И.Крепактың робот техникасына, мобильді қосымшаларды бағдарламалауға деген қызығушылығы мектепте оқып жүрген кезінде артқан. Алғашқы жобаларының бірі «Ақылды құлып» 2016 жылы АҚШ-тың Кремний алқабында өткен байқауда үздік бизнес-идея атанып, өнертапқышқа 20 мың АҚШ доллары көлемінде инвестиция әкелген. Кейінгі жұмыстары да республикалық инновациялық жобалар байқауында үздіктер қатарынан табылды. Ол «Жүз жаңа есім» жобасының жеңімпазы ретінде Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесуге мүмкіндік алған. Ал екінші рет Елбасының қатысуымен өткен Жастар жылының салтанатты ашылу рәсімінде сөз сөйлеп, еліміздегі жастардың IT саласындағы жетістіктерімен бөліскен еді. Ол кезде И.Крепак Алматыдағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы болса, бүгін ол – Астанада жаңадан ашылған IT университетінің киберқауіпсіздік мамандығының 1-курс студенті. Өзі айтқандай, еліміздегі үздік мектепте білім алып, елордадағы жаңадан есігін ашқан IT университетінде кәсіби біліктілігін шыңдап, инновациялық жобалар арқылы Қазақстанның IT саласының дамуына үлес қосқысы келеді.
И.Крепактың осыған дейін нақты қанша жоба жасағаны есінде жоқ, алайда елеулі деген жұмыстарының саны оннан асады. «bLock» деп аталатын «ақылды құлыбы» – оның IT саласында танылуына себеп болған алғашқы жобасы. Аталған жобамен ол 2016 жылы Nur Otan партиясы ұйымдастырған Nurintech инновациялық жобалар байқауына қатысып, оқушыларға арналған аталымда жүлдегерлер қатарынан табылған. Ол ұсынған ақылды құлып шетелдік баламаларынан әлдеқайда арзан, смартфон арқылы басқарылып, бір бума кілтті алмастыра алады. Осылайша өнертапқыш жеке мүлік пен ақпаратты қорғаудың тиімді жолын ұсынған. Ол үшін смартфонда арнайы мобильді қосымшаны жүктеп, ақылды құлыпты сатып алу жеткілікті. Ал жобаның басты ерекшелігі – оның 30 м қашықтықта жұмыс істеуі, өзге елдерде жасалған баламалары құрылғының сигналын 10 м қашықтықта қабылдайды екен. Сондай-ақ И.Крепак ұсынған жоба, дәлірек айтқанда, 14 есе арзан. Дәл осы жұмысы Калифорния штатында өткен «Өз бизнесіңнің бастауы» байқауында «Үздік бизнес-идея» атанып, ақшалай сыйлық ұтып алған. Сондай-ақ «Жас әл-Фараби» ғылыми жобалар жарысында екінші атанып, Астанада өткен ұлттық инновациялық жобалар олимпиадасында алтын медальға қол жеткізген.
Осылайша алғашқы ірі жобасы сәтті шыққан И.Крепак Nurintech байқауынан жеңіп алған ноутбугында кезекті жобасын жасауға кіріседі. Нәтижесінде өзі секілді олимпиадалар мен жарыстарға жиі қатысатын достарына арнап «Жарыс» мобильді қосымшасын ұсынады. Қосымшада алдағы уақытта түрлі сала бойынша өтетін байқаулардың хабарландыруы мен пайдалы ақпарат бар. Бұл жобаны сынау үшін өнертапқыш Nurintech байқауының келесі жылғы іріктеуіне қатысады. Байқауда соңғы кезеңге дейін жетіп, «Әлеуметтік маңызды жобалар» аталымында екінші орынға ие болып, 500 мың теңге қаржылай сыйлық ұтып алады. Иван IT саласына жасаған сәтті қадамын осы байқаумен тығыз байланыстырады. Оның айтуынша, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей бастамасымен ұйымдастырылған жоба ол үшін сәтті болды.
«Елбасының жастарға, оның ішінде жастардың инновациялық бастамаларына үлкен мән беруі мен секілді оқушылардың идеяларын әлемдік аренаға шығарып, өз саласында танылуына көмектесті», дейді жас өнертапқыш.
Әрдайым жобаларының қоғамға пайда әкелуін көздейтін жас дарын мүмкіндігі шектеулі жандарға арнап «Voice-Komek» мобильді қосымшасын жазып шыққан. Жобаның көмегімен есту және сөйлеу қабілеті нашар жандар бір-бірімен еркін түсінісуге мүмкіндік алады. Қосымша дыбыстық сигналдарды мәтінге және керісінше мәтінді дыбысқа айналдыра алады. Автордың айтуынша, қазір құрылғы жеті тілді түсінеді, оның ішінде қазақ тілі де бар.
И.Крепак өзі оқып жүрген білім ордасы туралы ерекше тебіреніспен айтады. Себебі шетелдік және отандық үздік жоғары оқу орындарынан шақыртуы бола тұра, ол Astana IT University-ге қабылданған тұңғыш студенттер мен түлектер қатарында болуды таңдаған. Ол бұл таңдауын ең алдымен ЭКСПО аумағында орналасқан университеттің бай инфрақұрылымымен және оқу бағдарламасының тәжірибеге көбірек көңіл бөлетіндігімен байланыстырады.
«Бір салаға қызығушылық танытатын ортаға түскеніме қуанамын. Студенттер мен оқытушылар – бір топпыз. Ендігі арманым – оқу орнының инновация саласындағы кез келген мақсатыңды жүзеге асыра алатын орта екенін дәлелдеу», дейді ол.
Оның айтуынша, IT саласының киберқауіпсіздік, бағдарламалау және өзге де мамандықтарында білім алуға келген қыздардың көптігі оны таңғалдырған. Мұның керемет құбылыс екенін айтады. Қазір ол бағдарламалау, информатика, тарих, ағылшын тілі, математикалық анализ пәндерін терең меңгеріп жүр. Ақпараттық қауіпсіздік мамандығында бағдарламалау мен тарих пәндері ерекше рөл атқарады, дейді жас өнертапқыш.
«Компьютерлік бағдарламалардың әлсіз тұсын табу – ол бағдарламалау кодымен ғана емес, адамдармен де жұмыс істеуден тұрады. Бағдарламалау сабақтары компьютер және желімен жұмыстың қыр-сырын, ақпаратқа қол жеткізу мен сақтау жолын түсіндіреді. Ал құпия ақпараттың жария болуы секілді мәселелер әдетте адамдардың әрекетінен туындайды. Сондықтан қосымша тарих, психология негіздерін білу маман ретінде шыңдалуыма көмектеседі», дейді ол.
И.Крепак – еліміздің IT саласының дамуына үлесін қосқысы келетін жас дарындардың бір мысалы ғана. Қазақстанның әр түкпірінде инновациялық жобаларды жүзеге асыратын, болашақта мемлекетіміздің технология саласындағы әлеуетін көтеретін мыңдаған қарадомалақ білім алып жүр. Солардың дарынын кішкентайынан байқап, дұрыс жолды көрсетіп, жетекшілік ететін тәлімгерлер табылса игі. Сонда үкімет тарапынан осы салада жасалып жатқан игі бастамаларды жалғайтын ұрпақ ертең-ақ дайын тұрады.