Қазақстан • 08 Қазан, 2019

Бақытты балалық қауіпсіз ортадан басталады

1319 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

«Бала – бауыр етің» дейді халқымыз. Үрім-бұтағының бала шағында алаңдап, болашағын бағамдап жүретін ата-ананың кіндігінен тараған ұрпағы үшін жар құлағы жастық тимейді. Сыртқа шықса уайымдап, сырқаттанса мұңайып, жанын қоярға жер таппайды. Тіршілік иесі титтей зәбір көріп зақымданса «сен ауырғанша, мен ауырайын» деп барын беруге, аузына тосуға дайын тұрады. Иә, сондықтан да ата-ана баланы тоғыз ай құрсағында, екі жыл кеудесінде, өмір бақи жүрегінде сақтайды.

Бақытты балалық қауіпсіз ортадан басталады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолда­уын­­да балаларға қатысты қыл­мыс­қа қолданылатын жазаны шұғыл түрде қатайту қажет екенін атап өткен болатын. «Жыныс­тық зорлық-зомбылық, педо­филия, есірткі тарату, адам саудасы, әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық және басқа да ауыр қылмыстарға, әсіресе, балаларға қатысты қыл­мыстарға қолданылатын жазаны шұғыл түрде қатайту қажет. Бұл мәселені шешуді Парламентке және Үкіметке тапсырамын», деген болатын Президент.

Әрбір әке-шеше қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқ­тыр­май, суыққа тоңдырмай, ыстық­қа күйдірмей өсірген өз баласын өзгеден өгейлік көрмей, жұмыр басты пенденің бәрінен жұмсақтық көргенін қалайды. Әрине, ел болған соң «бес саусақ бірдей емес» екенін ескеріп, жақсылық пен жамандықтың, ақ пен қараның, мейірім мен қаты­гездіктің қатар жарысып келе жатқанын әсте естен шығармаған абзал. Бүгінгі таңда қатыгез жан­дардың қатары қалыңдап бара жатқаны жасырын емес. Оның ішінде балаларды басынып, зорлық-зомбылық әрекет жасау­шылар да жетерлік. Негізінен, бүгінгі балдырғандардың арасында қоғамға қорқа қарайтындары көп. Көшеде жүрсе көңілді, үйге барса үрейленіп қалатын немесе шаңырағында шаттанып, түзге шықса түңіліп жүретін балғын балалар қаншама?!..

Оған дәлел ретінде өткенде Алматыда өгей әкесі қатты соқ­қыға жығып, екі жасар бала­ның қайтыс болуын айтсақ та болады. 23 қыркүйектен бастап бала жансақтау бөлімінде жатқан. 3 қазанда сәби ауыр жарақаттан көз жұмған. Алматы қалалық полиция басқармасы баланың қайтыс болғанын растады. Қазіргі уақытта қылмыстық іс сотқа дейінгі тергеуге жіберілген. Ұлды өз қолымен ауруханаға жеткізген қаскөй әке алғашында бала ойнап жүріп құлап қалды деп жалған мәлімет беріп, жалтармақ болған. Бірақ дәрігерлер оның соққыға жығылғанын бірден байқап дереу полицияға хабар­лай­ды. 34 жастағы азамат көп ұзамай қолға түсіп, баланы ұр­ға­нын мойындады. Күдіктіге әуелі Қылмыстық кодекстің 106-бабы, яғни денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіргені үшін айып тағылған. Одан кейін іс 99-баппен, яғни адам өлтіру фактісі бойынша қаралатын болды.

«Осы дерек бойынша Алматы қаласы Ішкі істер департаментінің Тергеу басқар­ма­сы қылмыстық істі өз өндірісіне алған болатын. Сезікті бірден ізін суыт­пай жатып қолға түсті. Ол кінәсін толығы­мен мойындады. Қазіргі таңда күдікті қамауға алынды. Бұған дейін ол ұрлық пен қарақшылығы үшін істі болған», дейді Алматы қалалық Полиция депар­та­ментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Иә, Қазақстандағы балаларға зорлық-зомбылық көрсету, жыныс­тық зорлау проблемалары қашан­да өзекті. Балалардың құқықтарын қорғау коми­тетінің ақпаратына сүйенсек, бүгінгі таңда полиция органдарында 9 мың­нан астам бұзылған отбасы тіркелген. Бұл отбасыларда 14,5 мыңнан астам кәме­летке толмаған балалар тұрады екен. Жыл сайын шамамен 1000 әке мен шеше ата-ана құқығынан айырылады. Небәрі 8 айда 4 мыңға жуық ата-ана міндеттерін орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

«Республикада 24 612 жетім балалар мен ата-анасының қам­қорлығынсыз қалған балалар бар десек, қамқоршылық, патро­нат­тық тәрбиедегі Қазақ­стан азамат­тарының отбасыларында, патро­нат­тық отбасыларда 19 633 бала өмір сүруде. Ал жетім балалар мен ата-ана­сының қамқорлығынсыз қалған бала­ларға арналған 107 ұйымда 4979 бала тәр­бие­ленуде. Жоғарыда аталған санаттағы барлық балалар мемлекеттің ерекше назарында. Олармен тәрбиелік және әлеуметтік жұмыстарды 289 мың мұғалім, 100 мыңнан астам сынып мұғалімдері, 4 мыңнан астам әлеуметтік педагог, 8 мың психология мұғалімдері, 2 мыңнан астам мектеп полиция инспекторлары, 140 мың қамқоршылық кеңестер мен ата-аналар комитеттерінің мүше­лері айналысып отыр», дейді Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің өкілдері.

Бас прокуратураның Құқық­тық статис­тика және арна­­йы есепке алу жөніндегі коми­те­тінің хабарлауынша, биыл 8 айда кәмелетке толмағандарға қа­тысты 1559 қылмыс дерегі тіркелген. Қазіргі уақытта Бас прокуратура, Денсаулық сақтау және Ішкі істер министрліктері бірлесіп, баланың құқықтарын қорғауды күшейту және тұр­мыстық зорлық-зомбылыққа қарсы тұру, жасөспірімдер арасындағы суицид мәселелерін шешу бойынша жол картасы әзірленуде. Айта кететін тағы бір жайт, білім беруді және ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдар­ла­масында қылмыстың алдын алуға, қиын өмірлік жағдайдағы кәмелетке тол­мағандарды оңалту мен қоғамға кірік­тірудің әлеу­мет­тік тетіктерін жетіл­діруге бағытталған шаралар кешені қарас­тырылған. Отбасының қолай­­сыз жағдайларына тап болған, ден­сау­лы­ғы мен дамуы­на қауіп төндіретін, қаты­гез­діктен зардап шеккен бала­лар­ға, жетім балалар мен ата-ана­сының қамқорлығынсыз қалған балаларға әлеуметтік, психо­ло­гия­лық және заңгерлік көмек көрсету үшін қиын және қиын жағдайдағы балаларға қолдау көрсететін елімізде 16 орталық бар. 14 кәмелетке толмағандарды бейім­деу орта­лығы жұмыс істеу­де.

Халықаралық тәжірибеге жүгінсек, көптеген елдерде бала­ларға қатысты зорлық-зомбылық үшін жаза күшейтілген. Мысалы, Германияда бала анасына то­лық тиесілі емес, тек 33 па­йыз­ға ғана тиесілі. Қалған жа­уап­­­кершіліктің жартысы әке­сі­не (33%) және кәмелетке тол­ма­ғандар ісі бөліміне тиесілі екен. Германияның Қылмыстық кодексі­не сәйкес, баланың физи­ка­лық, психикалық немесе руха­ни саулығына қауіп төнген жағ­дай­да, билік отбасына араласуы мүмкін.

Нұр-Сұлтан қаласындағы Ж.Жабаев атындағы №4-мектеп-гимназиясының педагог-психологы Мошке Аршагүл бала бақыты алдымен ата-анаға байланысты дейді.

«Бала адам өмірінің баға жетпес байлығы мен қазынасы. «Адам ұрпағымен, ағаш жапыра­ғымен көрікті» дегендей, адам ұрпағымен мың жасайды. Ұрпақ өмірдің жалғасы. Ендеше ата-аналар да саналы түрде бала үшін өмір сүріп, артында қалар ізінің айқын болуы үшін ғұмыр кешеді. Бала өмірінің қауіпсіздігі мен психологиялық саулығын қамтамасыз ету – отбасындағы әке-шешенің басты міндеті. Біздің әке-шеше ретіндегі ең басты қателігіміз – өмірге бала әке­лерден бұрын саналы түрде өзімізді психологиялық тұр­ғыда дайындамауымыз. Осы тұр­ғыда көп жағдайда отба­сын­да қарама-қайшылықтар туын­дап, ата-ананың өзара қарым-қатынасынан, үй ішіндегі туын­даған кикілжіңнен, түрлі тұрмыстық жағдайда балаларға зорлық-зомбылық жасалады. Сонымен қатар қоршаған ортада мектеп жасындағы оқу­ш­ылар арасында да кезде­сетін зорлық-зомбылық бала­ның психологиялық тұрғыда ағза­сына тікелей әсер етіп, жүй­ке­сін жұқартады. Осы жағдай­ларға байланысты кейбір жасөс­пірімдер психологиясы бұзы­лып, қатыгездікке бой ұруы әбден мүмкін. Мұның алдын алу үшін отбасында баланың ішкі жан дүниесімен көбірек сырласу керек. Себебі отбасы бала өміріндегі басты орын алатын жылы ұя. Мұнда бала гүл сияқты бүр жарып, күн сияқты жарық пен нұрға малынып өсуі керек. Өкініштісі сол, қазіргі қоғамда қазақ отбасыларында толыққанды отбасылардың саны көп, сапасы аз. Мұндай отбасында ешқандай бала гүл болып жайнап, күн болып нұрын шашпайды. Қорыта айтқанда, зорлық-зомбылықты болдырмау үшін әр адам рухани санасын жаңғыртып, қоғам болып күресіп, әрбір отбасының тірегі мен жүрегі ата-ана өз баласынан бұрын өздерінің рухани болмысын жетілдіру қажет», дейді психолог.

Айта кететін тағы бір жайт, 2016 жылдан бастап «150» байланыс орталығы жұмыс істейді, Министрліктің сенім телефоны – 742-528. Олардың қызметі қиын жағдайға тап болған балалар мен ата-аналарға консультативтік, психо­ло­гиялық, заңгерлік және басқа да көмек көрсетуге ба­ғыт­­талған. Кәмелетке толма­ған­­дар­дың құқықтарының бұзы­луын, зорлық-зомбылықты немесе қатыгез қарым-қатынасты анық­тау мақсатында 2019 жыл­дың наурыз айынан бастап Telegram мессенджерінде «BALA QORGAU» деген атаумен чат жұмыс істей бастаған. Бүгінгі таңда чатта 4 мыңнан астам қатысушы бар.

Өкінішке қарай, балаларға оларды қорғаудың барлық ықти­мал шаралары туралы ақпарат берілмейді. Мил­лиондаған балаларды зорлық-зомбы­лық­тан тек балалар құқығын қорғау және қамқоршылық комитеті ғана қорғай алмайды. Сол се­бепті азаматтық қоғамның – мұға­лімдердің, көршілердің, туыс­тардың, полицияның, дәрігерлердің, үкіметтік емес ұйымдардың, тіпті жолдан өтіп бара жатқан адамдардың да балаға деген көзқарасы нем­құ­райлы болмауы керек.