Әлем • 14 Қазан, 2019

Жапония мен Оңтүстік Корея текетіресі қашанға дейін созылады?

2617 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Жапония мен Оңтүстік Кореяның қазіргі таңдағы қарым-қатынасы жа­йында бұқаралық ақпарат құрал­дарында және әлеуметтік желілерде жарияланған сарапта­ма­лық пікірлер екі ел арасындағы саяси салқындық ұзақ мерзімге созылуы ықтимал екенін көрсетеді. Азияның алыптары арасындағы саяси-экономикалық қарым-қатынас аймақтағы басқа елдерге де әсер етуі әбден мүмкін.

Жапония мен Оңтүстік Корея текетіресі қашанға дейін созылады?

Осыдан тура бір жыл бұрын, яғни 2018 жылдың қазанында Оңтүстік Кореяның Жо­ғарғы соты Екінші дүниежүзілік со­ғыс кезінде жапон зауыттарында ерік­сіз жұмысқа жегілген кореялық аза­мат­тар­дың ұрпақтарына жапон компаниялары айыппұл төлеуі тиіс деген шешім қабылдаған болатын.

Сол күні жапон үкіметі соғыс ке­зін­дегі мәселелердің барлығы 1965 жыл­ғы екіжақты келісімшарт аясында шешілгенін алға тартып, қабылдаған шешімді жою­ды талап етті. Алайда, корей тарапы айтқанынан қайтпайтынын білдіріп, Кореяда жұмыс жасайтын жапондық бірнеше компанияның банк­те­гі шоттарын жауып тастауға дайын екендіктерін жеткізді. Сол себепті екі ел арасында саяси-дипломатиялық сал­қын­дық пайда болып, маусым айында Жапонияның Осака қаласында өткен «Үлкен жиырмалық» елдері бас­шы­ла­рының саммитінде жапон тарапы екі мемлекет басшыларының жеке кездесуін ұйымдастырудан бас тартты.

Оның үстіне Жапония үкіметі корея­лық жетекші компаниялар көп пайдаланатын озық технологиялық материалдарды Оңтүстік Кореяға экспорттау­ды шектеуге шешім қабылдап, саяси-дипломатиялық мәселе екі ел арасындағы сауда-экономикалық дағдарысқа айналды.

Соңғы жылдары халықаралық нарықта жапондық компаниялардың өнімдері кореялық өнімдермен салыстырғанда бәсекелестігі төмендеп кеткенін ескерсек, жапон үкіметі аса қажетті материалдарды экспорттауға шектеу қою арқылы жапондық компаниялардың бәсекелестігін арттыруды да көздеп отырғандай.

Корей тарапы жапон үкіметінің мұндай әрекетін қатты сынға алып, Дүниежүзілік сауда ұйымына (ДСҰ) шағым жасайтынын мәлімдесе, кореялықтар жапон тауарларына бойкот жариялап, оларды сатып алудан жаппай бас тарта бастады. Саяси салқындық екіжақты сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық қарым-қатынастар деңгейіне кері әсерін тигізіп, екі ел арасында туристер саны да күрт азайып кетті.

Азиялық алыптар арасындағы келең­сіз жағдай халықаралық нарыққа да кері әсерін тигізетін болғандықтан бұл мәселе ДСҰ, БҰҰ сияқты халықаралық ұйымдар деңгейінде де талқылана бастады.

Жоғарыда аталып өткендей, жапон үкіметі Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі барлық мәселелерді 1965 жылғы екі ел арасындағы келісімшарт аясында шешіп, корей халқына кем дегенде 500 млн доллар көлемінде тегін көмек көрсетіп, айыбымыздан арылдық дегенді алға тартады. Ал корей тарапы қазіргі Оңтүстік Корея жарты ғасыр бұрынғы әлсіз ел емес, білімі мен ғылымы, техникасы мен технологиясы дамыған, экономикалық деңгейі жоғары және әлемде алар орны бөлек мемлекет екенін, сондықтан бұл елмен ендігәрі басқаша, терезесі тең ел ретінде сөйлесу керек екенін меңзеп отыр.

Рас, корей үкіметі мен халқының олай дейтін жөні бар. Олай дейтініміз, 1965 жылғы жағдайға қарап көрсек, Оңтүстік Кореяның сыртқы сауда саласында Жапонияның алатын үлесі сол кезде 40 пайыздан асқан болса, ал соңғы жылдары бұл көрсеткіш тек 8 пайызды құрайды. Тіпті жапондық индустрияның мақтанышы автокөлік шығару саласында жарты ғасырдан астам уақыт бойы Жапониядан Оңтүстік Кореяға сатылып келген қосалқы бөлшектердің экспорт көлемі 2012 жылы ең жоғары деңгейге жетіп, одан кейін төмендей бастады. Ал 2014 жылдан бастап бұл салада екі ел арасындағы сауда-саттық көлемі керісінше корей тарапы үшін тиімді бола бастады. Яғни, Оңтүстік Корея жапондардың өздеріне экспорт жасай алатын деңгейге жетті. Бұл дегеніміз, корей елінің қазіргі таңдағы индустрия саласының даму деңгейі жапон елінен артық болмаса, кем емес деген сөз.

Экономикалық даму үрдісі жағынан Оңтүстік Корея 1982 жылдан бастап («Азия қаржы дағдарысы» тұсындағы 1998 жылды есептемегенде) осы күнге дейін Жапонияны артта қалдырып, 2000 жылдан бастап шет мемлекеттермен сауда жасау саласында өзіне тиімді көрсеткіштерге қол жеткізіп келеді. Елдің ішкі жалпы өніміне шаққандағы сауда саласындағы оң көрсеткіш бойынша да Оңтүстік Корея 2012 жылдан бері Жапониядан алда тұр.

Экономика деңгейінің өсуі мемлекет­тің қауіпсіздігін қамтамасыз ету тұр­ғы­сынан да оң ықпал етіп отыр. Егер өткен ғасырдың 90-шы жылдары Оңтүстік Кореяның қорғаныс саласына бөлінетін қаржысы Жапониямен салыстырғанда үш есе аз болса, бүгінгі күні бұл көрсеткіш бойынша да корейлер жапондарға жақындап қалды. Өз кезегінде жапон үкіметі 2011 жылдан бас­тап осы салаға бөлінетін қаржы көлемін қысқартуға мәжбүр.

Орайы келгенде айта кетейік, Оңтүс­тік Корея үкіметі осы жылдан бастап АҚШ президенті Д.Трамптың талабымен елдегі америкалық әскери базалар үшін бөлінетін қаржы көлемін 8 пайызға ұлғайтуды ұйғарды. Корея аумағында орналасқан америкалық әскерилердің саны (28 мың адам) Жапониямен салыстырғанда (55 мың адам) екі есеге жуық аз болғанымен, АҚШ-тың әскери базалары елдің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін маңызды фактор болып табылады. Корей халқының жартысынан астамы Солтүстік Кореяның шекарасынан небәрі 50 шақырымда орналасқан Сеул қаласы мен қала маңындағы аймақ­тарда шоғырланғандықтан ұлттың қауіп­сіз­дігін қамтамасыз ету тұрғысынан АҚШ-пен одақтас болудың бұл ел үшін стратегиялық маңызы зор.

Оңтүстік Корея мен Жапония арасында туындаған саяси-экономикалық проблемалар бойынша да Сеул Вашинг­тон­ның қолдауына ие болғысы келеді. Бірақ, америкалықтар азиялық екі мемлекет арасындағы дау-дамайға араласуға асықпайтын сыңай танытады. Өйткені екеуі де одақтастары. Дей тұрғанмен, корей үкіметі АҚШ-та тұрып жатқан кореялықтарды саяси мақсатта пайдаланып қалуға тырысып бағуда. Қазіргі таңда шетелдерде тұрып жатқан 7,5 миллионға жуық корей азаматының ішінде 2,5 миллионға жуығы АҚШ-та екенін ескерсек, Оңтүстік Кореяның сыртқы саясатында олардың алатын орны ерекше екенін аңдауға болады. АҚШ қалаларында Жапония үкіметіне қарсы түрлі саяси шаралар ұйымдастырып, шерулер өткізіп жүрген корей азаматтарының әрекеттері осыған дәлел бола алады.

Осы тұста Оңтүстік Кореяның «жұм­сақ күш» дипломатиясы жайында да айта кеткен жөн. Бұл салада да корейлер жапондарды артта қалдырып отыр деуге негіз бар. 2003 жылы үкіметтің тапсырысы бойынша кореялық KBS телеарнасы түсірген «Қысқы Соната» телесериалы алдымен Жапонияда, артынан бүкіл Оңтүстік-Шығыс Азия аймағында нағыз «корейлік бум» тудырды. Үкіметтің осы саладағы саясатының арқасында кореялық телесериалдар мемлекеттің имиджін күшейтуге, сондай-ақ отандық өнімдерді шетелдерде жарнамалау мақсатында тиімді құрал ғана емес, пайда табу көзіне айналып отыр. Мәселен, 2015 жылы Оңтүстік Корея шетелдерге жалпы құны 350 млн доллар тұратын телесериалдар мен басқа да мәдени өнімдер экспорттаған. Ал дәл сол жылы жапондар экспорттап отырған «анимэ» мультфильмдері мен комикстер сияқты мәдени өнімдердің жалпы құны 260 млн доллар болған.

Алайда, бұл әлем елдері арасында, оның ішінде әсіресе Азия елдері арасында Жапонияның мемлекеттік имиджіне немесе елдің саяси-экономикалық және мәдени болмысына қандай да бір нұқсан келіп отыр дегенді білдірмейді. Басқасын айтпағанда, сөз болып отырған Оңтүстік Кореяның өзінде жапон мәдениеті мен әдебиетіне қызығатындардың саны басым. Елдегі ең ірі «Кёбо» кітап дүкенінің жыл басында жариялаған ақпаратына сүйенсек, Кореяда соңғы он жылда ең көп сатылған кітап жапон жазушысы Кэйго Хигашиноныкі болса, ал екінші орында тағы да сол жапон жазушысы Харуки Мураками екен.

Тағы бір қызық жайт, «жапон үкіметі корей халқының ескі қарыздарын қайтар­сын» деп байбалам салып, екі ел ара­сын­дағы саяси даудың ушығуына түрткі болған Оңтүстік Кореяның прези­ден­ті Мун Чже Иннің қызы Жапонияның жоғары оқу орнында білім алған болса, оның анасы «шай рәсімі» атты жапон мәдениетіне қызығады екен. Жыл сайын 7,5 миллион кореялық Жапонияға турист ретінде баратынын ескерсек, көрші елдер арасындағы мәдени-гуманитарлық қарым-қатынас пен адамдар арасындағы барыс-келіс, алыс-берістің қаншалықты деңгейде екені байқалады. Сондықтан саяси салқындықтың салдарынан екі елдің де ұтатыны аз.

Сауда-экономикалық, технологиялық салаларда Жапония мен Оңтүстік Ко­рея өзара тәуелді, стратегиялық әріп­тестер болып саналады. Корей тара­пы көп айтпағанымен, жапондық ком­па­ния­лардың көрші елдің экономикасына салған инвестиция көлемі 40 млрд доллардан асып отырғаны осының айқын дәлелі. Корей компанияларының жа­пон­дық әріптестерінен үйренгені де, әлі де үйренері мол екені белгілі.

Алайда, қазіргі таңда екі елдің де саяси сахнасында ұлтшылдыққа негізделген мемлекеттік идеологияны күшейтуге ұмтылған саясаткерлер басқалардан басым түсіп отыр. Екі Кореяны біріктіріп, Азиядағы алып ел болуды армандайтын Оңтүстік Кореяның президенті Мун Чже Ин «Жапониямен тарихи мәселелерді біржола шешетін кез келді» десе, елдің конституциясын өзгертіп, Жапонияны экономикалық деңгейіне сай мықты саяси мемлекетке айналдыруды армандайтын премьер-министр Синдзо Абэ «корей үкіметі сенімнен біржола айырылды» деп, екеуі де айтқандарынан қайтар емес. Екі ел арасындағы текетірес күннен-күнге ушығып, халықаралық деңгейдегі проблемаға айналды.

Соңғы жылдары сауда-экономикалық мәселелер бойынша тараптардың халықаралық ұйымдарға шағымдануды жиі­леп кетті. Мысалы, корей үкіметі 2015 жылдың тамыз айында жапондық кейбір тауарларға, оның ішінде ауа қысымымен жұмыс істейтін сорғыштарға антидемпингтік қосымша кедендік салық салған-ды. Бұл шешіммен келіспеген жапон үкіметі 2016 жылдың наурызында ДСҰ-ға шағым жасады. Өткен айда аталған ұйым бұл мәселе бойынша жапон тарапы үшін оң шешім қабылдады. Ұйымның ұйғарымына сәйкес енді корей тарапы жапон тауарларына салған қо­сымша салықтан бас тартуы тиіс. Корей үкіметі халықаралық ұйымның бұл ресми ұйғарымына құлақ аспаған жағ­дай­да жапон жағы дереу қарсы шаралар қолданатынын мәлімдеді. Онда екі ел арасындағы сауда-экономикалық жағдай одан бетер нашарлап кетуі мүмкін.

Жақында ең ірі автоконцерннің бірі «Ниссан» компаниясы корей қоғамы тарапынан жапондық тауарларға қарсы жарияланған бойкоттың кесірінен бұл елдің нарығынан кететіні туралы хабарласа, жапондық ірі технологиялық тауар өндіруші AGC компаниясы жыл соңына дейін Кореядағы зауытын жабатыны туралы мәлімдеді. Екі ел арасындағы саяси-экономикалық дағдарыс мәдени-гуманитарлық, туристік салаларға да кері әсерін тигізіп, екі елдің қалалары арасында қатынайтын ұшақтардың көбісі бос қалып, авиакомпаниялар мен туристік компаниялардың табысы төмендей бас­тады.

Жапон үкіметі ресми мәлімдегісі келмегенімен, екі ел арасындағы саяси-дипломатиялық қатынастардың нашарлауынан корей экономикасы ғана емес, жапон экономикасы да көп зардап шегіп отыр. Жапондық ірі бизнестің орталық штабы болып табылатын «Кэйданрэн» ұйымының төрағасы Х.Наканиши баспа­сөз мәслихатында екі ел арасындағы саяси жағдайдың бизнеске кері әсерін тигізіп отырғанын тілге тиек етіп, екіжақты сауда-экономикалық қатынасты қайта қалпына келтіргісі келетінін айтты. Бірақ, кәсіпорындар мен компаниялар үкіметтің айтқанына бағынуға мәжбүр.

11 қыркүйекте Жапонияның премьер-министрі С.Абэ үкімет құрамын өзгертіп, жаңа министрлер кабинетін жасақтады. Бұған дейін Оңтүстік Кореяға қарсы қатаң дипломатиялық ұстанымда болып келген сыртқы істер министрі Т.Коно елдің қорғаныс министрі болып тағайындалса, оның орнына бұған дейін сауда-экономикалық салаға жауапты министр болған Т.Мотэги келді. Жаңадан тағайындалған қорғаныс министрі корей тарапына қатысты саяси қатаң ұстанымын өзгертпейтінін айтса, жаңа сыртқы істер министрі ең алдымен америкалық бағыттағы жұмысты жандандыруға күш салатынын білдірді. Демек, жаңартылған жапон үкіметінің жұмысында Оңтүстік Корея басты стратегиялық бағыттардың бірі ретінде қаралып отырған жоқ.

Екі ел арасында шешілмеген жер дауы да бар екені белгілі. Жақында корей тарапы «Докуто» немесе жапон тілінде «Такэшима» деп аталатын даулы арал төңірегінде әскери жаттығулар өткізіп, ел саясаткерлері аралға арнайы барып, жапон үкіметі мен халқының біраз қытығына тиді. Екі ел арасындағы осындай саяси проблемалар алдағы уақытта әскери саладағы шиеленіске әкеліп соқтыруы да мүмкін.

Екі жылдан кейін премьер-министрлік мезгілі аяқталатын жапон үкіметінің басшысы С.Абэнің ең басты саяси мақсаты ел конституциясын өзгертіп, Жапонияны экономикалық деңгейіне сай әскери-саяси мықты мемлекетке айналдыру екенін жоғарыда атап өттік. Ал ол үшін С.Абэ қоғам мен парламенттегі оппозициялық партиялар тарапынан қолдау табуы тиіс. Сондықтан С.Абэ АҚШ-пен одақтастық қарым-қатынасты мемлекеттік саясаттың негізі бағыты ретінде қалдырып, Қытай­мен қатынастарды жандандыруға ниет таныта отырып, өзінің саяси және әскери-қорғаныс саласындағы мақсатына жету үшін Оңтүстік Корея факторын барынша пайдаланып қалғысы келіп отырғаны анық байқалады.

Екінші жағынан, жоғарыда атап өтке­німіздей, Оңтүстік Кореяның прези­денті Мун Чже Ин Жапонияға қатыс­ты ұлтшылдыққа негізделген қатаң ұста­ны­мын өзгертпей отырғанын ескерсек, екі елдің саяси-экономикалық қатынастары қазіргі мемлекеттер басшылары тұсында жақсара қоймайтын сияқты.

Батырхан ҚҰРМАНСЕЙІТ,

шығыстанушы,

арнайы «Egemen Qazaqstan» үшін