ЮНИСЕФ-тің ұйымдастыруымен Қазақстанда балалардың дұрыс тамақтану мәселесіне арналған халықаралық симпозиумда Орталық Азия мен Кавказ елдерінде балалардың бойының өсу көрсеткішінен гөрі артық салмақ деңгейі тым жоғары екендігі туралы айтылды. Мамандар бала бойының өсуі бәсеңдеп, керісінше дене салмағы ауыр тартуы толымды тамақтанбаудан деп біледі. Аймақтағы балалардың 10 пайызының бойы жасына лайық емес, аласа.
Симпозиумда баланың бойы өспей, керісінше дене салмағының артуы оны қатерлі ауруға шалдықтыратыны айтылды. «Қазіргі замандағы балалар тағамы сапа тұрғысынан да, көлемі жағынан да жас ұрпақты қанағаттандырмайды» дейді мамандар.
Иә, бүгінгі азық-түлік өнімдерінің сапасы осыдан 20-30 жыл бұрынғымен салыстырғанда төмен. Тағамдар қандай дәрумендермен байытылса да тұтынушыны бұрынғыдай қанағаттандырмайтыны айтылып жүр. Тіпті нанның дәмі де өзгеріске ұшыраған. Өнімдер қоректілігі тұрғысынан табиғилықтан алыстап барады. Көп мөлшерде тамақтанса да жартылай аштықты сезіну, ас құнарлығына қанағаттанбау алдымен азық-түлік құрамындағы элементтермен байланысты, әрине.
Орталық Азияның басқа елдерін айтпай-ақ, Қазақстандағы азық-түлік туралы айтсақ, көтерілетін мәселе көп. Өнімдер өскен, өндірілген орыннан бастап, тұтынушыға жеткенше бірнеше технологиялық өңдеуден өтеді. Осы өңдеу барысында тағам өзінің азықтық сапасын жоғалтатыны айтпаса да түсінікті. Денсаулыққа пайдалы өнімдер табиғи сапасын жоғалтпай тұтынушыға жетсе дейміз. Бірақ дүкенде самсап тұрған, өндіруші «сапалы өнім» деп ұсынатын сүт, дәнді дақыл, жалпы кез келген азық-түлік түрі бұрынғы құндылығынан айырылған.
Бүгінде мысалы, дүкен сөрелеріндегі сүт өнімдерінің арасында бала денсаулығына зиянды тиер тауарлар аз емес. Неше түрлі микроорганизмдермен, дәрумендермен байытылған азық-түлік түрлерін көргенде «расымен табиғи ма?» деген сұрақ келеді көкейге. Тәтті жемейтін бала жоқ. Ал сол тәттілердің сыртындағы қағаз орауына қарасаңыз, ағзаға зиянды бояғыш заттар, қатерлі дерт шақырар қоспалары бар екенін көресіз. Дүниежүзілік азық-түлік жүйесінде тағамға қосылатын химиялық қоспаларға шектеу болғанмен, аз мөлшерде салынған қоспаның бала денсаулығына көп зиян тигізерін ешкім ойламайды.
ЮНИСЕФ өкілдері тағам сапасы мәселесіне келгенде денсаулық, ауылшаруашылық, білім, әлеуметтік қамсыздандыру тәрізді үкіметтік құзырлы органдар бірлесе әрекет етуі керек екенін айтуда.
Қазіргі заманда жас аналардың көбісі бұрынғы кезеңдегі әйелдер сияқты асты қолдан әзірлемей, сәбилердің қарнын дүкендегі дайын тағаммен тойдыруға әуес. Дайын бөтелке, құтылардағы балалар тағамдары қанша жерден табиғи болса да көбісінің құрамында зиянды химиялық заттар болатыны белгілі. Жүз пайыз табиғи өнім ұзақ сақталмайтыны белгілі. Өндірушілер тауар ұзақ сақталу үшін оның табиғи құрамына өзгеріс енгізеді. Мәселен, балдырғандарға анасы өз қолымен пісірілген ботқадан гөрі дүкендегі дайынын алуға әуес. Кейбір сондай ботқа қоспасының құрамында микотоксин барын ғалымдар айтып жүр. Микотоксиннің аз мөлшерде болуының өзі баланың бүйрек-бауырына ғана емес, жүйке жүйесіне де зиянды.
Дүкендегі сыртында «табиғи» деген жазуы бар шырындар мен жеміс езбелері де бала денсаулығына аса пайдалы емес. Өйткені бұл өнімдер құтыға құйылмастан бұрын бірнеше қайтара өңдеу, қайнату процестерінен өтеді. Ал ұзақ қайнатылған жеміс – көкөністер құрамындағы пайдалы элементтерді жоғалтатыны белгілі. Жалпы сәбилерге арналған тағамдардың қай түрі болсын, үздіксіз қолдана берсе, бала ағзасында ауытқулар болуы әбден мүмкін. Мысалы, 2004 жылы Ресей сарапшылары Батыс елдерінен келетін балалар тағамдары құрамынан генетикалық түрлендірілген ағзалардың көп мөлшерін анықтаған. Ғалымдар тағамдарда генетикалық түрлендірілген ағзалардың көбейіп кетуі адамзат тұқымын алдағы 100 жылда ұрпақсыз қалдыруы мүмкін деп дабыл қағуда.
Қазақстанда 6-9 жас аралығындағы балалардың 20 пайызы артық салмақтан зардап шегуде. Мектеп оқушыларының тең жартысы күн сайын тәтті, жасанды сусындарды ішеді. Қазіргі балалардың үштен екісі жасанды тағамға тәуелді. Көбі табиғи сүт, дәнді дақылдарды қаламайды, өйткені ағзасы жасанды тағамға үйреніп кеткен.
Дүниежүзі бойынша жаңа туған сәбилердің 20 пайызы жасанды тағаммен ауызданады екен. Ал нәрестелердің 70 пайызы үш айдан бастап жасанды тағамға көшетіні анықталған. Ғалымдар құрамы қалай байытылса да ана сүтіне ештеңе жетпейді деген ұстанымда. Анасы өзі қолдан әзірлеген жеміс сығындылары мен ботқаны ешқандай зауыт өнімі алмастыра алмайды. Жас аналардың көбі жасанды тағамдарды қазан ұстауға уақыты тапшы болған соң алатынын айтып ақталғанымен, бала денсаулығы үшін бұл қатерлі екенін ескере бермейді.
Шарафат ЖЫЛҚЫБАЕВА