Қоғам • 15 Қазан, 2019

Жаяу жүргіншіге де жауапкершілік жүктеледі

2504 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жаяу жүргінші жолағында қандай да болсын жол-көлік оқиғасы орын алса, ең алдымен көлік жүргізушісі кінәлі саналады. Жүргізуші шапшаңдықты асыра сілтеді, жол ережесін сақтамады дегендей. Әрине, бұлай деп әңгіме айтудың да жаны бар. Өйткені алдымен көлік жүргізушісіне үлкен жауапкершілік жүктеледі. Алайда жол-көлік оқиғасына біржақты ғана қарау мен себеп пен салдарды жете таразыламау нақты болған жағдайдың ақиқатын қаншалықты ашады?

Жаяу жүргіншіге де жауапкершілік жүктеледі

Жалпы статистика бойынша, біздің елде әрбір екінші жол-көлік оқиғасы жаяу жүргіншіні қағып кетумен байланысты көрінеді. Және сол зардап шеккен жандардың көбі жаяу жүргінші жолағында жол-көлік оқиғасына ұшырағандар екен. Ал әрбір сегізінші жол-көлік оқиғасы жаяу жүргіншілердің кінәсінен болатындығы ойландырмай қоймайды. Мәселен, былтырғы осы кезеңде жаяу жүргіншілердің қатысуымен 4,5 мыңнан астам жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 466 адам қаза тапқан. Осындай жол-көлік оқиғаларының 88%-ы көлік жүргізушілерінің кінәсінен болады дейді сарапшылар. Ендеше неліктен заңмен белгіленген арнайы жаяу жүргіншілер жолағынан өту барысында соншама адам жол-көлік оқиғасына ұшырайды? Шынымен осының бәріне темір тұлпар тізгінін ұстағандар кінәлі ме?

Алла тағала «сақтансаң – сақтаймын» дейді ғой. Бірақ мұны жаяу жүргіншілер әсте есте ұстамайтын секілді. Себебі жаяу жүргіншіге арналған жолақтан өтерде жаяу жүргінші көлік келе жатыр ма, баяу жүріп келе ме немесе таяп қалды ма – оған мән бере қоймайды. Ол өзінің аяқ ұшы жаяу жүргінші жолағына тиді ме, сол сәтте-ақ қандай көлік болса да, қайтіп, қалай келе жатса да бірден тоқтап, жол береді деп сенеді. Ал оның кенеттен қалт тоқтай алуы, алмауы ойландырмайды. Мәселен, алыстан келе жатқан жүргізуші жаяу жүргіншілер жолағында ешкім болмаса, қалыпты жылдамдығын төмендете қоймайтындығы белгілі. Ал тап осы сәтте кенеттен алды-артына қарамастан жаяу жүргінші жолағымен жүгіре жөнелген адам өтіп кетуді ойлайды. Мұндай кезде жүргізуші жаяу жүргіншіні байқамай да қалуы мүмкін, екіншіден, байқаса да тежегішті басып үлгере алмайтындығы анық. Тіпті тежегішті сол кезде басқан сәттің өзінде көлік өз екпінімен сырғанайды емес пе?! Соның өзі-ақ кейде адамды жазым қылуға жетіп жатыр.

Тіпті, кейде жаяу жүргінші жолағын көлегейлеп бір көліктер жол жиегінде қаңтарылып тұрады. Ал сол көліктің тасасындағы жаяу жүргіншіге арналған жолақтан жүргіншінің өтіп бара жатқаны келіп қалған жүргізушіге мүлде көрінбейді. Сондайда жаяу жүргінші өзін ғана емес, қоларбадағы сәбиінің де өмірін қатерге тігіп, сақтық шараларын ескермейді. Оның сақтанбағанына оны көрмей қалған жүргізуші кінәлі ме? Сол сияқты бағдаршамның жасыл көзі жыпылықтап, сары көзі (қызыл көзі жанарда) жанып жатқанда жаяу жүргінші жолағын алыстан көлденең жүгіре қиып өтетіндерді былай қойғанда, реттелмейтін жаяу жүргіншілер жолағынан өту ережесін мүлде сақтамайтындарға кім кінәлі? Ал жол жүрісі ережесінде жазылғандай, реттелмейтін жаяу жүргінші жолағына келген жүргінші одан өтпес бұрын, келе жатқан көліктің алыс, жақындығын байқауы үшін алдымен тоқтап, жан-жағына қарауы керек. Және ол көлік ақырын келе жатыр ма, әлде қатты жылдамдықпен келе ме – соны айырған соң ғана қауіпсіздікке көз жеткізіп барып өтуі қажет.

Жүргізушінің жаяу жүргіншіге арналған жолақпен өтіп бара жатқан адамды байқаған сәтте көлік жылдамдығын азайту арқылы ақырын тоқтай алуы, сол көліктің қауіпсіз қашықтықта болуы да есептелінеді. Демек, жүргізуші жаяу жүргіншінің өткелі тұрғанын байқап, көлік жылдамдығын азайтқанда ғана, жаяу жүргінші өтуі тиіс. Ал оның көліктің жылдамдығын төмендетпестен келе жатқанын көріп тұрып, сонда да «маған қайткенде де жол беруі тиіс» деп сақтықты елемей, жолақ үстіне шығып кетуі, жол жүрісі талаптарына қайшы ғана емес, өз басын қатерге тігу!

Мұны жақсы білетін мамандар жаяу жүргінші кешқұрым немесе көз байланғанда үстіне жарық сәуле шашқышы бар киім киіп жүруге тиіс деп те айтып көрді. Сонда ол жаяу жүргінші жолағынан өтіп бара жатқанда көлік шамымен шағылысып көзге анық көрінеді. Ал ең дұрысы, сарапшылар жол-көлік ережесіне түзету енгізу қажет дейді. Онда жаяу жүргінші жолағымен адам көлік тоқтаған соң өтуге тиіс, көлік тоқтамаса өтпеуі тиіс деп нақты көрсетілуі керек. Міне, сонда ғана біреулер қасақана адамды баспаса, жаяу жүргіншіге арналған жолақта кездейсоқ апат пен жазықсыз жазалау тыйылмақ.