Руханият • 10 Қазан, 2019

Қарашаңырақтағы қарапайым қағида

787 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

«Қарашаңырақ» ұғымы өткен ғасырдың еншісінде қалып қойған жоқ па? Бүгінде ол қандай болуы, тәлім мен тәрбиенің ошағынан қандай ұстанымды өзек етуіміз керек? Жыл басында неміс басылымдарының бірінен ата мен немере, балаға бірге тұруға мүмкіндік беретін әлеуметтік жобаның қолға алынғанын оқыдым. Жоба бойынша мегаполис қалалардың айналасынан екі қабаттан тұратын үлкен үйлер салынатын көрінеді. Бұл бас­тама неміс қоғамы тарапынан қолдауға ие болған. Кейін белгілі болғанындай, мұндай жобалар Оңтүстік Корея мен Жапонияда да жүзеге аса бастаған көрінеді.

Қарашаңырақтағы қарапайым қағида

Жоба бойынша ата-әже мен немерелердің бірге тұ­руы­на қо­лайлы жағдайдың бәрі жа­сал­мақ. Әзірге, тәжі­ри­бе ретінде қол­­да­нысқа енгелі жатқан бұл қанатқақты жобада бағын сынап көрмек болғандардың қатары күн өткен сайын көбейіп келе жат­қан көрінеді.

Қала тұрмысы ата-апаларымызбен бірге ауыз үйдің ортасына дөңгелек үстелді қоя салып, аз-көп болсын, бөліп-жарып таң­дайға татырлық балдай етіп шай ішіп отыратын кезеңдерді өткен күннің еншісіне ұзатып жібергендей. Батыс қазақтың қара шаңы­рағының құдіретінің барына мойынсұна бастағандай.

Ал біз ше?.. Ғалымдар та­рих­­та отбасы институты инди­вид­тен гөрі қоғамға қызмет көр­­­сете бастағанын айтады. Қа­­зір­гі отбасының құндылығы өз­­геріске ұшырап, отбасылық мін­­деттері мен ажырасқаны үшін жауапкершілік те азайды. Қара­шаңырақ – осы отба­сы­лық дәстүрді ертеңге алып баратын құнды жүйе екенін естен шығармауымыз керек.

Бұл ата мен немереге, ба­уыр мен шөпшекке тәлім-тәрбие үлгі­сін көрсететін салиқалы мек­теп. Тәлім-тәрбиенің үр­дісі сол қара­шаңырақтағы өне­гелі істерден өріс алып жата­ды.Ондағы әрбір өнеге болар­лық іс үрім-бұтаққа сеп болып жатса қуанарлық іс деп біліңіз. Ата тәлімінен үлгі алып жат­қан ба­ланың үйренген өнегелі ең­бе­гі сабақ. Соның өзі өз­геге үйрете алса үлкен үлгі.

Батыс елдерінде отбасы­ның негізгi діңгектері сөгіліп бара жатқаны жасырын емес. Мәселен, Исландияда неке­сіз туған балалар саны – 65 пайыз, Эстонияда – 56 пайыз, Швецияда – 55 пайыз, көр­ші Ресейде 30 пайызға же­туі отбасы институтының күй­рег­е­нін білдіреді.

Қазақстанда әлі күнге дейін ата-әженің рөлі жоғары баға­ланатын «үлкен отбасы» үлгісі сақталып келгенімен, бұған да қауіп жоқ емес.

1970-1986 жылдары Қазақ­стан Компартиясы Орталық комитетінің бюро мүшесі, Ал­маты қаласының басшы­сы, Алматы облыстық партия комитетінің бірінші хат­шы­сы болған Кеңес Аухадиев бірне­ше жыл бұрын журналис­тер­мен кездескен кезде отбасы инс­титутындағы қараша­ңы­рақ керегесінің тарылуына қазақтың қалалық ұлтқа айнала бастауы үлкен әсер еткенін жеткізген еді. Себебі ауылда қалған әке-шешенің қалалық бо­лып кеткен ұл-қызымен бір­ге тұруға мүм­кіндігі қалмады.

«1970-1980 жылдарға дейін құ­рылыс жобаларында таза ауа­мен демалуға мүм­­кін­дік бе­ретін балкон мүл­­дем еске­ріл­­меді. 1980 жыл­дары ғана біз балконды жоба­­лауға рұқ­сат ала алдық. Біз мұны қазақ­тар­­ға ғана ар­нап жо­ба­ла­дық. Се­­бебі қазақ­тың ұл­ының со­ңы­­­нан көшіп келу үр­дісі сол жыл­­­дардан бас­тал­ды. Кезін­де ауыл­­дағы қазақ аналары­­ның қал­а­ға кө­шін Асқар Сүлей­­ме­нов, Асанәлі Әшімов, Әбіш Ке­кіл­­баев­тардың ана­лары бас­­тады» деген еді Кеңес Аухадиев.

Қазір еркіндік...

Қала шетінде 300-500 шаршы метрден асатын зәулім коттедж­дер салынып жатыр. Қазіргі жағдайда жеті атасымен бірге тұруға мүмкіндік бар. Тек көңіл сыйса болғаны. Бі­рақ «үлкен әулет болып тұ­рып жатыр» де­ген­ді сирек естиміз.

Атаның батасы, әженің әң­гі­месі, ертегісі, әкенің өне­ге­сі, ше­шенің тәрбиесі – ба­лаға үл­кен тә­лім. Олар тә­лім-тәрбие беру­­мен қатар бала бойында ақыл-қай­рат, білім-тағылым алу қасиет­терін дамытуға үнемі кө­ңіл аударып, жете мән береді. Осыдан бала отбасы мүшелері арасындағы ең жарасты, сыйлы қарым-қатынастардың куәсі болып, үлгі-өнеге алады.

Ата мен әже бала үшін қашан да мереке. Себебі ата-ана­сы сал­ған тыйымға қариялар кашанда көз жұма қарайды. Мысалы, ар­тық тәттіге деген әуесін қан­ды­ру, қалаған ойын­шығын мөл­шерсіз иелену деген сияқты. Әсем­­дік­ке құмар Франция елінің бал­дырғандарының басым бөлігі ата-әжелерін тек демалыс күндері ғана көре­ді. Себебі аталған елдің қария­лары немерелеріне бесік жы­рын жырлағаннан гөрі, әр­леніп алып өз замандастары­мен мейрамханаларда қызыл шарап үстінде әңгіме-дүкен құруды жөн санайды екен. Үл­кендердің өмірлік тәжі­ри­бе­сімен алмасуға, ақыл-кеңе­сін тыңдаудан шет қал­ған бала тәрбиесімен тек қа­на ата-анасы айналысады. Ал үлкендер тәрбиесін көр­ген бала көпшіл, байыпты, сал­мақ­ты болып өседі. Қазақ хал­­қы ата салтын, данышпан-абыздарын, қарияларын қа­­ша­нда қадірлеген. Ұрпағы өзі тәрбие алған ата-ана­сымен қатар, ата-әжесінің де абы­ройын асқақтатуға асыққан. Баладан «кімнің баласысың?» деген сұраққа бірінші кезекте әкесінің емес, атасының есімін атаған болатын. Тымағы мен қолынан таяғы түспейтін шежірелі қариялар мен кеңетек көйлекті, ақ жаулықты, жүздерінен жылы мейірім төгіліп тұратын әже бейнесі әр қазақ баласы үшін ұлы бейне, орны ерекше әрі қа­­дірлі жандар. Қариялардың тәрбиесі арқылы бала жақсы-жаманды ажыратып, үлкен-кішіні сыйлай білуге дағдыланады. Дана халқымызда «Бесік жырын естімегеннен не адамшылық күтесің» деген нақыл сөз бар емес пе?! Осыдан баланың мі­нез-құлқы салмақты қа­лып­­тасып, шаруаға бейім, ті­лал­ғыш, мейірімді болып өсе­ді. Үлкендердің тәрбиесін ал­ғанды халық «тәрбиелі бала», «көргенді бала» деп ба­ғалап жатады. Себебі бала олар­дың мейірімі мен жүрек жылуына бөленіп өседі. Қария­лардың баланы үнемі той-то­малақ, жиын, ас, тіпті жа­на­заға ертіп баруының да тәр­биелік мәні бар. Көріп, танып, біліп, көңіліне тоқып, ой түйсін дейді. Міне, тәрбиенің осын­дай әдісін қолданған хал­­қы­мыздың ұрпағы, шү­кір, елінің еңсесін түсіріп жат­­қан жоқ. Қазіргі белді қо­ғам азаматтары, қоғам қай­рат­керлері үлкендердің алдын, тәрбиесін көр­гендер, адамгершілік, иман­дылық сезімдері ояу, қайы­рымды, ілти­патты, қамқор жандар. Осындай үр­діске енді бет бұрып жатқан батыстықтар бұ­дан опық жемейді деп ойлай­мыз. Еркіндік, адам құқ­ығы деп жар салған батыстық­тар қоғамдағы өнегесіз қы­лық­тарға (бір жыныстылардың неке­сі, жынысын өзгерту және т.б.) да жол беріп қойды және руха­ни тәрбиеден алшақтап қал­ға­ны байқалады. Ал бір шаңы­рақ­тың астында бірлесе өмір сүру – үлкендердің өмір­лік тәжі­рибесімен алмасу, ақыл-кеңесін тыңдау, жақ­сы мен жаманды ажырата білуді үйрену, ата-ана­сының ғана емес, ата-әжесінің де ыс­тық алақанын, мейірімін сезін­у дегенді білдіреді. Бұл әңгімеден аңғаратынымыз, өсіп-өнген от­басы қашанда елдің ұйыт­қысы. Олардың өнегелі ісі көп­ке тәрбие құралы болып ке­леді. Қарашаңырақ – қашан­да тәр­бие құралы. Осы мақа­ланы жазып отырғанда досым телефон шалды, балам үй­ле­ніп, соның құдалығында отыр едім дейді. Сөз арасын­да қарашаңырақтан кім бар еке­нін сұрап едім, ол «қара­­ша­ңы­рақтың иесі Сартай келді», деді. Жалғастық деген де осы.

 

АЛМАТЫ