Спорт • 15 Қазан, 2019

Маңғыстаулық палуан Дәурен Төлегенов самбодан әлем чемпионы атанды

662 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жастар мен жасөспірімдер арасында Самбодан әлем чемпионаты Ташкент қаласында өтті. Қазан айының 13-де қорытындыланған додада маңғыстаулық самбошы Дәурен Төлегенов әлем чемпионы атанды.

Маңғыстаулық палуан Дәурен Төлегенов самбодан әлем чемпионы атанды

Дәурен Ақтаудағы «Жас батыр» спорт мектебінде жаттығады. Ол  Әлем біріншілігінде 56 келі салмақта сынға түсті. Кілемде Түркменстан, Колумбия, Әзербайжан және Өзбекстаннан келген спортшыларды тізе бүктірген ол айқын басымдықпен жеңіске жетті.

Дәурен самбодан Қазақстан чемпионы, Азия чемпионы атанған болатын.

-Самбо күресіне қатысып, түрлі додаларда бақ сынап жүргеніме 8 жылдай уақыт болды. Алайда әлем чемпионатында алғаш рет сынға түстім. Әлемнің түкпір-түкпірінен мықты спортшылар келді. Финалдық кездесуде Өзбекстаннан келген спортшымен белдесіп, бірінші орынды иелендім. Осы жеңіске жетуім үшін мені үздіксіз жаттықтырған бапкерлеріме алғыс білдіремін. Ендігі мақсат – ересектер арасында самбодан әлем шыңын бағындыру, деген Дәурен Төлегенов бапкерлеріне және «Жас батыр» спорт мектебіне алғысын жеткізді.

Бүгін маңғыстаулықтар Ақтау халықаралық әуежайынан жуырда туған жеріне жүлдемен оралған боксшы Бекзат Нұрдәулетовтің жеңісті жолын жалғастырып, ауылына алтынмен оралып, ел мерейін асқақтатқан палуан ұлы Дәурен Төлегеновті қуана қарсы алуға дайындалуда.