Қазақстан • 10 Қазан, 2019

Жарты миллиард қаражат мемлекетке өндірілген

210 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Солтүстік Қазақстан облыстық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің басшысы Ернар Баянғазиннің мәлімдеуіне қарағанда, осы қызметтің тоғыз айдағы іс-әрекетінің арқасында мемлекеттің кірісіне 600 млн теңгеден артық қаржы өндіріліп алынған. Бұл туралы шенеунік аймақтық коммуникациялар қызметіндегі брифингте жария етті.

Жарты миллиард қаражат мемлекетке өндірілген

Өзінің сөзінде Е.Баянғазин департаменттің қызметі жазалау бағытына емес, қылмыстың алдын алуға бағдар алғанын атап өтті. Соның өзінде үстіміздегі жылы 105 қылмыс тіркелген. «Барлығы 211 қылмысты іс бойынша тергеу жүргізілді, оның ішінде 142 іс соттың қарауына жіберілді. Тергеуі аяқталған қылмысты істер бойынша 616,4 млн теңгенің залалы анықталып, оның 608,7 млн теңгесі қалпына келтірілді. Сонымен бірге 58,8 млн теңгенің мүлкі тұтқындалып отыр», - деді Ернар Баянғазин.

Сыбайлас жемқорлыққа қол былғағандардың арасында 9 адам мемлекеттік органдардың басшысы болған. Оның төртеуі облыстық, бесеуі аудандық деңгейдегі бастықтар болып шыққан. Барлық сотталғандардың саны - 27 адам.

Брифингтің барысында БАҚ өкілдері «пара берме!» деген челленджді қолдайтындарын жариялады. Қазір оны Қазақстанның барлық аумақтары қолдап отыр. Алайда Ернар Баянғазин адамның сана сезімі өсіп, пара алу мен беруден тыйылуға көздерін жеткізбесе, ешқандай насихатшыл ұрандардан нәтиже шықпайтынын айтты.

«Мәселені тек пара беру арқылы шешудің өзі – қоғамның кері кетуіне әкелетінін әрбір адам ұғынуы керек. Сонда ғана біз бұл індеттен арыламыз» деді Ернар Баянғазин.

 

Солтүстік Қазақстан облысы