Спорт • 09 Қазан, 2019

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер марапатталды

276 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елордада бокс, күрес түрлері, ауыр атлетика мен спорттық құзға өрмелеу бойынша әлем чемпионаттарының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттау рәсімі өтті. Салтанатты шараға Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті Тимур Құлыбаев қатысты деп хабарлайды Olympic.kz.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер марапатталды

Қазақстандық боксшылар Екатеринбургте өткен әлем чемпионатында алты медаль жеңіп алды. Бекзат Нұрдәулетов әлем чемпионы атанса, Қамшыбек Қоңқабаев әлем чемпионатының күміс жүлдесіне ие болған-ды. Ал Сәкен Бибосынов, Тұрсынбай Құлахмет, Василий Левит және Абылайхан Жүсіпов әлем біріншілігінің қола жүлдесіне қол жеткізген еді.

Нұр-Сұлтанда күрес түрлерінен өткен лицензиялық әлем чемпионатында кілем иелері жеті жүлде жеңіп алды. Грек-рим күресінен Хорлан Жақанша, еркін күрес шеберлері Нұрқожа Қайпанов пен Дәулет Ниязбеков әлем чемпионатының күміс жүлдегерлері атанды. Грек-рим күресінен Алмат Кебіспаев, Мейрамбек Айнағұлов, еркін күрестен Нұрислам Санаев және әйелдер күресінен Валентина Исламова ел қоржынын қола жүлдемен толықтырды. Сонымен қатар елорда кілемінде белдескен қазақстандық балуандар Токиода өтетін жазғы Олимпия ойындарына  сегіз жолдама ұтып алды.

Ауыратлет Игорь Сон Таиландта өткен ауыр атлетикадан әлем чемпионатында күміспен күптелді. Жапония астанасы Токиода спорттық құзға өрмелеуден әлем чемпионатында отандасымыз Ришат Хайбуллин қола жүлдемен қатар, Токио Олимпиадасына жолдаманы жеңіп алды. 

Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысына сәйкес, әлем чемпионаттарында жоғары нәтиже көрсеткені үшін алтын медаль иегеріне – 15 000 АҚШ доллары, күміске – 7 000 АҚШ доллары, қолаға – 5 000 АҚШ доллары көлемінде ақшалай сыйақының сертификатымен марапатталды.

Сонымен қатар сыйақыға ұлттық құрама бас бапкерлері, спортшының бірінші бапкері және жеке жаттықтырушылары мен ғылыми-кешенді топтардың өкілдері ие болды.

«Осындағы барлық спортшылар атынан еліміздің Ұлттық Олимпиадалық комитетіне, Мәдениет және спорт министрлігіне алғыс айтқым келеді. Тек қана ресми салтанатты шараларда ғана емес, рингте, татамиде, кілемге шығарда, кез келген жарысқа дайындық барысында біз дәл осындай қолдаудың барын сеземіз. Бізге артылған үмітті, сенімді ақтау үшін ешқашан аянып қалмаймыз! Спортшы болғаннан кейін әлемдік аренада ел намысын абыроймен қорғау – біздің Отан алдындағы борышымыз, парызымыз деп білемін. Көк тудың көкте желбіреп, әнұранымызды бүкіл әлем алдында мақтанышпен шырқау – бізге рух беріп, жігерлендіреді», деді бокстан әлем чемпионы Бекзат Нұрдәулетов.