Руханият • 14 Қазан, 2019

Рухани жаңғырған ауыл

892 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Алматыдан таң бозынан шыққанбыз. Күн қарыс сүйем көтерілгенде, Суықтөбеге жеттік, құрық бойламай Қоңыртөбенің етегіне іліктік. Екеуі де алып тау, аты төбе болғанмен... Жаздың аптап ыстығында басында қар жатады. Сол қар қыркүйек кетіп, қазан басталғалы көлемін ұлғайта береді.

Рухани жаңғырған ауыл

Ақтеректің ақ таңы

«Қос төбеде қыс ерте баста­­­лыпты-ау» деп күздікүнгі ауа ра­йын тау басындағы қарға қарап бол­жайды ауыл жұрты. Еншісі бөлінбеген екі ағайынды секілді екі таудың басынан қар ғана емес, бауырынан ел де кетпеген ежелден. Алматы облысындағы Жамбыл ауданының бірнеше ауы­лы осы екі алыптың етегін ала жайғасқан. Бүгінгі діттеп ба­ра­ жат­қан Ақтерек ауылы соның бірі.

Алматы – Бішкек тас жолының Қордайға жетер тұсынан солға бұрылдық. Қос қаптал қалың қа­мыс. Заманында Көлқамыс жәр­меңкесі болған екен. Бертінде пат­ша әскері бекініс салған. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі кезінде ол бекіністі Әли батыр жасақтары шапқан, тарихта Көл­қамыс көтерілісі деген атпен қалған жер. Қала мен ауылды байланыстырып тұрған жалғыз жолдың жағдайы жақсы екен, Ақтерекке демде жеттік.

Ауыл емес, қалаға кіргендей­міз, көше толы адам. Қатар жат­қан бес көше түп-түзу тар­тыл­ған. Жаңадан салынған ас­фальт жолдың қолданысқа бе­рілгеніне көп бола қоймаса керек, тақтайдай тегіс. Жиегіне қаз-қатар көше шамдары орнатылыпты. Ауылда құрылыс қарқын алғаны көрініп тұр. Іргетасы биік ақ шатырлы, көк шатырлы жаңа үйлер алыстан менмұндалайды. «Ақтерек» шаруа қожалығының басшысы, «Құрмет» орденінің иегері Темірлан Шайнүсіпов бауырымыздың ұжымшардағы ең­беккерлерге жүзден астам бас­­пана салып бергені жайлы «Еге­менде» бірнеше мәрте жазылды да. Өзінің жеке тұрғын үй бағдарламасын қабылдаған кәсіп­кер еңбегі еленіп, бірер жыл бұрын «Алтын жүрек» сыйлығын иеленген.

 Саябақтағы салтанат

«Темірлан субұрқағы бар саябақ салғалы жатыр», «ауыл шетінен шомылатын бассейн құрылысын бастапты» дегенді көктемге салым естіген едік. Бас­­сейн келер жаздың еншісіне қал­ған болу керек, әзірге мектеп­тің сол қапталынан орын тепкен саябақ ашылды. Қаланың сая­бақтарындай гүл отырғызып, ағаш көшеттерін егіпті. Қақ ортада екі субұрқақ атқылап тұр, ойын балалары су шашысып, асыр салады. Орындықтарға қаз-қатар жайғасқан қарттардың бір тобы әңгімеге қызу кіріссе, бір парасы риза көңілмен айналаға маңғаздана қарайды.

Ауыл әкімі Ғабит Шортанбаев сая­бақ аумағы бір гектарға жете­ғабыл екенін, 200 түптен аса қыл­қан жапырақты ағаш егіліп, 20 көше шамы орнатылғанын, бұл ша­­руаға Темірлан Шайнүсіпов 20 млн теңге қаражат жұмсағанын жеткізді. Саябақтың қақ төріне ше­жіре тас қойылыпты. Ұлы жүз жа­ныстан тарайтын Баба руының шежіресі. Мұрағат деректеріне қарағанда, Баба – әйгілі Қасқарау бидің немересі. ХVІ ғасырда өмір сүрген, жас күнінде жау түсір­ген батыр, қартайғанда батагөй кісі болыпты. Ұзынағаш, Қордай аймағында «Бабаның батасымен» дейтін нақыл қалған. Шежіре тас­та осы Бабаның кіндігінен тара­ған 14 баласының есімі қашап жа­зылған.

Кітап

Көрер көзге көрікті, тұрқы биік нысанды ауылға сыйға тарт­­қан Берік Мамытов есімді кә­­сіп­кер екен. Өз қалтасынан 3 млн теңге шығарып, ескерткіш орнат­тырған азамат «бұл біз­ді бірлікке шақырады» дейді. Ше­жіре тастың ашылуына Қазақ­­­­­стан Республикасы Автор­лар қо­ғамының төрағасы, көрнекті жазушы Марал Ысқақбай, Алматы облысының және Жамбыл ауда­нының құрметті азаматы Әскер­бек Абаев, Жамбыл ауданы әкі­мінің орынбасары Әділбек Да­лабаев, аудандық ақсақалдар ал­қасының төрағасы Батырхан Мендебаев, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Жұмабек Ча­жабаев және ауған соғысының ар­дагерлері қатысты. Әрқайсысы сөз сөйлеп, саябақ пен ескерткіш сал­ған азаматтарға алғыс айтты.

Жиында сөз сөйлеген Ұлттық ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, жазушы Уәлихан Қалижан жаһандану дәуірі басталғанын, бұл кезде көп нәрсе жұтылып ке­туі мүмкіндігін, сондықтан ұлт­­­тың генетикасын сақтау мақ­са­­­­­­тында, сондай-ақ тарихты, мә­­­­дениетті, халықтың жүріп өт­­кен жолын кейінгі ұрпаққа жет­кізуде бұл шежіре тастың ма­­ңызы зор екендігін баса айтты. Ал ауған соғысына қатысқан ауыл­дағы екі азаматқа баспана салып берген еңбегі үшін Те­мірлан Шайнүсіпов Бауыржан Мо­мышұлы атындағы «Батыр ша­пағаты» төсбелгісімен марапатталды.

 Құнды кітап

Шежіре тастың алдында тағы бір әдеби шежіренің тұсауы ке­сілді. Ақтерек ауылының тумасы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, халық ақыны Ес­­дәулет Кәндекұлының есімі көптен елеусіз қалып келген еді. Заманында Кененнің үзең­гілес серігі болған ақын 1916 жыл­ғы ұлт-азаттық көтерілісі кезінде Әли Нұрғожаұлының жа­са­ғына қосылып, ән-жырымен сар­баздарға дем береді. Осы үшін айыпталып, түрмеге қа­малады. Патша тақтан құлаған соң бостандыққа шығып, өле-өлгенше өнерге қызмет етеді.

Есдәулеттің Ақжолтай, Ке­нен, Қалқа, Рахмет, Күнімжамал, Жақсыбаймен айтыстары сақтал­ған. Сол секілді «Шаян батыр», «Күреңбай батыр», «Жетіген батыр», «Әли батыр», «Қос жұл­дыз­ды Жазылбек» секілді дас­тан­­дары бар. Бір қиыны, осы еңбектер толықтай оқырманға жетпей, талай жыл архивте шаң басып жатты. Ауыл азаматы Дас­тан Шалтабаев демеушілік танытып, биыл Есдәулет мұралары жи­нақталды. Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың қол­дауы­мен жарық көрген «Әли батыр» деп аталатын жинаққа ақын­ның өлеңдері, айтыстары мен дастандары топтастырылған. 500 данамен шыққан еңбек ел-жұртқа тегін таратылды.

Майтөбедегі ас

Бір кәсіпкер саябақ салып, екін­шісі шежіре тас қойып, үшіншісі кітап шығартып жат­қан­да өзге жұрт та қарап қалған жоқ. Баба руынан тарайтын 14 атаның баласы бүгінде Жамбыл ауданының бірнеше ауылын мекендейді. Солар бастап, басқа­лар қоштап ауыл шетіндегі Май­төбеде бабалар рухына ас берді.

Қаздай тізілген ақбоз үйлер алыстан көз тартады. Табақ тасып, қымыз көтерген қызметші, даяшылар жосып жүр. Майтөбе дегеніміз, қатар жатқан екі тө­бешік. Соның біріне тақау шағын сахна орнатыпты. Ауыл жастары сауық құрып, әнші-бишілер өнер көрсетіп жатыр. Ел қатарлы біз де сайын далада өткен концертті тамашаладық. Ат жарысын көріп, көз құмарын қандырдық.

Майтөбедегі ас сәске әлетінде басталған. Содан қас қарайғанша жалғасып, дала сахнасында қыз-жігіттер әндетіп, көкпаршылар додаға түсіп жатты...

Алматы облысы,

Жамбыл ауданы