Қоғам • 10 Қазан, 2019

Жұмыс көп, істеймін деген ынта жоқ

587 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жыл басынан бері облыстық көші-қон полициясының қызметкерлері 3145 заңсыз мигрантты әшкерелеген. Олардың басым бөлігі белгіленген мерзім ішінде тіркеуге тұрмаған. Қайсыбіреулері еңбек келісімшартын толтырмай, жұмысқа орналасқан.

Жұмыс көп, істеймін деген ынта жоқ

Бірде көз танысым жұмысқа орнала­суға қол ұшын беруімді өтінді. Өзінің айтуына қарағанда, жұмыс жоқ.

– Қолайыңа қандай жұмыс жаға­ды?–деп сұрадық біз.

– Жұмысы аз, жалақысы көп, – деп жы­ми­ды әлгі.

Қалжыңдап тұрған шығар деп едім, шынын айтып тұр екен.

– Ондай жұмыс табылса, өзім-ақ орналасып алмаймын ба?, – деп жауап қаттық әзілге сүйеп.

Жаңағының жарты ауыз сөзі себеп болып, қалалық жарнамалық га­зет­т­ерді сүзіп шықтық. Жұмыс ізде­ген­нен жұмыс­шы іздеген мекеме, кә­сіпорын көп екен. Әсіресе, газэлектр дәнекерлеуші, сылақ­шы-сыршы, то­карь, слесарь, ауыр жүк көлі­гін жүр­­гізушілер... Жұмыс берушілер жа­­­лақы­­­сына дейін көрсетіпті. Оған қо­са жұмыс­­­­шыға қандай әлеуметтік-тұр­мыс­тық жағдай туғызылатынында. Демек, жұ­мыс бар.

Тағы бір дәлел келтіре кетелік, Ақ­мо­ла облысында үстіміздегі жылдың ба­­­сы­­­нан бері 6844 еңбек мигранты тір­ке­­ліп­ті. Олардың екі мыңнан астамы ең­­бек келісімін ұзартқан. Саралап қа­ра­са­ңыз, алыс-жақын шетелден келген әлгі жұмысшылар негізінен ауыл шаруа­шы­­лы­­ғы мен құрылыс саласында еңбек етеді екен.

– Мемлекеттік қызмет көрсету стан­дар­тының бекітілген ережесіне сәй­кес егер тір­кеуге тұру электронды портал ар­қылы жү­зеге асса, бар-жоғы 15 минутты қам­ти­ды, – дей­ді облыстық көші-қон қыз­меті бас­қар­масы бастығының міндетін ат­қа­­ру­­шы Ақылбек Мәдіғұлов, – бұл та­рапт­а еш­қандай қиындық жоқ. Солай бола тұра, тір­келмей жұмыс істеушілер азай­май отыр. Әсі­ресе, көктем мен күз мезгіл­де­рін­де дү­меп кетеді.

Егер өлкеде жұмыс болмаса, жаңағы жеті мыңға жуық еңбек мигранты не іс­теп жүр? Ал жергілікті жұрт бір-бірі­мен уәде­лесіп қойғандай ауыздарын қу шөп­пен сүртіп, «жұмыс жоқ» деп жайба­рақат отыр. Тегі көп нәрсенің төркіні өзіміздің енжар­­лығымыздан-ау.

 

Ақмола облысы