Руханият • 09 Қазан, 2019

Вашингтонда қазақ қолөнерінің тарихына арналған симпозиум өтті

405 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Вашингтондағы Ұлттық сәулет музейінде «Қазақстанның сәндік-қолданбалы өнері және креативтік экономика» атты симпозиум өтті. Әлемдегі алдыңғы қатарлы музейлердің бірі Смитсон институтының мамандары және Ә. Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінің  жетекші ғалымдары мен зерттеушілері баяндама жасаған өнер жәрмеңкесі АҚШ-тағы Қазақстан Елшілігінің қолдауымен жүзеге асып отыр.

Вашингтонда қазақ қолөнерінің тарихына арналған симпозиум өтті

Өзінің бастау бұлағын көшпелі сақ мәдениеті мен Ұлы Жібек жолынан алатын қазақ халқының сәндік-қолданбалы өнері мен қол өнер бұйымдары әлем елдерінен келген музей қауымдастығының қызығушылығын оятты. Ә.Қастеев атындағы өнер музейінің қорында  мұражай қызметкерлерінің бірнеше буыны еліміздің түрлі өңірлері мен қазақ диаспоралары тұратын шет елдерден жылдар бойы жинаған, зерттеген қазақ сәндік-қолданбалы өнерінің қомақты коллекциясы сақталған. Бұл тұрғыда аталмыш өнер ұжымы монографиялар, мақалалар мен көркемсурет альбомдарын жариялайтын, қазақ өнерін індете зерттейтін алдыңғы қатарлы ғылыми орталықтардың бірі екенін айта кеткен жөн.   

– Екі музей бірнеше бірлескен жобаны табысты атқарды. «Қазақстанның сәндік-қолданбалы өнері және креативтік экономика» симпозиумы әлемдегі қазақтың халықтық қолданбалы өнерін дамыту жөнінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасындағы маңызды оқиға болып отыр. Симпозиум Craft2Wear Show көрмесі мен Қазақстан Қолөнершілер одағының «Қазақстан: Тәңір жаны» қазақ өнері аясында өтті. Смитсон институтының Әйелдер комитеті жыл сайын ұйымдастыратын Сәндік-қолданбалы өнер шоуы беделді қолданбалы өнер алаңы болғандықтан, АҚШ пен әлемнің тамаша суретшілері мен дизайнерлерінің жұмыстарын экспозициялайды, – дейді профессор Гүлмира Шалабаева. 

Әлем мәдениетінің үздік өнертанушылары бас қосқан жиында қазақтың сәндік-қолданбалы өнерінің айрықша қырларын ашатын «Қазақ кілемдері – ұлттық мәдени мұраның бірегей бөлігі», «Қазақстан кескіндемесіндегі көшпелі өркениет образдары», «Заманауи қазақ қолданбалы өнеріндегі және дизайнындағы ежелгі символдар», «Қазақстанның халықтық және заманауи зергерлік өнеріндегі көшпенділердің мәдени дәстүрлері», «Ұлы дала қазыналары: қазақ Тутанхамоны» тақырыптарында оқылған баяндамалар  Американың ғылыми қоғамдастығына Ұлы дала өркениетімен тереңірек танысуға мүмкіндік берді. Смитсон институтының ғалымдары  Пол Майкл Тэйлор, Джаспер Во-Квозебарт, Роберт Понтсиоэн, Супамас Снитвонгзе, Иниго Акоста және Джаред Коллер қазақстандық әріптестермен пікірталасқа түсіп, сәндік-қолданбалы өнерді салыстырмалы талдаудың үлгілерін көрсетті.

Симпозиумды ұйымдастырушы, Азияның мәдени тарихын зерттеу бағдарламасының директоры, доктор Пол Майкл Тэйлор: «Бұл симпозиум дәстүрлерді жақындастырып, озық мәдениеттерді бір арнада тоғыстыратын алаң. Жаһандық өнертанушылар үшін Қазақстанның сәндік-қолданбалы өнерін зерттеуге жаңа мүмкіндіктер тудырып отыр» деп атап өтті.

«Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында айтылғандай, далалықтар ежелгі дәуірде киімдер мен басқа да түрлі заттарды  жасау үшін теріден, киізден, жүн мен зығырдан әзірленген материалдарды пайдаланды. Дала өркениетінің қоршаған әлеммен және табиғатпен үйлесімі заманауи қолданбалы өнер элементтерінде де көрініс тапты. Қазақстанның символдарының бірі – Барыс – осының айғағы. «Рухани жаңғыру»  бағдарламасын жүзеге асыру аясында атаулы шара Ұлы даланың дүниетанымы мен халықтық құндылықтардың, біздің бабаларымыздың тарихи шежіресінің бір бөлшегі»,- деді айтулы шараға қатысқан АҚШ-тағы Қазақстанның Төтенше және Өкілетті Елшісі Ержан Қазыханов.

Соңғы жаңалықтар