Аймақтар • 15 Қазан, 2019

Арыс: Қос мегаполис кестедегі мерзімнен кешігуде

232 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Түркістан облысы Арыс қаласында атқарылып жатқан құрылыс және жөндеу жұмыстары аяқталу сатысында тұр. Дегенмен, құрылыс нысандары ауқымды Нұр – Сұлтан және Шымкент қалалары кестеде белгіленген мерзімнен кешігіп келеді. Елордалық құрылысшылар мойнына алған 1167 пәтерге күрделі жөндеу жүргізілсе, үш көпқабатты үйдегі 287 пәтер жаңадан салынуда. Бұл аймақтарға қарайтын үйлердің құрылысы мен ішкі және сыртқы әрлеу жұмыстары жалғасуда.

Арыс: Қос мегаполис кестедегі мерзімнен кешігуде

Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалық етуімен өткен аппарат мәжілісінің кеңейтілген отырысында Арыс қаласындағы жұмыс жөнінде баяндаған сектор жетекшілері осындай мәліметтер келтірді. Күн тәртібінде алдымен Арыс қаласында атқарылып жатқан құрылыс жұмыстары мен жол, кәріз жүйелерінің жаңаруы жайлы соңғы мәліметтер мен 2020 жылдан бастап елімізде енгізілетін атаулы әлеуметтік көмекті төлеудің жаңа тәсілдері талқыланды. Сондай-ақ Түркістан қаласын көгалдандыру мен абаттандыру жұмыстары барысы баяндалды. Түркістан қаласы жасыл желектендіру жұмыстары бойынша Арыс тәжірибесі негізінде 16 секторға бөлінген. Бүгінде су ұңғымалары мен құдықтар қазылып, заманауи жаңа аялдамалар ашылып, ағаштар отырғызылып, орындықтар орнатылуда, сонымен қатар жолаяқ пен велосипед жолын салу жұмыстары қарқынды жүргізілуде.

Кеңейтілген отырыста атаулы әлеуметтік көмекті төлеуге қатысты облыс бойынша соңғы деректер жария етілді. Бұл ретте, табысын жасыру, жеке бизнесінің болуы және АӘК алу шарттарын бұзу секілді 18 мыңнан астам дерек анықталған. Жиында бұрын тағайындалған АӘК қайта есептеу нәтижесінде 4,2 мың отбасыға атаулы әлеуметтік көмек беруден бас тартылғаны, 3,1 мың отбасыға уақытша тоқтатылып, 7,3 мың отбасыға қайта есептелінгені және артық төленген 650 млн теңгенің 38,8 млн тг қайтарылғаны мәлімделді.