Президент • 10 Қазан, 2019

Президент Ақтауда Әбіш Кекілбайұлына қойылған ескерткішті ашты

496 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Маңғыстауға жұмыс сапарымен келген Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халық жазушысы, әдебиет алыбы Әбіш Кекілбайұлына қойылған ескерткішті ашты деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Президент Ақтауда Әбіш Кекілбайұлына қойылған ескерткішті ашты

Салтанатты рәсімде сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы Маңғыстау өңірінің қадір-қасиетін ерекше айтып өтті.

«Маңғыстау – жеті жұрт келіп, жеті жұрт кеткен жер атанғаны баршаға мәлім. Ертеде осы өңірден Еуропа мен таяу шығысқа Ұлы Жібек жолы жалғасқанын білеміз. Бұл өлке Каспий теңізі арқылы елімізді 4 мемлекетпен байланыстырып тұр. Тоғыз жолдың торабындағы облыс қай жағынан алсақ та маңызы зор аймақ. Мәдени жәдігерлері мол, осы өңірді аспан астындағы мұражай деуге болады. Бұл - пір Бекет, Шақпақ ата, Шопан ата бабаларымыз өмір сүрген жер. Маңғыстау - 362 әулиенің мекені», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Оның айтуынша, бүгін рухын ұлықтап отырған Әбіш Кекілбай - адамзаттық болмыстың жоғары деңгейіне көтерілген біртуар тұлға, қазақ халқының ұлы перзенті.

«Халықтың мақтанышына айналған азаматтардың есімін жадымыздан шығармау – баршамыздың парызымыз. Елбасының «Шіркін-ай, осындай қазақ көбірек болса екен», деп Әбіш ағаға ризашылығын білдіруі тегін емес. Зиялы қауым оған айрықша құрмет көрсетіп, қазақтың маңдайы деп атады. Әбіш Кекілбаев - «Қазақстанның еңбек ері» атағын алған тұңғыш қаламгер», - деді Мемлекет басшысы.

Ақтау қаласындағы 19А шағын ауданда бой көтерген ескерткіштің авторы - мүсінші, суретші Көшер Байғазиев. Ескерткіш қоладан тұрғызылған. Биіктігі – 3,5 метр. Салмағы - 3,5 тонна. Мүсін тұғырының биікті – 2,4 метр. Құрылыс жұмыстары 2019 жылы мамырда басталған. Құны 48 млн теңге болатын жобаның демеушісі - NCOC компаниясы.

Айта кетейік, биыл әдебиетіміздің алып бәйтерегі Әбіш Кекілбайұлының туғанына 80 жыл толды. Осыған орай, абыздың туып-өскен жері Маңғыстауда мерейтой халықаралық деңгейде тойланбақ. Республиканың түкпір-түкпірінен қаламгердің замандастары, ақын-жазушылар, қоғам қайраткерлері - барлығы 100-ге жуық адам арнайы қатысады деп күтілуде. Сонымен қатар бүгін Абай атындағы мәдени-демалыс кешенінде Әбіш Кекілбайұлының 80 жылдығына арналған шаралардың ресми ашылу салтанаты болады. Оған Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова қатысады деп жоспарланған.

Еске сала кетейік, бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Ақтауға келді.