Экономика • 11 Қазан, 2019

Түркістан: Кәсіпкерлерді сыбайлас жемқорлықтан қорғайтын жоба жүзеге асырылуда

260 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Түркістан облысында ел экономикасына инвестициялардың келуін жеңілдету, бюрократия тәртіптерін және сыбайлас жемқорлық деректерін болдырмау мақсатында жүзеге асырылып жатқан “Protecting Business and Investments” жобасы  бірқатар заңсыздықтың алдын алуға ықпал етті.

Түркістан: Кәсіпкерлерді сыбайлас жемқорлықтан қорғайтын жоба жүзеге асырылуда

Cыбайлас жемқорлыққа қарсы  іс-қимыл агенттігі мен  Сыртқы істер министрлігі, сондай-ақ  Инвестициялар және даму министрліктері арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум аясында жүзеге асырылып жатқан жоба келісімшартқа қол қойған кәсіпкерлерге Қазақстан аумағында аптасына 7 күн, тәулігіне 24 сағат сыбайлас жемқорлық деректерінен  қорғауға кепілдік береді. Өз кезегінде кәсіпкерлерден бизнестерін тек әділ, әрі ашық жолмен жүргізу сұралады.  Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Түркістан облысы бойынша департаментінің хабарлауынша, бірқатар серіктестік жүзеге асырылып жатқан жобаның игілігін көріп те үлгерген.

Өңірде құрғақ түйе сүт өнімдерін өңдейтін «Golden Camel» ЖШС-не  белгісіз біреулер арнайы мекемеден келгендерін айтып, тексеру жұмыстарын жүргізбек болған. Алайда, өрескел құқық бұзушылықтармен тағайындалған тексеріске күдіктенген серіктестік басшылығы келісімшартқа отырған “Protecting Business and Investments” жобалық кеңсесімен байланысып,   тексеру тағайындаған мемлекеттік органға жедел хабарласқан. Нәтижесінде  ақпараттық талдау жұмыстары жүргізіліп, аталған тексеру департамент тарапынан тағайындалмағаны және тексеру жұмысын жүргізуге келген азаматтар алаяқтар екені анықталған.  Осындай оқиға келісімшартқа қол қойған “Джон Бан Металл Пром” ЖШС-інде де орын алған. Бұл мекеме жұмысына көші-қон полиция тарапынан тексеріс жұмыстары жүргізілгендігі және заңды түрде Республика аумағында жүрген шетел азаматтарының құжаттарын алып кеткені туралы ақпаратты серіктестік қызметкерлері жобалық кеңсеге жеткізеді. Аталмыш кеңсенің араласуымен тез арада заңсыз алынған құжаттар иелеріне қайтарылған.

Бизнесті қорғау, қолайлы инвестициялық жағдай жасау және кәсіпкерлер үшін сыбайлас жемқорлық деректері бойынша қысымдарды төмендету басым бағыттарының бірі болып табылатын аумақтық департамент жобалық кеңсе облыстағы барлық бизнес субъектілерімен бірлесе, құқық және заң бұзушылықтарға жол бермеу мақсатында жұмыс істеуге дайын екенін мәлімдеуде.