Қоғам • 16 Қазан, 2019

Әлеуметтанушылардың қызметі көңілден шыға ма?

683 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Әлеуметтік зерттеу – қоғамның айнасы. Дегенмен олардың жұмысы мен зерттеу нәтижелері туралы тек саяси науқандар, әсіресе сайлау кезінде ғана хабардар болып жататынымыз бар. Әлеуметтік зерттеу институттарының, орталық­та­ры­ның негізгі мақсаты, жұмысы және зерттеулерді қалай жүргі­зе­­тінінен қаншалықты хабар­дармыз? Жалпы, қоғам­дық пікірді сараптау, әлеуметтік зерттеулермен айналысатын орталықтардың қоғамға қажеті бар ма?

Әлеуметтанушылардың қызметі көңілден шыға ма?

Аз ғана шегініс жасасақ, әлеу­мет­­танудың еліміздегі алғаш­қы қа­дам­дарын 1988 жылы әл-Фа­раби атын­да­ғы Қазақ ұлттық уни­вер­си­тетінде ашылған әлеуметтану бөлі­мімен байланыстырады. Өткен ғасырда негізін қалаған орта­лық бүгінде еліміздегі ең мықты деген әлеу­меттанушылар мен сарапшы­лар­ды дайындайтын мектепке айналған. Сарапшылардың сөзіне қара­сақ, тәуелсіздік алғаннан кейін әлеу­мет­тік зерттеулер кең өріс жа­йып, жаңа деңгейге көтерілген. Оған рефор­ма­лар­дың либералдануы мен биліктің азаматтық қоғам институттарымен диалог құра бастауы, қоғамдық пікірге құлақ асуы себеп болыпты.

Отыз жылдық тарихы бар отан­дық әлеуметтану институтын шетел­де­гі­лер­мен салыстыруға кел­ме­сі анық. Бұған деректер де дәлел бола алады. ESOMAR Дүниежүзілік зерттеушілер ассоциациясының жыл сайынғы қоры­тындысына сүйенсек, 2013 жылы АҚШ-тың әлеуметтік зерттеу нарығының көлемі 40 млрд АҚШ долларын құраған. Ресейде дәл осы жылы әлеуметтік зерттеулерге 429 млн АҚШ доллары жұмсалыпты, ал Қазақстанда әлеуметтік зерттеулерге небәрі 15-20 млн АҚШ доллары кеткен.

Дегенмен сұраныс жоқ емес. Елі­міз­дегі әлеуметтік зерттеу нәти­же­ле­ріне қарасақ, бүгінде маркетингтік талдаулар үлкен сұранысқа ие, ал әлеуметтік зерттеулердің негізгі тапсырыс берушісі – мемлекет. 2012 жылы әлеуметтік зерттеулерге мемлекет қазынасынан 261 млн теңге бөлінсе, 2013 жылы 357 млн теңге жұмсалған екен. Одан кейін зерттеулерге бөлінетін қаржының да, сұра­латын қаржының да көлемі өске­нін 2018 жылы Мәжіліс депута­ты Наталья Жұмаділдаеваның сол кездегі Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевке қойған сауалынан байқауға болады. Депутаттың байқауынша, министрлік мемлекет бюджетінен әлеуметтік зерттеу­лерге бөлінген 460 млн теңгеге қосымша 800 млн теңге сұратыпты. Оған министр аталған қаржының латын қар­піне көшу, ЭЫДҰ-ға мүше мем­лекет ретіндегі білім сапасы, мем­ле­кеттік бағдарламаларды орындау нәтижелері сынды талдауларға жұм­са­латынын айтқан еді.

Әлемдік рейтингте қоғамдық та­мыр­шыларға жұмсалатын қар­жы­­ны адам басына қарай есептеу қалыптасқан. Егер әр елдің көр­сет­кі­шіне көз салсақ, Қазақстан бұл рейтингте төменгі орындардың бі­рін­де. Өйткені бізде әлеуметтік зерт­теулерге адам басына шаққанда 1 АҚШ доллары жұмсалады екен, ал алдыңғы қатарлы елдерде бұл 15-20 АҚШ долларының айналасында.

Технологияның дамуы да әлеу­мет­тік зерттеулерге жаңа серпін бергендей. Қазір түрлі платформалардың көмегімен сауалнамалар жүргізуге мүмкіндік бар. Бұл кішігірім зерттеулер жүргізуге, аз аудиторияның пікірін білуге мүмкіндік жасап отыр. Осы ретте әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Әлеуметтану және әлеуметтік жұмыс кафедрасының аға оқытушысы, «Қоғамдық пікірді зерттеу орталығы» директорының орынбасары Айжан Шабденова қазіргі кезде сауалдамаларды планшетпен жүргізу үлкен сұранысқа ие болып отырғанын айтады. «Сауалдаманы арнайы құрылғымен өткізу сұхбат өткен жерді, оның дыбыстық жазбасын, ұзақтығын, қажет жағдайда тіпті суретін көруге мүмкіндік береді. Яғни, бұл шынайы бейнені алуға 100 пайыздық мүмкіндік береді. Тапсырыс беруші де GPS арқылы тапсырманың қай жерде орындалғанын бақылап отырады», дейді. Сарапшының айтуынша, зерттеулерге жұмсалатын қаржы мен уақыт зерттеу түріне байланысты әртүрлі. «Сұранысты білмей жатып нақты ұзақтығы мен қаржыны болжау мүмкін де, дұрыс та емес. Өйткені зерттеу респуб­ли­ка бойынша немесе арнайы бір аймақтарда жүргізілуі мүмкін. Қала не ауыл, одан қалса облыс орта­лы­ғы­на жақын, орталықтан алыс болуына қатысты зерттеу мерзімі де өзгеріп тұрады. Қатысушылардың да жас ерекшеліктері, қоғамдағы орны да тапсырыс берушінің сұранысына қарай таңдалады. Әдетте, арнайы аудиториямен жасалатын зерттеулер ұзақ уақытты талап етеді. Кей кезде қатысушыларға сыйлық беру керек болып жататыны бар. Оның барлығы міндетті түрде ескеріледі. Тұрмыс деңгейі, әлеуметтік жағдайы төмен азаматтарға қатысты талдаулар болса, оларды тарту тіптен қиын. Сәйкесінше, ақысы да қымбат», деді Айжан Шабденова.

Ал тапсырыстарға тоқталсақ, сарапшылар мемлекет пен жеке ком­паниялардың тапсырыс үлесі тең түсетінін айтты. Алайда жеке ком­паниялар орталықтарға көбіне марке­тингтік зерттеулер үшін жүгі­не­ді екен. Мемлекеттік мекемелер қандай да бір бағдарламаның орындалуын, жыл сайынғы мониторинг үшін әлеуметтік зерттеулерді назарға алатыны белгілі болды. Отандық әлеуметтік институт пен шетелдік институттар тапсырысында да айтарлықтай айырмашылық байқалады. Мұхиттың ар жағындағы елдерде саяси партия­лар, шенеуніктер туралы қоғамдық пікірді білу үшін де зерттеулер жасалса, бізде бұл тақырыпта тек әуесқой сауалдамаларды ғана көруге болады. Оның үстіне, шетелде «лонгитюдты», яғни ұзақ мерзімді зерттеулер де жүргізіледі. Бұлар – белгілі бір процесті, қоғамдық топтарды, жаратылысты бірнеше жыл бойы бақылап, оның дамуын не артта қалуын, пайдасы не зарарын анықтау үшін жүргізілетін зерттеулер. Бүгінгі күнге дейін жалғасқан көпжылдық зерттеудің ең ұзағы 1957 жылы басталған. Wisconsin Longitudinal Study орталығы Мадисон университеті (АҚШ) түлектерінің жоспарын, жұмысқа орналасуын зерттеуді қолға алады. Жұмыс барысында зерттеудің кең ауқымды екені байқалып, өмірдің басқа да тұстарын қосып, денсаулық, кәрілік сияқты адам факторларын да назарға ала бас­тайды. Зерттеу бойынша 400-ге жуық кітап пен ғылыми мақала жазылған. Кеңес өкіметінде де ұзақ мерзімді әлеуметтік зерттеу жүргізілген болатын. 1983 жылы М.Х.Титма бастаған кеңес ғалымдары «Ұрпақтар жолы» деп аталатын бүкілкеңестік бақылау жүргізеді. Мұнда Кеңес өкіметінде туған жастардың өмірі, қоғамда орнын табуы сынды мәселелер қарастырылған. 1999 жылға дейін созылған зерттеу артынша тәуелсіз мемлекеттерде де жалғасын тапқан.

Әлеуметтік зерттеулердің нәти­же­лері қоғамдағы өзекті мәселелер, тенденциялар туралы хабар беріп қана қоймай, ғылыми жаңалықтарға негіз бола алатын бірден-бір жұмыстар. Мәселен, Британия ғалымдарының сәби денсаулығына қатысты жүр­гіз­ген әлеуметтік зерттеуінің нәти­же­сін­де 1700 мақала жазылып, ұлттық құндылықтарға қатысты үлкен жаңалықтар ашылған. Шетелде зерттеуге қатысушылардың саны да бізден гөрі әлдеқайда көп. Мәселен, Гарвард университетінің ғалымдары жүргізген медбикелердің әлеуметтік өміріне қатысты зерттеуге 280 мың адам қатысқан.

Жоғарыда айтқанымыздай, әлеу­меттік зерттеулер – қоғамда қорда­лан­­ған мәселелерді байқауға, қажет жағдайда оны түзеуге мүмкіндік беретін құрал. Біздегі әлеуметтік инс­титуттар көбіне тапсырыс берушінің тап­сырмасының шеңберінен шық­пай­ды. Елімізде әлі де әлеуметтік зерт­теулерге қатысты сарапшылар кеңесі жоқ. Сондықтан жүргізілген зерттеудің нәтижесі тек тапсырыс берушіге ғана беріліп, анықталған мәселелердің шешілуі, құзырлы органдарға жүктелуі қадағаланбайды. Зерт­теулерге жұмсалатын қаржы да тапсырыс беруші мен орындау­­шы арасында келісілетін мәселе. Бақылаушының болмауынан да тапсырыс берушілердің сұраныстары бақыланбайды. Зерттеу нәтижелерінің көпшілікке ұсынылмауы жұмыстың көлеңкеде қалуына себеп. Ал қоғам­ның назарына ұсыну оны жан-жақты талқылау оң нәтижесін беріп, елімізде әлеуметтану институтының көшін ілгерілетуге алып келер еді.

Мақаланың басында әлеуметтік зерттеу қоғамның айнасы дегенді бекер айтқан жоқпыз. Өйткені  әлеуметтік зерттеулер арқылы қоғамдағы ахуалды жан-жақты сараптап, біліп отыруға болады. Сауалдама нәтижесіне сәйкес қойылған «диагнозға» байланысты шаралар қабылданады. Ендеше бізге қазіргі кезде қоғамның көңіл күйін айқындап отыратын, объективті әлеу­меттік зерттеулер жүргізетін орта­лық­тардың қызметін жандандыру қажет-ақ.