Қоғам • 14 Қазан, 2019

А.Аймағамбетов ЖОО оқытушыларының еңбекақысын көтеруді тапсырды

141 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Білім және ғылым министрлігі мемлекеттік ЖОО ректорларына оқытушылар еңбекақысын 2020 жылдың 10 қаңтарына дейін 30-дан 50% - ға дейін арттыру міндетін жүктеді. Бұл туралы БҒМ министрі Асхат Аймағамбетов Facebook парақшасында жазды. 

 

А.Аймағамбетов ЖОО оқытушыларының еңбекақысын көтеруді тапсырды

«Мемлекет басшысы білім беру сапасын арттыру және педагогтерді қолдау жөнінде тапсырма берді. Осы тапсырма аясында министрлік мемлекеттік ЖОО ректорларына ЖОО оқытушыларының еңбекақыларын 2020 жылдың 10 қаңтарына дейін 30-дан 50% - ға дейін арттыру міндетін жүктеді. Бұл шешімнің нақты негіздері бар. Біз жоғары оқу орындарының бюджеттеріне талдау жүргіздік. Ол еңбекақы төлеу қорын ұлғайту үшін резервтердің бар екендігін көрсетті. Бүгінде бірқатар жоғары оқу орындарының оқытушылары 60-70 мың теңге көлемінде жалақы алатын жағдай қалыптасқан. Мұндай саясатпен сапаны талап ету мүмкін емес», деп жазды А. Аймағамбетов.

Министр ЕҰУ, Каспий университеті мен Тараз педагогикалық университеті сияқты жоғары оқу орындары жалақыны қазірдің өзінде көтеруді бастағанын атап өтті.

«Қалған мемлекеттік ЖОО менің тапсырмамды міндетті түрде орындаулары тиіс. Сонымен қатар, ректорлардың алдына біздің ЖОО-да жұмыс істейтін академиктерді арнайы қосымша ақылар белгілеу арқылы қолдау міндеті қойылды. Жоғары оқу орындарында академиктер көп емес, сондықтан біз өзіміздің ғылыми элитамызды қолдауға міндеттіміз. Бұл шаралар мемлекеттік бюджеттен қосымша қаражат пен өзге де күш-жігерді қажет етпейтінін ерекше атап өткім келеді. Барлығы қолда бар мүмкіндіктердің шеңберінде. Жас ғалымдарды қолдау тетіктері де болашақта қарастырылатын болады», деп жазды Білім және ғылым министрі.