Руханият • 15 Қазан, 2019

Тағзым мен тағылым тоғысқан той

576 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Тектілердің талбесігі, құрсағы құтты Маңғыстау даласы даңқы дәуірлеп, есімі елдің есінде сақталған қайраткер ұлының 80 жылдығын атап өтті. Асылын ардақтай білер ағайын арысының арада жоғын өкініш еткенмен, оның еңбегі мен шығармаларын дәріптеуді, өзі жоқ болса да шығар жасын атап өтуді парыз санапты. Жалпы, Маңғыстауда Әбіш тойы басталғалы көп болды және оның қамтылу ауқымы да орасан. Мектеп-колледждердегі түрлі байқаулар, ауыл өнерпаздарының сахналық қойылымдар байқаулары, спорттық жарыстар әрбір аудан, қалаларда, әртүрлі ұйымдарда өткізілді.

Тағзым мен тағылым тоғысқан той

«Алаш жұртының абызы» және «Әлем әдебиетінің Әбіші» атанған көрнекті тұлғаның туған жеріндегі негізгі шарасы – Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев қатысып, ескерткішті өз қолымен ашқан Ә.Кекілбай атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейі жаңа ғимаратының іске қосылуымен басталды.

Музейдің ашылуынан кейінгі салтанат Ақтау қаласындағы Абай атын­да­ғы мәдениет үйінде жалғасын тапты. Салтанатты шараға Қазақстан Республикасының Премьер-Министр­і­нің орынбасары Б.Сапарбаев, Маңғыстау облысының әкімі С.Трұмов, еліміздің әр түкпірінен келген ел ағалары, Әбіш ағаның замандастары, әріптестері, қа­быр­­ғалы қаламгерлер мен өнер тар­ландары, ғалымдар, жұртшылық өкіл­де­рі қатысты.

Айтыскер ақын М.Қосымбайдың Ә.Кекілбаевқа арналған «Арнаумен» бас­талған кеште Премьер-Министрдің орын­­басары Б.Сапарбаев Елбасы Н.Назар­баевтың құттықтау хатын оқып, табыс­тады.

Аймақ басшысы С.Трұмов заңғар жазу­шының азаматтық болмысы мен ақыл-ой тұнған шығармалары халқы­мыз­дың ұрпақтан-ұрпаққа ұласар рухани байлығы екендігін, Маңғыстауда басталған жазушы тойының тұтас ел үшін маңызды екендігін атап өтті.

– Әбіш Кекілбайұлы көрнекті мемлекет қайраткері ретінде егемен еліміздің өсіп-өркендеуіне бар күш-қажырын сарп етті. Қазақстан Парламентінің Төрағасы, Мемлекеттік хатшы, Прези­де­нт кеңесшісі, Сенатор қызметін лайықты атқарды. Тәуелсіздікті баянды ету жо­лын­­дағы табанды күресіне тарих куә.Тұңғыш Президент жанында ұзақ жылдар бойы қызмет етті. Сын­дарлы саяси қызметте сенімді серігі, күрмеулі кезеңде данагөй кеңесшісі бола білді. Елбасының сарабдал саясатын жүзеге асыруда аянып қалмады. Тәуелсіздікті алған тұста кесек ой, астарлы пікір білдіріп, тың түйін жасауға ұмтылды. Қоғам мен қауымды толғандырған келелі мәселелер жөнінде кең толғап, адал сөйледі. Заманның ең бір қиын тұстарында халық мүд­десі үшін күресуден жасқанбайтын мінезін танытты. Өмірдің бар кезеңінде адам­гер­шілік туын биік ұстап, ар-ожданға қылау түсірмей адал қызмет етті. Әбіш ағаның елдікті нығайту жолындағы еңселі еңбегі Елбасы тарапынан жоғары бағаланып, тәуелсіз Қазақстанның Еңбек Ері атанды. Біздің көздегеніміз – Әбіш Кекілбайұлының бай әдеби мұрасын ізгі ұрпақ өкілдеріне насихаттау, ой-санасына сіңіру. Өскелең буын өрелі ой мен өсиет сөзге ден қойып, өнеге-тағылым тұнығынан сусындап өссе дейміз. Қазақ көркем әдебиетінің аса ірі қайраткері Әбіш Кекілбайұлының рухани мол мұрасы қанша заман алмасса да өз құндылығын жоғалтпайды. Ал ұлт мәртебесіне айналған ұлы суреткер­дің бір дәуірге тұрарлық маз­мұ­ны терең туындыларын атадан-ба­лаға, ұрпақтан-ұрпаққа аманат ету – аза­мат­тық парызымыз, деді Маңғыстау облы­сы­ның әкімі С.Трұмов.

Жиында жазушы Т.Әбдікұлы және ақын Е.Раушанов құттықтау сөз алып, Әбіш туралы естеліктерін ортаға салды.

 

Мерейтой мінберінде – ғалымдар мен ардагерлер алқасы

Әбіш мерейтойы аясындағы шара «Достық» үйінде әдебиет және өнер қайраткерлерінің Халықаралық конгре­сі­­мен жалғасын тапты. Маңғыстау облы­сының әкімдігі мен Ш.Есенов атын­дағы КМТжИУ бірлесе өткізген ша­раға әлемнің әр түкпірінен келген әдебиет­тану, тіл білімі, тарих, фило­софия, педагогика, психология, әлеуметтану, саясаттану секілді гума­ни­­тарлық сала мамандары, мемлекет және қоғам қайраткерлері мен ғалым-зерт­теушілер қатысты. Мәжіліс депутаты, филология ғылымдарының докторы С.Абдрахманов тізгінін қолына алған пленарлық мәжіліс Ә.Кекілбаев шығармашылығының әлемдік көркем кеңістіктегі орны мен оның адамзаттың рухани дамуына өзіндік ықпалын адамтану және жаратылыс концепциясы контексінде зерделеу, оны әлемдік ғылыми айналымға енгізудің тетіктерін талдап, талқылауды мақсат етті.

Алғашқы болып сөз алған Қазақ­стан Республикасы Премьер-Минис­трі­нің орынбасары Б.Сапарбаев Ә.Кекілбаевтың ғарыштық ойлау жүйе­сі­нің, дариядай шексіз білімді болуының, есте сақтау қабілетінің керемет құ­пия­­сын ашу үшін бүгінгі күннің қа­рым­­ды зерттеушілері жабыла кірісу керек екенін айтты.

Сондай-ақ Парламент депутаты Қ.Сұлтанов Әбіш болмысы туралы ой қозғап, Конгресс жұмысына сәттілік тіледі.

Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, ақын Ұ.Есдәулет «Ә.Кекілбаев және қазіргі қазақ әдебиеті», жазушы, драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Т.Әбдік «Кекілбаевтың тұлға ретінде қазақ руханиятындағы орны», жазушы, драматург А.Ким «Тағдыр мен әдебиеттің жолдарында Әбекеңмен кездесулеріміз» тақырыптарында, сон­дай-ақ Eotvos Lorand атындағы Мем­ле­кеттік университетінің және Лакителек ұлттық институты шығыстану бөлімінің лекторы, профессор, О.Мандоки «Қазақ-мадияр әдеби байланыстары тари­хын­да­ғы жазушы Кекілбаевтың орны», Түркия Республикасы Кастамону уни­вер­ситетінің профессоры, доктор Орхан Сөйлемез «Ә.Кекілбайұлының сая­си-әлуметтік қызметі: тәуелсіздікке шық­қан жол», С.Абдрахманов «Әбіш – мәдениеттанушы», ақын С.Нұржан «Ә.Кекілбаевтың рухани әлемі», Ш.Есе­нов атындағы КМТжИУ профес­со­ры, филология ғылымдарының кандидаты Ә.Қабылов «Кекілбаевтың сурет­кер­лік феномені: парасат пен пайым» тақырыптарында баяндамалар жасады.

Әбіш шығармалары, оның қалам­гер­лік қуаты мен шеберлігі, азаматтық-қайраткерлік болмысы терең зерттеуді қажет етеді. Жазушы шығармаларын зерттеп-зерделеу арқылы біз өткенді танып, ертеңді тәрбиелейміз, ұрпақ және ұлт тәрбиесіне қажетті тағылымды мағлұмат аламыз. Конгресс – әбіштану үрдісіне салынған алғашқы жол деуге болады, Әбішке қатысты терең де ауқымды жұмыстар бір шара, бір конгресс аясында тоқтап қалмай, жалғасын таба береді деген ойдамыз.

Ә.Кекілбаевтың 80 жылдығы аясында ұйымдастырылған шаралардың бірі – республикалық Ардагерлер кеңесінің көшпелі отырысы. Орталық кеңестің төрағасы Б.Ізмұхамбетов бастаған ел арда­герлері абыз жазушының шығар­ма­ларын жастарға кеңінен насихаттау туралы сөз қозғады.

Өңірлерден келген ақсақалдар алқасы мен ардагерлер кеңесінің төрағалары Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың Қазақстан халқына Жол­да­уын талқылады. Ақсақалдар кеңе­сі жастарға рухани тәрбие беру, әлеу­мет­тік мәселелер, кеңестің бұқа­ра ха­лықпен байланысы сынды мәсе­лелерге тоқталып, сөз соңында аймақ­тар­­ды бір-бірінен тәжірибе алмасуға шақырды. Семинар барысында Әбіш Кекіл­баевтың қайталанбас қолтаңбасы қазақ әдебиетінің ғана емес, әлем әдебиетінің қазынасына айналып, көсемсөз шеберінің шығармашылығы бойынша терең насихаттар жүргізу – келешек буын мен ел ағалары алдындағы маңызды міндет екені, жазушының ұрпаққа қалдырған баға жетпес мұра­ла­ры сараланып, насихатталуы қажеттігі сөз болды.

 1

Сахнада жалғасқан өмір

Н.Жантөрин атындағы драма театр өнерсүйер жандарға лық толды. Алқалаған әлеумет алдында халықаралық «ABISH ALEMI» фестивалі ашылды. Қазақстанның Еңбек Ері, халық жазушысы Әбіш Кекілбаевтың шығармаларын насихаттауға арналған алғашқы театр фестивалі 2016 жылы желтоқсан айында республикалық деңгейде өтіп, оған республикамыздың аймақтарынан алты театр және Ресейден Ноғай театры қатысқан болатын. Биыл жазушының 80 жылдығына арналып халықаралық деңгейде шымылдығын түрген шара Маңғыстау облысы әкімдігінің құрыл­тай­шылығымен, Мәдениет және спорт министрлігінің, ТҮРКСОЙ-дың қолдауымен өтті.

Фестивальге Армениядан, Грузия­дан, Әзербайжаннан, Ираннан, Өзбекстан мен Тәжікстаннан, Түркия мен Түрікменстаннан, сондай-ақ Қазақстаннан М.Әуезов атындағы мемлекеттік академиялық драма театры, Ж.Аймауытов атындағы Павло­дар облыстық драма театры және  Н.Жантөрин атындағы Маңғыстау облыс­тық драма театры әртістері қатыс­ты.

Сахна саңлағы Асанәлі Әшімов бастаған «Алтын қалам» сыйлығының лауреаты И.Исрафилов, Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрының қоюшы режиссері С.Қажымұратов, Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемле­кет­тік академиялық балалар мен жасөс­пірімдер театрының көркемдік жетек­шісі Е.Жуасбек, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Н.Өтеуіл, Қазақстан Республикасы мемлекеттік сыйлығының лауреаты Ә.Ахметов, Маңғыстау облы­сының «Жыл адамы – 2016» номи­на­циясының иегері М.Өмірәлиев енген қазылар алқасы сахна шеберлерін анықтайды.

Аймақ басшысының айтуынша, халықаралық «ABISH ALEMI» фестивалі енді екі жылда бір рет өткізіліп тұратын дәсүрлі сипатқа ие болмақ. Ал Н.Жантөрин атындағы облыстық-музыкалық драма театрының директоры Н.Мұханов Әбіштің классикалық көркем шығармаларының сахналанғаны, оның ішінде өзге тілдерге аударылғаны тым аз болғандықтан сайыскерлерге биылғы фестивальге өз репертуарындағы ұлттық және классикалық қойылымдармен қатысуға рұқсат етілгенін айтты. «Бола­шақта Әбекең шығармаларын ұлттық және шетелдердің сахналарында сөйлетуге жан-жақты дайындық жүргізіледі деп ойлаймын. Бұл ретте жалғыз біздің театр ғана емес, Әбіш ағаның әдеби мұрасына жанашыр қаламгер әріптестері, басқа да ынталы зиялы қауым белсене атсалысуы тиіс, деген еді ол.

 

Тойдан туған жері де тыс қалмады

Есімі әлемге танылған жазушы, мем­лекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбайұлының 80 жылдық мерейтойы туған жерінде де кең көлемде аталып өтті.

Жазушының туған ауылына жиналған қонақтар «Ай-Ана» ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. «Ай-Ана» мемориалды кешені ел тілегін тілеген аналардың құрметіне, Ұлы Отан соғысына аттанып оралмаған жарларын күткен әйелдердің символикалық бейнесі ретінде, Әбіштей дананы дүниеге әкелген Айсәуле анаға арнап тұрғызылған.

Меймандар Әбіш оқыған Онды орта мектебінде болып, білім ошағының тарихымен танысты. Арнайы ұйым­дас­тырылған танымдық шараларды тамашалады. Аталған мектепте жыл сайын республикалық Әбіш оқулары байқаулары өткізіліп тұрады.

Мерекелік шаралар аудан орталығы Шетпе ауылында жалғасты. Орталық алаңға «Әбіш ауылы» киіз үй қалашығы бой түзеді. Қаз-қатар тігілген киіз үйлер­де аудан тұрғындары мен қонақ­тар астан дәм татып, концерттік бағдар­ла­маны тамашалады.

Шара барысында Әбіш шығар­ма­шылығына арналған облыстық байқау­лар­дың жеңімпаздары марапатталып, бірқатарына аймақ басшысы атынан біржолғы шәкіртақы берілді, сондай-ақ Маңғыстау ауданында өткен «Сөз бен саз» бағдарламасында Қазақстанның әр аймағынан жиналған сазгерлердің Әбіш пен Фаризаға арнап шығарған әндері шырқалды.

Маңғыстау облыстық филармониясы әртістері көпшілікке әсерлі концерт сыйлады, концертте Әбіштің «Махамбет толғау», «Қаратау», «Құз басында құлжа тұр» сияқты өлеңдері мақам сазбен әдіптеліп, жыр түрінде ұсынылды, арнайы жазылған әндер орындалды.

«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ демеу­ші­­лігімен өткен жазба ақындар мүшай­ра­сында ақын Ж.Демесін «Әбіштің ауылдан аттануы» өлеңімен 1-орынды иеленіп, 250 мың теңге жүлдеге қол жеткізді.

Бірнеше күнге ұласқан шара – өткенге тағзым, бүгінгіге тағылым тойы болды.

 

Маңғыстау облысы