Қазақстан халқы Ассамблеясы өкілдері қадірлі қонақты шашу шашып қарсы алды. Илияна Йотова қазақтың қымызын ішіп, болгар диаспорасы өкілдері әзірлеген дастарханнан дәм татты.
Облыс әкімінің орынбасары Асхат Оралов шетелдік мейманды өңірлік этно-мәдени бірлестіктердің қызметімен таныстырды. Қазір жергілікті Ассамблеяда 24 бірлестік, 50 шығармашылық ұжым қызмет істейді.
Сонымен бірге Қант Дәржұман атындағы Ұлттық жаңғыру мектебінде 18 тілдік үйірме, болгар тілінен сабақ беретін мектеп те бар. Мектепте Болгариядан келген оқытушы дәріс беруде.
- Әртүрлі ұлттарға деген қолдаулары үшін қазақ еліне алғыс білдіремін, - дейді Илияна Йотова. – Менің сапарымның мақсаты – Жаңғыру мектебінде болгар тілін оқытуға қолдау көрсету, болгар тарихы, мәдениеті мен тілін үйрететін жексенбілік мектеп ашу.
Ал Валентина Шатова басқаратын облыстық «Болгар ұлттық мәдени орталығы” қоғамдық бірлестігі 2002 жылы құрылды. Орталықта “Лазарки”, “Българска Роза” шығармашылық ұжымдары жұмыс істейді. Бірлестік “Родно слово”, “Раушан гүлдер мерекесі” сияқты ұлттық мерекелерін өткізеді. Орталық Республикалық болгарлар орталығымен тығыз байланыста.
Сонымен бірге өңірдегі Ақтоғай, Ертіс, Қашыр аудандарында болгар орталығының филиалдары бар.
Жергілікті болгарлар ата-бабаларының қазақ даласына Х ғасырдың басында қазақ даласына Украина және Бессарабиядан, екінші толқыны да 1941-44 жылдары Қырым мен Бессарабия болгарлары күштеп қоныс аударғандарын еске алады.
Бұл күндері елімізде тұратын 4,5 мың болгар халқының біздің өңірімізде бір мыңға жуығы тыныштық пен бірлікте өмір сүруде.
Өңірге келген Илияна Йотованы облыс әкімі Болат Бақауов қабылдады. Кездесу барысында тараптар екіжақты әріптестікті дамыту мәселелерін қарастырды.
Болат Бақауов пен Илияна Йотова іскерлік, мәдени-гуманитарлық қарым-қатынастарды нығайтуға мүдделілігін танытты.
Бұл күндері екі ел арасындағы қарым-қатынастардың дамуына халқымыздың ажырамас бөлігіне айналған болгар диаспорасы да үлес қосуда.
Кездесу соңында болгар делегациясы «Достық үйіндегі» шығармашылық ұжымдардың орындауындағы концерттік бағдарламаны тамашалады.
Павлодар облысы
Суреттеді түсірген Диана Жақыпова