Футбол • 14 Қазан, 2019

Кипрді де жеңе алмадық...

160 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Өткен бейсенбі күні футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы 2020 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңінде Кипр футболшыларын қабылдап, есе жіберді. Өз жанкүйерлерінің алдында ойнаған отандық футболшылар 1:2 есебімен жеңіліп, масқара болды.

Кипрді де жеңе алмадық...

Келесі жылы өтетін Еу­ропа чемпионатының ірік­теу кезеңі басталғанда жер­лестеріміз алғашқы кезде­суінде ФИФА рейтин­гін­де ТОП-50 құра­маның қата­рын­да тұрған Шот­­ландияны 3:0 есебімен жеңіп, айды аспанға бір-ақ шығарған-ды. Кейінгі кезде­сулерінде Бельгия және Ресей құрама­ларына ірі есеппен есе жі­берсе де, жанкүйерлердің бұл жеңіске қабырғасы қайыса қой­ған жоқ. Өйткені біріншісі әлемдік рейтингте көш бастап тұрған құрама болса, екіншісі былтыр ға­на өз жерлерінде футбол­дан әлем чемпионатын ұйым­дастырып, жартылай фи­налға дейін жеткен болатын. Сондай-ақ екі құрама да әу баста біздің топтың негізгі фа­вориттері еді. 6-турдан кейін аталған екі құраманың Еу­ропа чемпионатының фи­нал­дық кезеңіне шыққаны белгілі болды.

Қазақстандық футбол жанкүйерлері отандас­та­­ры­мыздың бұған дейінгі же­ңілістеріне кешіріммен қа­рап, алдағы ойындардан жеңіс күткен болатын. Алайда құраманың елордадағы «Ас­тана Арена» стадионын­да Кипрден жеңілгені жан­күйерлердің көңіл күйін тү­сірді. Оны әлеуметтік желі қолданушыларының жаз­бала­рынан-ақ анық бай­қау­ға болады. Сырт алаң­да тең ойнап келген құрама­мен өз алаңымызда, өз жан­күйер­­леріміздің қолдауымен өткен кездесуде жеңіп тұрып, жеңілуі ұят, әрине. Жеңіп тұрған ойында жеңіліске ұшырау, кім-кімге болса да оңай емес.

Матчтың алғашқы мину­тында-ақ басымдыққа ие болған отандастарымыз қар­сылас команданың қақпа маңайында бірнеше қауіпті шабуыл ұйымдастырды. Бі­рінші таймның өзінде Ис­ламбек Қуаттың гол соға­тын 100 пайыздық екі бір­дей мүмкіндігі болды. Алай­да екеуінде де допты қақ­паға енгізе алмады. Сон­дай-ақ шабуылшы Тоқ­тар Жанғылышбай да өз мүм­кін­дігін тиімді пайдалана алған жоқ. Осылайша жерлестеріміз гол соғатын үш бірдей мүм­кіндікті жү­зеге асыра алмады. Абырой болғанда 34-минутта қорғау­шы Темірлан Ерланов есеп ашып, жанкүйер көңілін шат-шадыман қылды. Екін­ші таймның алғашқы 25-ми­нутын шабуылмен өткізген футболшыларымыз 11-минуттың ішінде екі гол өткізіп алды. Жеңіп тұр­ған матчта жеңіле салу қазақ жанкүйерлеріне ауыр тиді. Әлбетте, команда­ның жеңілісіне бірінші кезекте чех маманы Михал Билек жауап беретіні анық. Алайда матчтан кейін отандық БАҚ өкілдеріне сұхбат берген Исламбек Қуат бұл кездесудегі бар жауап­кершілікті өз мойнына алатынын айтқан.

Клубтық деңгейдегі Еуро­дода ойындарында Кипр­дің АПОЭЛ командасы Қазақстанға үш рет келді. Үше­уінде де елорданың «Ас­тана» командасымен кездес­кен АПОЭЛ футболшылары барлық матчта жеңіліп, өз үйлеріне ұпайсыз оралған болатын. Ал Кипр құрамасы елімізге алғаш рет келсе де үш ұпайды оп-оңай иеленіп, елдеріне жеңіспен оралды.

Осымен Қазақстан – Кипр құрамалары төртінші рет жасыл алаңда жолықты. Үш кездесуде Кипр футболшылары басым түссе, бір ойын тең есеппен аяқталған. Ең алғаш екі команданың жолы 2004 жылғы халықаралық турнирде түйісіп, Кипрде өткен бәсекеде алаң иелері 2:1 есебімен жеңіске жеткен. Араға 13 жыл салып екі құрама 2017 жылы жолдастық кездесу өткізді. Бұл ойында да Кипр құрамасы 3:1 нәтижесімен басым түскен-ді. Ал осыдан тура бір ай бұрын екі құрама Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңінде қайта жо­лығып, отандастарымыз алғаш рет қарсылас командамен тең ойнаған-ды. Міне, күні кеше үшінші рет Кипр құрамасына жол бердік.

Бұл жеңілістен соң Қа­зақстан құрамасы I тобында 7 ұпаймен 4-орынға түсіп қалса, Кипр футболшылары 10 ұпаймен 3-орынға көтеріліп алды.