Экономика • 16 Қазан, 2019

Экономикалық өсімнің көлеңке тұсы

296 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Биыл экономиканың ең негізгі деген салаларында өндірістің төмендегені байқалады. «Абырой болғанда» теңге әлсіреп, бұл өз кезегінде экспорттан түскен табыстың теңгеге шаққандағы көлемі көбеюіне мүмкіндік берді.

Экономикалық өсімнің көлеңке тұсы

Жыл басынан бері эконо­ми­каның негізгі салаларына салын­ған инвестиция көлемі 2018 жылмен салыстырғанда 9,7 пайыз ұлғайып, 8,6 трлн теңгеге жет­кен. Нәтижесінде экономика 4,7 па­йызға өсті.

Соның ішінде құрылыс сала­сында өндірілген өнім мен көр­се­тіл­ген қызмет көлемі былтырғы жыл­дың қаңтар-қыр­күйе­гімен салыс­тырғанда 13,5 па­йызға ұлғай­ды. Бұл соңғы жылдардағы ең қарқынды өсім екені белгілі. Жыл басынан бері Нұр-Сұлтан қала­сында тұрғын үй салу көле­мі 30 пайызға азайғанына қара­мас­тан, саланың қар­қын­­ды дамы­ға­ны белгілі. Бұл бірінші кезек­те аймақтарда құрылыстың қарқын алуы­­мен байланысты болса керек.

Тасымал саласы да былтырғы қаң­тар-қыркүйек аралығымен салыс­тыр­ғанда биылғы алғашқы тоғыз айда 5,5 пайызға көбейіп отыр. Соның ішінде жүк айналы­мы 1,6 пайызға ұлғайса, жолаушылар тасымалындағы өсім 4,9 пайызға жетті.

Есесіне ауыл шаруа­шы­лы­ғын­­дағы көрсеткіштер соң­ғы бір­­неше жылда алғаш рет құл­ды­­рады. Статистика комитетінің мә­лі­метінше, ауыл, орман және ба­лық шаруашылығы былтырғы тиісті кезеңмен салыстырғанда 0,5 пайыз­ға төмендеп, 3,7 трлн теңгені құра­ды. Биыл астық түсі­мі­нің аздау бол­ғанын ескерсек, көр­сеткіш жыл соңына дейін тағы төмендей түсуі мүмкін.

 

«Сырттан сатып алып баю»

Ең қар­қынды өскен саланың бірі – сауда. Сауда көлемі қаңтар-қыркүйек аралығында был­тырғы алғашқы тоғыз аймен салыстырғанда 7,6 пайызға артты. Ол бірінші кезекте көтерме сауда­ның қарқын алуымен байланысты болып отыр. Нақтырақ айтар болсақ, көтерме сауда көлемі атал­ған уақыт аралығында 8,6 пайызға ұлғайды. Яғни, осы сала­да­ғы компаниялар жыл басынан бері 17,6 трлн теңгеге сауда жаса­ған.

Көтерме сауданың дамығаны эконо­­микалық көрсеткішке оң әсер етке­ні­мен, оның құры­лы­мына көз жүгіртер болсақ, жағ­дай оншалықты мәз емес. Олай дейтініміз, көтерме сауданың ішінде экспорт көлемі 4,5 пайыз азайып 37,6 мрлд АҚШ долларын құраса, импорт 13,2 пайыз көбейіп 24,6 млрд теңгеге жеткен. Яғни сыртқа сатуымыз аза­йып, сатып алуымыз көбейіп бара жатыр.

Экспорттың азайып, импорт­тың көбеюі бірінші кезекте ши­кі­зат нарығы мен АҚШ дол­ла­ры­ның бағасына да байланысты. Былтыр «қара алтынның» орташа бағасы 65 доллардан асқаны белгілі. Ал биыл көрсеткіш 60 доллардан да төмен болып тұр. Оның үстіне Қашаған мен Теңіз­де­гі жөндеу жұмыстары да мұнай өнді­рісін азайтып, осының бәрі сырт­қа сатылған экспорт табысын төмендетіп отыр.

 

Жұмсаған ақша көп, алған тауар аз

Бөлшек сауда көтерме сауда секілді күрт көбеймегенімен, был­тырғы 9 аймен салыстырғанда 5,5 пайызға ұлғайды. Соның ішінде Алматы қаласы мен Нұр-Сұлтан қалала­рындағы қарқыны күшті. Екі мега­полистегі бөлшек сауда тиі­сінше 31,2 пайызға және 12 па­йызға көбейді. Сонымен қатар Қарағанды мен Шығыс Қазақстан облыстары да бөлшек сауданы ұлғайтқан.

Дегенмен мұнда да сауда көлемінің өсімі экономиканың оңалғанын көрсет­пейді. Өйткені бөлшек саудада ең үлкен үлес азық-түлік саудасына тиесілі. Ал жыл басынан бері азық-түлік 6,2 пайызға қымбаттады. Әсіресе жоғарыда аталған, бөлшек сауданы «дамытқан» екі мегаполисте тамақ бағасы шамамен 8-10 пайызға дейін шарықтап кеткен еді. Егер жыл басынан бері тамақ бағасы 6,2 пайызға дейін қымбаттады десек, бөлшек сауданың 5,5 пайызға өскені шын мәнінде сауданың ұлғайғанын емес, керісінше азайғанын көрсе­теді. Яғни халық көп ақша жұм­са­­­ғанымен, былтырғыдан аз тауар сатып алған.

 

Аз жұмыс істеп, көп табыс тапты

Экономиканың ең негізгі және ең тұрақты саласы – өнеркәсіп әдеттегідей орташа деңгейде қалды. Бұл жолы өнер­­кәсіптің өсімі экономиканың орташа өсімінен анағұрлым төмен. Тоғыз айда экономика 4,7 пайыз өскен­де, өнеркәсіп саласы бар болғаны 3,3 пайызға ұлғайды. Соның ішінде өңдеу өнеркәсібі кен қазу мен шикізат өнді­ру­ден асып кетті.

Жекелеген тауар түрлері бойынша жанармай өндірісі 14,7 пайыз көбейсе, мыс кендері мен тазартылған мыс өн­дірісі тиісінше 14,5 және 11 пайызға өсті. Бұлар былтырғымен салыстырғанда ең көп өндірілген өнімдер. Ал мұнай мен газ конденсаты өндірісі 0,5 пайыз, электр энергиясының өндірісі 2 пайызға азайып кетіпті. Жалпы, экономиканың өсімі ең алдымен кәсіпорындардың бел­сенділігіне байланысты десек, электр қуатын тұтыну деңгейінің төмен­деуі биыл «аз жұмыс істелгенін» көр­сетеді. Ал теңгеге шаққандағы көр­сет­кіштің өсуі доллар бағамының қым­баттауымен байланысты. Бір сөзбен айт­қанда, экономикалық өсімге нақты өндірістің дамығанынан емес, бағаның қым­баттағаны әсер етіп отыр.