Жоба шеңберінде 18-29 жас аралығындағы өзіндік ой-арманы, мығым мақсаты бар жастар кәсіпкерлікке оқытылып, оларға 505 мың теңге қайтарымсыз грант беріледі. Жұмыссыз немесе өзін-өзі жұмыспен қамтушы жастарға басымдық беріледі. Бағдарламаға қатысу үшін жастар кез келген бағытта пайдалы жоба ұсынуы керек.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, «Жас кәсіпкер» жобасы арқылы оқығандарға ұсынылатын грант қайтарымсыз. Берілген қаржыға алынған қажетті дүниелердің барлығы жастардың өзінде қалады және кейін жеке кәсібін бастауға негіз болады.
Асылхан Салық – осы жобаға қатысушылардың бірі. Сырым ауданы, Көздіқара ауылының 19 жастағы тұрғыны «Жас кезімде бейнет бер, қартайғанда зейнет бер» дегенді ұстанып, қазірден бастап кәсіппен айналысуды жөн көрді. Асылхан туралы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің қолдауымен жүргізіліп жатқан еңбекқор жастар ақпараттық шарасында да айтылды.
– «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы туралы алғаш теледидардан көріп, қызығушылық танытып, өз ісімді ашуға аудандық жұмыспен қамту орталығына бардым. Биыл маусым айында орталықтың жолдамасымен «Жас кәсіпкер» жобасы бойынша кәсіпкерліктің қыр-сырын үйреніп, сертификат алып, бағдарлама арқылы жеке шаруашылығымды дамыту үшін 505 мың теңге қайтарымсыз грант алдым. Өте ыңғайлы. Осы қаржыға 15 тоқты, 6 ешкі сатып алдым. Сонымен қатар мемлекет тарапынан атаулы әлеуметтік көмек алып отырмын.
Осы бағдарламаға қатысқаным үшін шексіз ризамын. Соның арқасында жеке шаруашылығымды дамытып, табысқа қол жеткізуге мүмкіндік алдым. – дейді Асылхан Ерболқызы.
Саламат ИМАНҒАЛИЕВ
Батыс Қазақстан облысы,
Сырым ауданы