Қоғам • 09 Қазан, 2019

Сапалы ауыз су мәселесі қаралды

523 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия елорда тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету және тұтынушылар құқықтарын қорғау тақырыбына арналған кеңейтілген отырыс өткізді.

Сапалы ауыз су мәселесі қаралды

 

Аталған комиссияның төрағасы Қуаныш Сұлтановтың басшылығымен өткен жиында Адам құқықтары жө­ніндегі комиссия мүшелері, Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Ермек Қизатов және «Астана су арнасы» МКК бас директоры Табиғат Зейнұлқабден өз  баяндамаларын жасады. Отырысқа заң шығарушы, атқарушы орган және сот өкілдері, «Астана су арнасы» МКК-нің, халықаралық және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.

Комиссия мүшелері елдің су ресурс­тарын ұлттың гендік қорын сақ­тауға қызмет ететін маңызды страте­гиялық объектілер ретінде қорғаудың маңыз­дылығын ерекше атап өтті. Елорда халқын сапалы сумен қамтамасыз етудің, тұтынушылардың құқықтарын сақтау мәселелері мен оларды шешудің жолдары талқыланды. Отырысқа қатыс­қандар өз ұсыныстарын білдіріп, «Ас­тана су арнасы» МКК-нің жұмысына қатысты ойларымен бөлісті.

Баяндама жасағандар инфра­құ­рылымдық міндеттерді – жаңа және сапалы су алу құрылғыларын, су құ­быр­ларын, коммуналдық желілер салу арқылы судың жеткізілуін қамтамасыз ету міндеттерін шешудің қажеттігін атап өтті.

Жиын барысында комиссия мүше­лері мен сарапшылар астана тұр­ғын­дарын ауыз сумен толық қамтамасыз ету, сондай-ақ тарифтік жоспарды қайта қарау мәселесін талқылады. «Астана су арнасы» МКК бас директоры Табиғат Зейнұлқабденнің ай­туынша, Нұр-Сұлтан қаласының ауыз су тарифі республика бойынша 11-орында. Со­нымен қатар ұйым басшысы қазіргі кезде арнайы білімі бар техникалық ма­мандардың жетіспеушілігі барын ай­тып өтті.

Оған қоса, Комиссия отырысында 16-27 қыркүйек аралығында Варшава қаласында өткен ЕҚЫҰ жыл сайынғы кеңесінің қорытындылары талқыланды. Қуаныш Сұлтанов тұжырымдар мен ұсыныстар Мемлекет басшысының, Парламент пен Үкіметтің назарына жеткізілетінін мәлімдеді.