Қазақстан • 14 Қазан, 2019

«Қара алтынды» қапысыз ағызған

1756 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Өткен айда қазақ мұнайының 120 жылдық мерейтойын атап өттік. Осы датаға орай төменде «қара алтынды» игеру тарихына қысқаша тоқталып отырмыз.

«Қара алтынды» қапысыз ағызған

Жер астынан шығатын қазба байлықтардың ішіндегі адамзат үшін асылының бірі темір екені белгілі. Ұлы Абайдың: «Қара жер адамзатқа болған мекен, Қазына іші толған әртүрлі кен. Ішінде жүз мың түрлі асылы бар, солардың ең артығы немене екен?» деп жұмбақтайтыны осы темір болса керек. Алайда бүгінгі таңда адамзат үшін мұнайдың маңызы темірден анағұрлым асып кеткен сияқты. Қазір көптеген елдердің экономикалық қуатын да мұнай бағасы анықтайды.

Дүние жүзіндегі барлық тех­никаның 70 пайыздан астамы мұнай өнімдерінің күшімен қозғалады. Әрине көмір мен газ оған біршама бәсекелестік тудыра алады. Әсіресе экологиялық жағынан тиімді болғандықтан дамыған елдердің көліктері газ­бен жүруге көшіп жатыр. Алай­да оның ауысу көлемі мардымды емес. Еуроодақ 2020 жылы бар­лық автомобильдерінің 10 пайы­зын газға көшіреді. Сондықтан жуық арада газ мұнайдың орнын баса алмайды деп батыл болжам айтуға болады.

Қазір әлемде өндірілген бар­лық мұнайдың 16 пайызы энер­гетика бермейтін салаларда қолданылады. Көбіміз күн­делікті өмірде қолданып жүрген үй жиһаздары, ыдыстар, тіпті тамақ өнімдерінің өзінде мұнай компоненттері бар екенін біле бермейміз. «Қара алтыннан» қазір 6 мыңға жуық өнім алынады. Оның кейбірін ғана атап өтетін болсақ, жүздеген түрлі дәрі-дәрмектер, пластикалық кон­­тейнерлер, тұрмыстық бұ­йым­дар мен техникалардың қо­­раптары, жиһаздардың бөл­шек­тері, ойыншықтар, сәби­лер­дің түрлі бұйымдары мен емізіктері, сағыз, жасанды тері, жастыққа, көрпеге салынатын қауырсындар, полиэти­лен, маталар, косметикалық заттар, түр­лі иіссулар, жууға арналған ұнтақ пен сұйық сабын, сусабын, құрылыста қолданылатын мате­риалдар, түрлі бояулар, ав­то­мобильді салқындататын сұ­йықтықтар, майлар, сусындар және т.б. Әрине химиялық жолмен алынған оның кейбірі адам ағзасына зиянды да болып жатады, бірақ оған мұнай кінәлі емес екені белгілі.

Жер бетіне шығып жат­қан қарақошқыл, жылтыр сұйық­тықты қазақтар алғашында «қара май», «жер майы» деп атаған. Уақыт өте келе оған «мұнай» деген ат таңылған. Аталарымыз алдымен қара майды сүзіп алып, адамның, малдың шықпа, бөрт­пе сияқты дерттерін емдеуге пайдаланған. «Қара алтынның» медициналық қасиетін ғылыми жолмен білмесе де, тәжірибе жасау арқылы оның пайдасына көздері жеткен. Мұнайлы өл­ке­нің шежірешісі Қожыбай Әл­жанұлы Мәтен есімді балгер ХVІІІ ғасырда науқастарды мұнай­мен емдегенін айтқан. Кейін адамдар оның жанатынына көзі жетіп, от тұтату үшін тамы­зық қылуға немесе тезекке құйып отқа жағуға пайдала­ныпты. Битумы мол қоюын ар­басының доңғалағын майлауға да кеңінен қолданған. Сөйтіп қазақтар өз жерінде мұнайдың түрлі пайдасын алғашқылардың бірі болып көре бастаған.

Осы күні қазақ мұнайын ашушылар жөнінде ұшқары пікірлер жиі айтылады. Әсіресе Кеңес Одағы жылдарында шыққан әдебиеттерде қазақ мұнайының «атасы» болуды көрінгенге теліп біттік. Және ол есімдердің бәрі де басқа ұлттардың адамдары болатын. Осының өзінен басқалардың еңбегінің «зор» екені мойындалып, өздігімізден аяқ баса алмаға­нымызды көрсетіп, кемсітудің бір амалы сезіледі.

Ал олардың бар еңбегі тек мұнай көлкіп жатқан жерлерді көргенін қағазға түсірген. Мұны «кен орнын ашқан» деп айту артық. Олар жердің астын барлап, мұнайды бірнеше метр те­реңдіктен тапқан жоқ. Ал өнер­кәсіптік өңдеу ХІХ ғасырда бас­­талғанда бұрғылар алдымен сол мұнай көлкіп шығып жат­қан белгілі жерлерге түскен. Сон­­дықтан қазақ мұнайының ашы­луын әркімге тели беруді доғарған жөн.

Бір қызығы, мұнайды қазақтан басқа халық «мұнай» деп атамайды. Түрікше оны «нефт», парсыша «нафт» дейді. Әзербайжандар, өзбектер, қырғыздар «нефть» десе, түрікмендер «невит» дей­ді. Өзінің төл атауын берген қазақ­тар ғана. Алғашында олар «май», «қара май», «жер майы» десе, артынан «мұнай» деген әдемі атауы­н теліген.

Мұнай атауының қайдан шық­қаны жөнінде көптеген пікір­лер бар. Біздіңше, бұл халықтың қайнаған ортасынан сөздің дыбысталу үндестігінен туған. Ал­ды­мен май, қара май, жер май деп атап келіп, оның түсіне көп қараған адам мұңлы жүзді көргендей болған сияқты. Үнемі қап-қара, кейде қарақошқыл болып жылтырап жатқан майдың бойында қандай да бір мұңлы елес жүргендей.

 Қазақ мұнайын өндірістік жолмен алуды Ресей кәсіпкерлері 1892 жылы Түркістанға темір жол тарту жұмыстарымен қатар қолға алған. Алдымен геолог С.Ни­китин бастаған арнаулы экспе­диция шығып, тереңдігі 6-9 метр мөлшеріндегі қолдан салынатын бұрғыны Доссор, Ескене және Қарашүңгілге қояды. Сол кездегі өнеркәсіп жаңалықтары газет арқылы Ресейдің орталық қалаларына тарап отырған. Содан Ембі, Каспий жерінде мұнай бар дегенді естіген В.Леман деген кәсіпкер «Леман и К» компания­сын тіркетіп, қасына бірнеше әріптестін тартады. Атыраудағы алғашқы мұнай кәсіпорыны болған осы компания 1898 жыл­дан 1909 жылға дейін 11 жыл жұмыс істеген. Балтық бо­йы немістерінің қатарынан шық­қан оны жерлесі әрі қандасы, Ре­сейдің сол жылдары премьер-министрі болған С.Витте қолдап, компания ұлан-ғайыр жерді бар­лауға рұқсат алады. Осы ком­пания 1898 жылға дейін 60 ұң­ғыма қазған. Ақыры еңбегі жанып, 1899 жылы Қарашүңгілде алғашқы мұнай бұрқағы атылды. Осы жылды қазақ мұнайының туған жылы деп атап жүрміз.

Алғашқы бұрғы түскен кен орындарының бірі Ескене кен орны туралы деректер 1886 жыл­дан бері белгілі. Ондағы алғаш­қы геологиялық барлау жұмыс­тары 1892 жылы басталды. Ал мұ­найдың бұрғымен жер бетіне шығарылғаны 1908 жылға жатады.

Қазақ жеріндегі ең алғашқы мұнай құбырын да ағылшындар осы жерге салған. Доссор-Ракуша деп аталған ол Кеңес Одағы жыл­­дарында да пайдаланылған. Қазіргі Атырау облысындағы ша­ғын кент – Ракуша кезінде жер­гілікті маңызы бар порт болған.

Егер Ескене кен орнының та­рихына толығырақ тоқтала ке­тетін болсақ, деректердің бәрінде оның мұнайы өте сапалы болғаны айтылады. Оның 70 пайызға жуығы керосин қоспасы екен. Сондықтан оны айырмай-ақ қолдануға да болған. Әсіресе соғыс жылдарында танкілерге оны айырмай-ақ құйған.

Ескененің өзі Байұлының Шер­кеш, Ысық аталарының қыс­тау­ларының маңынан табыл­ған кен орны. Атауы да сол аталардың бірі – Ескенеден алынған. Жері сор болған, оның тұзын халық пайдаланып отырған. Тіпті кейін үлкен кент тұрғызылып, тұр­ғындары көбейгенде де халық Ескененің тұзын пайдаланған екен. Тұздың астындағы қара бал­шықтың емдік қасиеті зор. Кейін осы жерге санаторий салынып, суықтан болған дерттің бәрі осы Ескененің тұзды қара бал­шығымен емделеді.

1934 жылдан Доссор, Мақат, Ескене, Байшонас, Қосшағыл және тағы басқа кен орындарынан өндірілген барлық мұнай Орскінің мұнай өңдеу зауытына жеткізілген. Сондықтан Доссор-Ракуша құбырының қажеті болмай қалады. Ал ондағы 10 мың текше метрлік төрт алып резервуарды Ескенеге көшіріп, осында эстакада жасалады.

Ескене стансасында тәуліктік қуаты 10-12 тонна болатын жанармай айыратын шағын зауыт 1947 жылға дейін жұмыс істеді. Ал эстакадада қорланған Ес­кененің жоғары сапалы жанармайы кешеге дейін темір жолмен Мәскеудің түбіндегі Ярославль қа­ласындағы авиазауытқа жеткізіліп отырған.

Өндіріс пен өнеркәсібі жан-жақты дамып жатқан Ескене кенті де жыл санап көркейген. Тұр­ғындар саны артып, аумағы да үлкейеді. Ауылда қазақша-орысша мектеп, интернат, бала­бақша, тұрғын үйлер, дүкендер, басқа да мәдени-тұрмыстық ны­сан­дар, Ембі кәсіпшіліктері ашылған елді мекендердің еш­қайсында болмаған ауылдық сая­бақ та ашылған. Осы саябақты онда тұрған жандардың бәрі де ұмыта алмайды. Оның ішінде жа­зғы клуб, би алаңы, жеміс бақшасы, аурухана, амбулатория, балабақша, тіпті бассейнге дейін болған екен.

Соғыс кезінде осы кәсіпші­ліктің жетістіктері Одақ көле­міне әйгілі болып, Қорғаныс ко­митетінің ауыспалы Қызыл туын 7 рет жеңіп алады. Осынша марапатталғандарға Қызыл ту мәң­гіге қалдырылатын тәртіп бар екен, сондықтан ту Ескенеде қал­дырылады. Қазақ КСР Жоғар­ғы Кеңесінің депутаты болған, Ленин орденді мұнайшы Рамазан Есқариев өзінің естелігінде сол кездегі Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің төрағасы Әбсамат Қа­зақпаев пен Гурьев облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Сергей Кругловтың ауыс­палы Қызыл туды ескенелік мұ­найшылар ұжымына мәңгі­лікке тапсыруға келгенін, тумен бірге 35 мың сом сыйлық беріл­генін еске алады.

Сол кезеңдерде Ескенеде алғашқы шақырылған КСРО Жо­ғарғы Кеңесінің депутаты, мұнайшы-стахановшы Сабыр­ғали Зорбаев та жұмыс істеді. 1893 жылы туып, 1970 жылы өмірден өткен С.Зорбаев 1937 жы­лы депутат болып сайланған. Кейін Ленин және «Құрмет белгісі» ордендерінің және бірне­ше медальдармен марапатталды. Тағы бір ардагер мұнайшы Сақтапберген Бекмұрзиев 1942 жыл­дың 7 қарашасында Ескенеде еңбекшілердің митингісі болып, онда Сәдір Әжібаев, Әбіл Оразов, Қойшығұл Жұбанов деген белсенділер шығып сөйлеп, бес күндік жалақымызды Қор­ғаныс қорына аударайық деген үндеу тастағанын еске алады. Бұл қаржыға «Қазақстан мұнайшысы» атты танк колоннасы құрылсын деген ұсыныс бола­ды. Осының артынан Ескене мұнайшыларына Сталиннің Ал­ғыс хаты келіп жетеді. Кейін Ле­ниндік сыйлық алған атақты геолог, қазақтың алғашқы мұнай­шы-инженерлерінің бірі Нәрен Имашев те осы Ескене кен ор­нын­да бірнеше жыл директор бол­ған.

Қазақстанның тәуелсіздік жылдарында да Ескене мұнайы еліміздің экономикасының дамуы­на өзіндік үлесін қосты. «Ем­бімұнайгаз» АҚ құрамына кірген кен орнында 1995 жылы ғана 44 ұңғы жұмыс істеп тұрған. Бірақ рентабельдігі төмен деп кен орны 1999 жылы уақытша консервацияланған. Алайда 2001 жылы қайтадан кен өндіріліп, 12 ұңғы жасаған. Осыдан кейін Ескене 2011 жылы тоқтатылды. Осы жылы Ескене ауылы Қа­шаған мұнай кен орнының эко­логиялық аймағына кіріп, 2013 жылдың 17 сәуіріндегі Аты­рау облысы әкімінің қаулысы және мәслихаттың шешімімен Мақат ауданының Ескене мен Байшонас ауылдары таратылды.

Бұл кент еліміздің талай жа­сының қанатын қатайтып, өмір жолына ұшуына еңбегі сіңген. Елдің экономикасының аяғынан тік тұруына үлесін қосқан кен орны. Сондықтан ол өзінің те­рең тарихымен елдің есінде мәңгі қалады. Қазір осы ауылдан шыққан бір топ адамның баста­масымен оның орнына ескерт­кіш-белгі орнату және тарихы туралы кітап жазу қолға алынып жатыр.