Экономика • 09 Қазан, 2019

Ет пен сүт субсидиядан құр қалды

388 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Өткен аптада Мәжілісте 2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджетке енгізілетін өзгерістер мен толық­тырулар қаралды. Осы түзетулердің ішінде Қаржы министрлігі шаруалардың мал өсіруіне көмек ретінде берілетін 36,5 млрд теңгеге тең субсидияны бюджеттің шығыс бөлігінен қысқартып тастағаны белгілі болды.

Ет пен сүт субсидиядан құр қалды

Бюджеттің толықтырылған жобасын таныстырған Қаржы министрінің орынбасары Берік Шолпанқұлов мұны Ауыл шаруа­шылығы министрлігінің бір қа­ғаздарды уақытында бер­ме­­генін, сөйтіп сараптама жа­сал­­мағанын, оның сол себепті суб­сидияның қажеттігін дәлелдей алмағандығын айтты. Бірақ бұл сыныққа сылтау екені көрініп тұр. Өйткені талқылауға қатысып отырған Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров тиісті қағаздардың бәрі уақытында берілгенін айтты. 

Қысқасы, бұл жаңалықтан кейін жер-жердегі басшылықтың шаруаларға субсидия беріледі деп мал өсіруге жұмылдырған, сөйтіп ет пен сүт өндірісін ұл­ғайтамыз, азық-түлік қауіп­сіз­дігін күшейтеміз деген ниет­тері адыра қалды. «Маған мал өсі­ресің, 30 өгізше сатып алу­ға субсидия береміз деп қора салу­ға мәжбүрлеген еді. Енді оны бер­мейтін болса, мен мал бағумен ай­налыспаймын, егінімді өсіріп жүре беремін. Маған сол да же­теді», дейді Жамбыл ауданын­да екі жарым мың гектар жер­ге астық егіп жүрген шаруа Е.Сарым­сақов.

Әрине астық өсіру мал өсі­руге қарағанда жеңілдеу. Көк­темде тұқым сеуіп тастасаң, жаз­­да арамшөптен бір тазартып, күз­де бұйырғанын орып аласың. Сон­дықтан бірнеше мың гектарды жалға алған солтүстіктің шаруалары мен фермерлері негізінен астық өсірумен ғана айналысып келеді. Тек астық өсірумен айналысса да тамағы тоқ, қалтасы толық болары сөзсіз. Кезінде шаруаларға ұлан­ғайыр жерді жалға бергенде жайы­лымдық жерді сол бағытта ғана қолданасың, 1000 гектар алсаң – 50 бас,  2000 гектар алсаң – 100 бас мал өсіру керек деген сияқты талап болған жоқ. Ондай талап заңда қарастырылмаған  еді.

Алайда ет пен сүт өндірісі азайып бара жатқанына алаң­даған Үкімет 2018 жылдан бері мал ша­руашылығын, оның ішін­де етті ірі қараны молайту бағдарламасын қабылдағаны мәлім. Осының нәтижесінде мал бағатындарға субсидия бері­ліп, облыстар мал басын аздап та болса көбейте баста­ған. Енді сол жұмыс Қаржы ми­нистрлігінің шешімімен сап тыйыл­мақ. Осыған қарағанда бұл министрлік еттің сырттан әкелінгенін қолдайтын сияқты. Соның ішінде Қытайдың импортын қолдайды деп ойлап қалуға да болады. Өйткені жуырда ғана осы министрліктің Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орын­басары Ө.Бейспеков басқар­ған делегация ҚХР өкілдерімен Қазақстан-Қытай шекарасында «Жасыл дәліз» ашу туралы келісім жасаған еді. Келісімде қазақстандық «Нұр жолы» мен қытайлық «Қорғас» шекаралық бекеттерінде Қытайдан Қазақ­станға енгізілетін  ауылшаруа­шылық өнімдерін жылдам өткізу шаралары қамтылған. Бұл онсыз да қаптап кеткен қытайдың тамақ өнімдері елімізде көбейе түседі деген сөз.

Әрине бұл келісімнің субсидияны қысқартуға қатысы болмауы да мүмкін. Алайда мал басын көбейтуге бағытталған субсидияның қысқартылғаны қытайлық импорттың көбейіп, отандық ет пен сүт өндірісін азайтуы әбден мүмкін.

 

Солтүстік Қазақстан облысы