнімдеріне деген сұранысын қана­ғат­тан­ды­ру­ға әлеуетіміз жеткіліксіз.

Жалпы, қазақтың етті көп жейтіні туралы әңгіме тек әңгімеде қалған сияқты. Қарап отырсақ, дүние жүзі бойынша етті көп жейтін елдердің тізімінде Люксембург деген «ергежейлі» мемлекет көш бастап тұр. Бұл елдің халқы жылына жан басына шаққанда 125 кило мал етін жейді екен. Одан кейінгі орында АҚШ – 123 кило. Үш­тік­ті 122 кило көрсеткішпен Аустралия түйін­дейді. Яғни қазақтардың «қасқырдан кейінгі екінші орын алатыны» туралы әзіл әңгі­менің шындыққа қатысы аздау. Жаңа Зелан­дияның төртінші орын алуы заңдылық, мал шаруашылығы жақсы дамыған, жері кең, жайы­лымы жеткілікті, импортты жолға қойған. Халық саны 5 миллионға жетпейтін елде 40 миллионнан астам қой, 9 миллион бастан асатын сиыр бағылады екен.

Испания, Канада, Израиль, Франция сынды мемлекеттер де біздің алдымызда. Оның үстіне бұл мемлекеттер мал етінен бөлек құс етін, теңіз өнімдерін ең көп тұты­на­тындардың тізімінде екенін айта кетейік. Қазақстан халқы етшіл елдердің алғашқы ондығына енеді. Статистика комитетінің хабар­лауынша, біздің халық жылына жан басына шаққанда орта есеппен 78 кило мал еті мен ет өнімдерін тұтынады. Бұл Люк­сембург, АҚШ, Жаңа Зеландиядағы көр­сет­кіш­тен екі еседей төмен цифр.

Жарықтық Абайдың өзі: «Аш қарын жұбана ма майлы ет жемей, тоқ тұра алмас дәмдіден дәмді іздемей. «Бір тойған – шала байлық» деген қазақ, ет көрінсе қайтеді күйсей бермей» депті. Ет жеуден қазақтар тар­тынбайды ғой. Мәселе бірінші кезекте оның бағасының қымбаттығына байланысты сияқты. Асханада ең көп тұтынатын және бағасы да қолжетімді саналатын сиыр еті соңғы 1 жылда 15 пайызға қымбаттапты. Былтыр сиыр етінің килосы 1 520 теңгенің төңі­регінде болса, биыл 175 теңгеге қым­бат­таған. Жылқы еті былтырғы 1800 теңге­ден 2 мың теңгеге көтерілген. Қойдың еті де 1450 теңгеден 1680 теңгеге жеткен. Ең аяғы тауықтың сирағы да 1 жылда 18,6 пайыз қымбаттап, 900 теңгеге жетіп қалыпты. Шұ­жық өнімдері де көтеріле түскен. Біз бұл жерде Статистика комитетінің соңғы деректерін тілге тиек етіп отырмыз.

Баға көтерілген сайын, ет жейтіндер де азая түскен көрінеді. Айталық биылғы жыл­дың соңғы тоқсанында жан басына шақ­қан­да желінген еттің көлемі 2 пайызға жуық құл­дырапты. Ең көп ет жейтіндердің көшін Қара­ғанды облысы бастаса, одан кейінгі орын­дарда Алматы мен Атырау облыстары тұр.

Мал шаруашылығы – атакәсібіміз санал­ға­нымен, соңғы 10 жыл бедерінде құрым, жүн өнімдері, ет пен ет өнімдері сынды төрт түлік малдан алынатын өнімді ше­телден импорттау күшейіп барады. Бас­қа­сын айтпағанда, соңғы 3 жылда шетелден әкелінетін жылқы етінің көлемі де көбейіп келеді.

2018 жылы Украина, Парагвай және Бела­русь елдерінен – 12 мың тонна сиыр еті, Ар­гентина мен Уругвайдан – 17 мың тонна жылқы еті, Ресей мен АҚШ-тан 132 мың тон­на тауық еті тасылыпты. Ресей мен Моң­ғолиядан 8 мың тоннаға жуық қой етін сатып алдық. Сөреде самсап тұрған шұжық пен ет өнімдерінің 30 мың тоннасы Ресей мен Беларусьтен келеді.

Кезінде Қазақстанның Кеңес құра­мын­да­ғы одақтас республикаларға астықпен қоса ет экспорттағаны белгілі. Қойдың саны 36 миллионнан асқан кезең мен қазіргі көрсеткіштің арасы жер мен көктей. Қазір Қазақстандағы қой-ешкінің жалпы саны 20 миллионға жетпейді. 8 миллион 200 мың сиыр бар. Еті ерекше бағаланатын жылқының саны 3 мил­лионға да жетпейді. Мал басы көбеймей тұрып, елді етке қалай қарық қылмақпыз?! Тәуел­­сіздік алғаннан бергі 30 жылға жет­пей­тін уақытта 18 министр ауысып, неше түр­лі аграрлық бағдарламалар қабылданған саланың әлеуеті елді өзіміздің етпен қамтуға жетпей тұр.

Қазақ елі агроөнеркәсіп кешенін дамыту арқылы болашақта Еуразия құрлығының азық-түлік себетіне айналуды жоспарлап отыр. Алайда ет экспорты емес, импорты ұлғайып бара жатқанын ескерсек, бұл межені бағындыру әзір мүмкін емес сияқты.