Жол үстінде
Қазақтың рухани құбыласы ұлы Абай бастаған көркем сөз көшінің аса көрнекті өкілі Ілияс Жансүгірұлының асқар Алатау төсінен арқырай ақтарылған ағынды Ақсудай алапат ақындық қуаты ешбір өлшем бірлігіне сыймайтындай кең кеңістікті жаулап, көз жетпес көкжиекке көтеріліп кеткені – аксиомалық ақиқат. Халқымыздың кемел ойлы кемеңгері, әлемдік әдебиеттің Әбіш Кекілбаевы сонау бір жылдары Сәкен, Бейімбет, Ілиястай үш арысты «арғы ғасырда Абай мен Құрманғазыға ғана сәлем» беретін алып тұлғалардың қатарына қосып еді. Аузы дуалы абызымыздан асырып айту кім-кімге де қиын соғар, сірә. Айтпақшы, ізбасар інісі Тұрсынзада Есімжанов таланты тас жарып тұрған шағында:
«Қазақтың маңдайына өлең бітсе,
Өлеңнің маңдайына бітіп ең, сен!» деген екен-ау...
Құдіретті Құдай қабілет-қарымды аямай берген қаламгер жазу-сызу атаулының барлық жанрында өшпес қолтаңба қалдырды. Оның поэзиясы, прозасы, драматургиясы, журналистикасы... Әрқайсысы өз алдына бір төбе. Жеке-жеке әңгіменің арқауы. Ілиястың інжу-маржандарын санаткерлікпен саралау бағытында зерттеуші ғалымдарымыздың атқарар шаруасы әлі бастан асады. Осындай ойлар Жансүгірұлының 125 жылдық тойының шымылдығы түрілген ақынның кіндік қаны тамған Ақсу өзенінің сағасында жатқан, ақын есімін иеленген аудан орталығына дейінгі ирелең жол үстінде қызған әңгімеге арқау болып еді. Жансүгіров кентіндегі салтанатты шараларда Ілиясқа тағзым етудің жоғары деңгейде ұйымдастырылғанына тағы бір мәрте көз жеткендей болды.
Той үстінде
Жансүгіров кентінде ақынның 5 метрлік еңселі ескерткіші орнатылды. Ескерткіштің шымылдығы түсіріліп, ақынға тағзым шаралары атқарылғаннан кейін сөз алған облыс әкімі Амандық Баталов дүбірлі тойдың басталуымен барша қауымды құттықтады.
– Бүгін туған жерінің төрінен Ілияс ақынға арналып еңселі ескерткіші орнатылып отыр. Бұл – елінің тарлан талантқа деген құрметі, ерен ерге деген тағзымы деп білеміз. Ақын шығармаларынан Құлагердің дүбірі, даланың жыры, қобыздың үні, домбыраның күмбірі есіп тұрады. Осы даналық ізі, ұлылық биігі – ұрпақтың ойына қуат, бойына нәр беретін баға жетпес байлық. Бұл орайда Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы әлеуметтік-мәдени салалардың тың серпінмен дамуына ерекше ықпал етіп отыр. Меценаттардың экономиканың басқа салаларымен қатар, мәдениетке қолдау көрсетуі руханиятқа қызмет еткені деп түсінеміз, – дей келе, осындай игі істің атқарылуына мұрындық болған меценат пен мүсіншінің еңбегін ерекше атап өтті.
Ескерткіш алдында ақын тойына жолдаған Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев пен Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаровтың құттықтау жеделхаттары оқылды. Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары Бауыржан Жақып бүгін Алаш арысының тұғырына қайта қонған тарихи күн екенін айта келіп, ақынға өлең арнады. Ал жетісулық ардагер, Алматы облысының Құрметті азаматы, қарымды қайраткер Наурыз Қылышбаев ақынның «Жетерміз бе тілекке» атты өлеңін тағдырымен ұштастыра отырып оқып, мұрасының мәңгілік екенін атап өтті. Осы жиынға Қызылжар өлкесінен арнайы келген Бейімбет Майлиннің немересі Дәмен Әбілқасымқызы да сөз алып, кезек-кезегімен тұтқындалып кеткен үш арыстың артында қалған жұбайларының бір-бірінің балаларына қалай қамқорлық танытқаны, қиын сәттерде бір-біріне сүйеу, демеу бола білгені туралы әсерлі естеліктерімен бөлісті.
Орталық алаңға қойылған Ілияс Жансүгіров ескерткішінің авторы мүсінші, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, Мәдениет саласының үздігі Қазбек Дулатов екен. Ескерткішті жасауға кеткен шығынды осы өңірден шыққан кәсіпкерлер көтеріп алыпты. Істің басында белгілі меценат, газ шаруашылығы қауымдастығының төрағасы Молдияр Нұрбаев жүрді. Ел азаматтарына жетісулық ағайын ғана емес, қазақтың қалам ұстаған зиялы қауымы да дән риза болып, алғыстарын жаудырды.
Бұдан әрі той Жансүгіров кентіндегі орталық стадионда театрландырылған шарамен жалғасты. Мерейтой аясында ақынның «Құлагер» шығармасы белгілі режиссер, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, профессор Сәулебек Асылханұлының сценарийімен дайындалып, режиссерлігімен сахналанды. Осы күні спортсүйер жастар көкпардың көрігін қыздырды. Ақынның аруағына арнап ас берілді. Ақсу халық театрының сахналауымен «Дала дастаны» спектаклі қойылды.
Ой үстінде
Қасиетті Ақсу топырағынан бастау алып, Алатау сілемдерінің етегінде дүбірлеген ауқымды той салтанаты ертеңінде Алматы облысының орталығы Талдықорған қаласындағы ғылыми-тәжірибелік конференциямен жалғасын тапты. «Өз елі өз ерлерін ескермесе, ел тегі қайдан алсын кемеңгерді» атты тақырыппен ұйымдастырылған конференция тізгінін белгілі ақын, Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары, мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының иегері Ақберен Елгезек ұстады. Оның айтуынша, ақын мерейтойының Қазақстан Жазушылар одағы үшін маңызы зор. Себебі алғаш Қазақстан Жазушылар одағын құру жөніндегі бастаманы І.Жансүгіров өзі көтеріп, 85 жылдық тарихы бар одақтың алғашқы төрағасы да өзі болды. Сондықтан болар қазақтың ақындығының асқар шыңына баланатын ақиық ақынның мерейтойына әдебиеттің асыл парызын арқалап, сол тарихи сабақтастықты жалғап келе жатқан бүгінгі Жазушылар одағының басшылығы тұтасымен келіп төбе көрсетті десе де болғандай.
Тағдыры сор заманға тура келіп, өмірі азаппен аяқталған Жансүгіровтің жаңа дәуірдегі рухани ғұмыры кез келген қаламгер қызығатындай тағылымы мол баянды істермен жалғасын тапты. Ал Ілиястың әдеби мұраларын насихаттау ісі ілкі сәт толастаған емес. Облыс әкімі Амандық Баталовтың қолдауымен І.Жансүгіровтің өмірі мен шығармашылығына арналған 20 томдық жинақ пен Қажет Андастың «Қазақ журналистикасының жампозы» атты кітабы тойға тарту ретінде ұсынылды. Тойда кесілген кітаптың тұсауы бөлек. ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының бастамасымен жарыққа шыққан «Үш арыс» кітабы ақынның дәл туған жерінде, ұлан-асыр той үстінде таныстырылуының ғанибетін қатысқандар ғана сезіне алды. «Астана, Алатаудан саңқылдасам, жетпей ме жер жүзіне жаңғырығым» деп өзі жырлағандай, ақынның үні расында да әлем кеңістігіне кеңінен таралып келеді. Өз заманынан озып туған ақын өлеңдерінің Шекспир тіліне аударылып, Лондонда жарық көруі, «Құлагердің» неміс тілінде сөйлеп, Гете елінің баспасында басылып, Германия жұртын тамсантқаны – осыған дәлел. Ойға қанат, сезімге нәр беретін, ешқашан ескірмейтін мәңгі жас Ілияс поэзиясы мен шығармашылық әлеміне шолу жасаған ғылыми маңызы зор жиынды Алматы облысының әкімі Амандық Баталов ашып, мерейтойға байланысты атқарылған шаруалардың бірсыпырасымен таныстырып өтті. Ақынның мұраларын жинақтап, әдеби айналымға енгізу үшін Ілияс жүрген ізбенен арнайы экспедиция жасақтап, Ресейдің бірнеше қалаларына зерттеушілер аттандыруды облыс әкімдігі өз мойнына алып, үлкен қолдау көрсетті. Нәтижесінде Ілиястың бұрын оқырманға беймәлім болып келген 18 кітабы елге жеткізілді.
Ақынның шығармашылық әлеміне арналған ғылыми конференция салмақты сөз мәйегі ағытылған еркін форматтағы мағынасы терең жиын болды. Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет Ілияс мұрасын зерттеушілер еңбегіне тоқталды. Төрағаның айтуынша, ілиястанушылардың көпшілігі дүниеден өтіп кеткен. Буырқанып келген ғасырдың қым-қуыт, қиындыққа толы алғашқы кезеңінде қырық төрт жыл ғана өмір сүріп, 40-тан астам кітап шығарып кеткен дарынның әмбебап еңбегін биік бағалай тұрып, әдебиеттегі Ілияс қалыптастырған поэтикалық мектептің кейінгі буынға тигізген ықпалы туралы баяндады. Кең құлашты, өр мінезді поэзияны Абайдан кейін өрістетіп әкеткен Құлагер ақынның арыны талай ақынның тынысын ашқанын атап өтті. Ғафу Қайырбеков, Әділбек Абайділданов, Мұқағали Мақатаев, Жұматай Жақыпбаев, Несіпбек Айтұлы сияқты арнасына сыймай, тасып-төгіліп жырлайтын дауылпаз ақындардың өлеңдеріндегі Ілияс өрнегін жырсүйер қауымның жазбай танитынын айтты. Алдағы қараша айына жоспарланып отырған Қазақстан Жазушылар одағының 85 жылдық мерейтойын атап өту барысында «Үш арыс. Үш бәйтерек» деген атпен ұлт қаламгерлерінің ұйымын құрып берген Сәкен, Ілияс, Бейімбеттің 125 жылдығының қатар тойланатынынан көпшілікті хабардар етті. «Ұлттың мүддесіне керекті шаруамен айналысып, даңғыл жол салып, ұлт, мемлекет ретінде қалыптасу тәжірибесін жасап беріп, тәуелсіздікті жақындатып беріп кеткен бұлардың әрқайсысы қазақ халқымен тұтасып кетті» деді одақ төрағасы.
Конференцияның «Ілияс – Құлагер ақын» атты бас баяндамасын ақын, филология ғылымдарының докторы, Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Бауыржан Жақып жасады. Сан жағынан ғана емес, сапа жағынан да салмақтанып, жыл өткен сайын тереңдеген ақын шығармашылығының көркемдік ерекшелігіне тереңнен талдау жасады. Ұлттық таныммен тамырлас, қазақы құнарға бай Ілияс өлеңдеріндегі ғажайып теңеулер, аллитерация, ассонанс, гипербола сияқты төгіліп, құйылып түсетін көркемдік әдістердің күні бүгінге дейін ескірмеу сырына бойлады.
Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтынан келген филолог ғалымдар Нұрдәулет Ақыш пен Серікқазы Қорабай тарқатқан тақырыптар да бүгінгі ілиястану ғылымындағы соны ізденістер. Ұлтшылдық ұранымен біраз шумақтары қысқартуға ұшыраған «Дала» поэмасының төңірегіндегі алпыс жыл бойы айтылмай келе жатқан ақиқаттың құпиясы осы конференция үстінде ашылғаны қатысушылар үшін қызықты қабылданды.
Ілияс ақталып, «жарық дүниеге шыққан» алғашқы жылдары лықсып кеудеге құйылған сезім мен қуаныштың әсерінен жыр арнап, бірінші болып оны жыр Құлагеріне теңеген, қазақ әдебиетінің «Қабырғаталы» атанған адуынды ақын Тұрсынзада Есімжанның той ортасында отыруы көпшіліктің көңілін толқытты.
«Алдымда Құлагердей бүкіл еңсең,
Тұратын жыр бәйгесін күтіп өңшең.
Қазақтың маңдайына өлең бітсе,
Өлеңнің маңдайына бітіп ең сен!» деп басталатын әйгілі өлеңін әдебиеттегі ығай мен сығайдың алдында тұрып оқығаннан-ақ ақындығы мойындалған Тұрсынзада ақын араға жарты ғасырдан астам уақыт салып жырын қайыра оқып берді. Кірпияз Ғ.Мүсіреповтің өзі «дүниеге жаңадан ақын келді» деп қол соғып, арқасынан қаққан ақын талантының өлшемін әр тыңдарман арқа-басы шымырлай шын сезінді. Конференция модераторларының бірі, белгілі тележурналист Нұртілеу Иманғалиұлы сөз сөйлеп, баяндама жасаған қадірлі меймандардың кеудесіне І.Жансүгіровтің мерейтойына арнайы шығарылған «Құлагер» төсбелгісін қадады.
Сондай-ақ мерейтой аясында республикалық жазба ақындар мүшәйрасы ұйымдастырылып, конференция жұмысының барысында жыр бәйгесінің қорытындысы жарияланды. Белгілі ақын Болат Үсенбаев, Алпамыс Файзолла, Қозыбай Құрман, Алтыншапақ Хаутай, Батырхан Сәрсенхан, Мұхтар Күмісбек, Жангелді Немеребай сынды ақындар мүшәйра жеңімпаздары болып танылса, 1 орын белгілі ақын Серік Ақсұңқарұлына берілді, ал бас жүлдені Байбота Қошым-Ноғай иеленді. Оған 500 мың теңге ақшалай сыйлық табысталды.
Түйін
Сонымен Ілиястай асылымызды ардақтаған тағы бір той өтті. Кем-кетігі болса кешірімді. Жалпы, бұл той атты мен тондының басын қосқан думанды шарадан гөрі, елді ақыл мен бірлікке үндеген, руханият әлемінен сусындауға шақырған тағылымды шара болды. Басты мақсаты тұлпар текті ақынның 125 жылдығын атап өту болғанымен, қазіргі ақын туған өңірді жайлап отырған елдің еңсесін бір көтеріп, желпіндіріп тастаған мағыналы сәттерімен есте қалары анық. Ақын тойының туған жерінен бастау алуы ел ішіндегі бірқатар шаруалардың оңынан шешілуіне де ықпал етіпті. Ілиястың 125 жылдығы атап өтіледі дегеннен бері Ақсу ауданында ішкі жолдарды жөндеу, көшелерді жарықтандыру қолға алынып, ақын туған Ойтоған ауылындағы әлеуметтік нысандардың күрделі жөндеуіне қаржы бөлініп, ауыл түлеп қалыпты. Ауылдан шыққан атымтай жомарт кәсіпкерлер де өз өлкесін гүлдендіруге тер төгіпті. Жұрт меценат Ахат Баханшиновтің туған ауылына деген қамқорлығын аузынан тастамай айтып отырды. «Ілияс атамыздың қазақ өлеңіне қосқан үлесі мәңгілікке жаңғырып тұратынындай, атымен, атағымен, аруағымен туған еліне де сүйеуші, дәнекер бола береді. Мұны арынды Ақсудың бойын жайлаған жерлестері анық сезінеді. Биылдың өзінде той қамымен бірқатар жұмыс істелді. Бұл жұмыстың нәтижесі қалады. Жаңғырған ауыл кейінгі ұрпақтың игілігіне қызет етеді. Бізге Ілиястың кіндік қаны тамған ауылда туып, қызмет істеу мақтаныш сезімімен қатар зор жауапкершілік жүктейді. Қашанда тас түскен жеріне ауыр ғой...» деді шай үстіндегі әңгімеде ардагер ұстаз Жұмабике Қасымжанова. Ол кісінің сөзін іліп әкеткен Ілияс Жансүгіров атындағы мектепте ұзақ жыл шәкірт тәрбиелеген ұлағатты ұстаз, ақынның жақын туысы Ораш Кәппаева өскелең ұрпақ бойындағы Ілияс жырына деген ерекше ықылас оты еш суымағанын айтады. Жырдың мәңгілікке жол салуы осы жас буынның ақынға, өлеңге деген құрметі мен махаббатының арқасында екені анық та.
...Шай дастарханы жиылып үлгерместен бір топ журналист ақынның туған ауылы – Ойтоғанға ат басын бұрдық. Іргесін құм көмген шағын ауылға бастаған қара жол... Ілиясты қазақ елінің болашағына қызмет етуге жетелеген даңғыл іспетті. Ойтоғанның ескі атауы Жаңалық болыпты. Тағдырдың бір сәті ғой, осы Жаңалықтан басталған жарқын ғұмыр иесінің ақтық демі Алматының іргесіндегі Жаңалық ауылында үзілгені мәлім. Қызыл террордың құрбаны болған ақынның мүрдесі сол топырақты, қазақтың бүтін бір зиялы буынының қорымына айналған жерді жамылып жатыр дейді. Ойтоғанда көргенімізді, сезінгенімізді бөлек тақырыптың еншісі етуді ұйғардық.
Жалпы, Жетісуда өткен сөз салтанаты ұрпақ санасын түлетіп, ел ішін рухани жаңғыртқан тағылымды той ретінде тарихқа енді. Ұзағынан болғай!
Талғат БАТЫРХАН,
Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,
Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,
«Egemen Qazaqstan»
Алматы облысы