Аймақтар • 09 Қазан, 2019

Емізік жұтқан сәби аман қалды

377 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Жазым болса быламыққа тіс сынар» демекші, бейнеттің жеңілі жоқ және тап болмайтын жері де жоқ.

Емізік жұтқан сәби аман қалды

Жаңаөзен қаласының екі  жа­сар тұрғыны Абылайхан Саты­балды ойнап отырып аузындағы емізікті жұтып қойған. Шашал­ған баланы ата-анасы шұғыл Маңғыстау облыстық балалар ауру­ханасына жеткізеді. Ал бұл кезде  тоқтаусыз құсып, әлсіре­ген балдырғанның денесі құрғай бастаған болатын.

Ақтау қаласындағы балалар ауруханасына жеткізілген бойда дәрігерлер баланы рентгенге түсіріп, ішекте кедергі барын анық­тап, шұғыл эндоскопиялық ота жасайды. Маңғыстау облыс­тық көпбейінді балалар ауруха­насы травмотология-ортопедия бөлімінің меңгерушісі, жоға­ры санатты балалар хирургі Құр­­ман Қайрановтың айтуынша, ал­ғашында диагноз қою қиын болған, себебі рентгенге т­үсіргенде емізік көрінбеген, алайда ішек өткізбеушілігінің белгісі болған.

Егер де ата-ана уақтылы дәрігерге хабарласпағанда бала­ның эксикозға түсіп кетуі мүмкін еді, себебі тамақ пен су ішпеген жағдайда дене құрғап кетеді, нәтижесінде әлсіздік пайда болады. Бұл жерде ең бастысы бала уақытында жеткізіліп, оған жедел көмек көрсетілді. Имфузиялық ем тағайындалды. Бүгінде эндос­­копиялық хирургияның дамы­ғаны соншалық, үлкен кесінді жасамай және ішкі құрылысын ашпай, ішіне кіріп қажетті көмек жасалып отыр. 

– Ауруханаға алғашқы түскен кезі ауыр деуге болады. Себебі ішкен астың барлығын кері қай­тарып жатты. Бозарып, тамақ пен су іше алмағасын шөлдегені соншалық баланың денесі құр­ғай бастаған. Ата-анасының рұқсатын алып, ота жасалды. Ота сәтті аяқталды, баланың қазіргі жағдайы жақсы, тамақ пен сусын ішіп жатыр. Менің 21 жылдық тәжірибемде осыған ұқсас жағ­дайлар болып тұратын. Көбіне тиын, пластикалық кішкентай ойыншық, жұлдызшаны жұтып қойған баланың өңешінен алып жүрміз, – дейді дәрігер Қ.Қай­ранов.

Қиын жағдайды болдырмас үшін дәрігерлер ата-аналар балаға мұқият болса дегенді айтады, әсіресе кішкентай баланың әрбір қимылын қадағалаған дұрыс.

Қазір «емізік жұтқан ердің» жағдайы жақсы, денсаулығына төніп тұрған қауіп жоқ. Енді екі  жасар Абылайхан Сатыбалды үйіне жіберілмек.

 

 

Маңғыстау облысы