Спорт • 15 Қазан, 2019

Бельгияға қарсы тұрар шама қайда?!

224 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы 2020 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңі аясында I тобының үздігі, ФИФА рейтингінде көш бастап тұрған Бельгия құрамасын қабылдап, 0:2 есебімен есе жіберді.

Бельгияға қарсы тұрар шама қайда?!

Екі құрама арасындағы ал­ғаш­қы кездесу маусым айында Бельгияда өткен болатын. Сол матчта Эден Азар бастаған бель­гия­лық футболшылар Қазақ­стан құрамасының қақпасына жауапсыз 3 гол соғып, жеңіске жеткен еді. Арада 4 ай өткенде «Ас­тана Арена» стадионында Бельгия құрамасы өзінің мықты­лығын тағы да дәлелдеді.

Әу баста футбол мамандары бұл матчта Бельгия құрамасы еш қиындықсыз жеңеді деп бол­жаған-ды. Тіпті «Қызыл сай­тандар» біздің қақпаға жауапсыз 4-5 гол соғады деп те сәуегейлік жаса­ғандар бар еді... Қазақстан құрамасы ойынды жақсы бас­тады деп айтуға болады. Матч­тың алғашқы 20 минутын отан­дастарымыз қорғаныста да, ша­буылда да сәтті өткізді. Ой­ындағы алғашқы қауіпті ша­буылды да біздің жігіттер ұйым­дастырып, гол соғатын тамаша мүмкіндікті пайдалана алмады. 8-минутта Максим Фе­диннің айып алаңының ма­ңайынан тепкен добы қақпа бағанынан сәл ғана қиыс кетті. Қонақтар да қорғанысқа жатып алды деп айта алмаймыз. Эден Азар, Миши Батшуайи сияқ­ты кіл мықтылар жиналған Бельгия футболшылары да Дмитрий Непогодов қорғаған қақпаны бірнеше рет нысанаға алғанымен, нәтиже шықпады. Десе де, ойынның 21-минутында Батшуайи мергендігімен көзге түсіп, есепті ашты. Отан­да­сы Деннис Праттан пас ал­ған Миши қорғаушы Аб­зал Бей­себеков пен қақпашы Дми­трий Непогодовты қапы қал­ды­рып, гол соғып кетті. Бірінші таймның соңына дейін бель­гиялықтар бірнеше қауіпті ша­буыл ұйымдастырғанымен, есепті еселей алмады.

Екінші тайм да Бельгия құ­рамасының басымдығымен бас­талды. Қонақтар біздің қақ­па маңайында жиі шабуыл­дағанымен, көбісі сәтсіз аяқ­талып жатты. Бірақ 53-минутта қонақ­тардың капи­таны Эден Азар оң қанаттан ашылған Тома Меньеге дәл пас асырды. Қор­ғаушы Дмитрий Шомконы қа­пы қалдырып, допты өзіне сәт­­ті икемдеп алған Менье Не­погодов қақпасына соққы ба­ғыттап, есепті 2:0-ге жеткізді. Кездесу соңына дейін Бельгия құрамасының есепті еселейтін бірнеше мүмкіндігі болды. Дрис Мертенс пен Миши Бат­шуайидің тепкен доптары бірде қиыс кетсе, бірде Непо­го­дов қырағылық танытты. Жер­лестеріміз алғашқы таймда­ғыдай екінші 45 минутта да бір ғана қауіпті шабуылымен көзге түсті. 79-минутта Бель­гия біріншілігінде доп теуіп жүрген Ян Вороговский қақпа­шымен бірге-бір шығып, гол соға алмады. Бұл жерде Во­роговскийге сәт­тілік пен ше­берлік жетіспеді. Осылайша, Бельгия 0:2 есебі­мен жеңіске жетіп, кезекті үш ұпайын ол­жалады. Ал Қа­зақ­стан құра­масы Еуропа чем­пио­натының іріктеуін өз ала­ңында жеңіспен бастап (Қазақстан – Шотландия – 3:0), жеңіліспен аяқтады. Енді отандастарымыз іріктеу кезеңіндегі соңғы екі ойы­нын сырт алаңда өткізеді. 16 қа­рашада Сан-Мариноға қонаққа барса, 20 қарашада Шотландия құрамасымен кездеседі.