Қоғам • 16 Қазан, 2019

«Яндекс» компаниясынан шақырту алды

1683 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Ресейлік «Яндекс» компаниясынан шақырту алған қызылордалық жас Дастан Айтбаймен IT жобалары турасында әңгімелеспек болып, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің баспасөз қызметіне хабарласқанбыз. Олар жас өнертапқыштың ұялы телефонды қолданбайтынын айтып, жақындарының телефон нөмірлерін ұсынды. Осылайша жас өнертапқышты әңгімеге тартқан едік.

«Яндекс» компаниясынан шақырту алды

10 мың долларға бағаланған жоба

Дастан Айтбай расымен-ақ ешқандай әлеуметтік желіде жоқ. Тіпті кез келген адам күнделікті ақпарат алмасуға қолданатын мессенджерлерді де қолданбайды. Айтуынша, оның бұл әрекеті уақытын тиімді пайдалануымен байланысты. Ол уақытының көп бөлігін IT жобаларды әзірлеумен өткізеді. Оның бұл салаға бет бұруына инновациялық технологиялардың таңғаларлық мүмкіндіктері себеп болған.

Қызылордалық жас мектеп бітірген соң, әкім грантын иеленіп, 2015 жылы Мәскеу болат және қорытпалар институтында нанотехнологиялар мамандығында білім алған. Оның  IT жобалармен етене араласуы осы оқу орнынан басталады. Технологияның шексіз мүмкіндіктерін көрген сайын, оның бұл салаға деген қызығушылығы одан әрі арта түскен. Оның үстіне бұл оқу орнында әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған түрлі өнертапқыштар жиналған. Ол әрбірінен өзіне қажет қасиетті жиып отырған. Д.Айтбай бір жарым жылдан кейін бұл оқу орнынан отбасылық себептерге байланысты Қазақстанға қайтып келгенімен, әлі күнге дейін сол Мәскеудегі әріптес-достарымен араласып тұрады. Қазір олар бірін-бірі түрлі ақпаратпен хабардар етеді. Қашықта отырып та бірлесіп жұмыс істейді.

Қазір Д.Айтбай Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің жур­налистика факультетінің 4-курс сту­денті. Оқуды тәмамдаған соң, дәл осы маман­дығымен қызмет етемін деп отыр. Ол ақ­параттық технология саласының ішкі жай-күйін жақсы білгендіктен, аталған сала­ны БАҚ-та кеңінен насихаттағысы келеді.

Д.Айтбайдың ең әйгілі жобасы «Каф­ка» деп аталады. Ол домені мен хостингі бар платформаларды қорғайтын антивирус есебінде жұмыс істейді. Яғни түрлі сайт­тарға жасалатын хакерлік шабуылдарға төтеп береді. Жобаның ерекшелігі – келген вирус өз «ұясына» кері қайтып, өз-өзін жойып жібереді. Өнертапқыштың ай­туынша, көптеген елде дәл осындай хакерлік жүйеге қарсы жұмыс істейтін виртуалды антивирус жоқ. Бізге мәлімі компьютер немесе ноутбукке орнатылатын Kaspersky, Dr.Web сынды антивирустар. Олар компьютердің техникалық қызметін ғана қорғайды. Ал «Кафка» сайттың ақпа­рат­тық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ар­налған дүние. Оған мұндай бірегей жобаны жасап шығару үшін 3 айға жуық уақыт кет­кен. Күнделікті уақытының 6 сағатын ар­нап отырған.

Дастан бұл жобасын Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Smart Zholy бағдарламасы аясында Astana Hub ор­талығында қорғаған болатын. Синга­пур­лық инвесторлар мен тәуелсіз сарапшылар оның аталған жобасын 10 мың долларға бағалап, қолдау көрсетті. Қазір «Кафка» Сингапурдағы жекеменшік микроқаржы орталықтарының сайттарына орнатылған.

«Кафка» жас маманға жаһандық IT әлеміне жол ашты деуге әбден болады. Себебі жақында оны Ресейлік «Яндекс» ком­паниясы жұмысқа шақырды. Ол бұл шақыртуды қуана қабыл алып, оқуын аяқтаған соң 1 жыл көлемінде Мәскеуде жұ­мыс істеймін деп отыр.

 

Safeheadphones – әлеумет үшін

Үнемі ізденісте жүретін жігіт жаңа дүние ойлап табудан жалыққан емес. Әзірлеген әр жобам қоғамға көмегін тигізіп жатса, мендік мақсаттың орындалғаны дейді ол. Оның әрбір жұмысы расында әлеуметтің тыныштығын сақтау үшін жасалады. Құлаққап таққан кей тұрғын­дардың жол апатына түсіп немесе көліктің астында қалған оқиғаларын жиі естиміз. Д.Айтбай осындай оқиғалардың алдын алу үшін Safeheadphones деп аталатын қауіпсіз құлаққап ойлап тапты. Бұл оның ең аз уақытта жасалған жобасы көрінеді. Азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін құлаққап небәрі бір жарым айда жасалған.

Safeheadphones құлаққабының жұмыс істеу принципі оңай. Құлаққапқа арнайы қауіпсіздік сигналы орнатылған. Мәселен 15 метр арақашықтықтан автокөліктердің, жедел-жәрдем көліктерінің сигналы естілгенде құлаққаптағы әуен автоматты түрде тоқтайды. Осылайша, қауіпсіз құлаққап адам өмірін сақтап қалуға себеп болады.

 

Сақтықта қорлық жоқ

Қазір Д.Айтбай For life жобасын әзірлеп жатыр. Оның айтуынша, бұл жоба өнертапқыш үшін ең қиын, ең маңызды, ең пайдалы жоба. Себебі ол дайын болғанда көпке көмегі тиетін бірден-бір жоба болмақ. Ол бұл жұмысын Нұр-Сұлтан қаласында болған, көптің қабырғасын қайыстырған көп балалы үйдегі өрт оқиғасынан кейін қолға алған.

For life жобасы өрттің алдын алуға немесе өрт болған жайдайда оны құзырлы органдарға дер кезінде хабарлауға көмек­теседі. Жоба бойынша ғимараттағы бақылау камералары интернетке қосы­лып, оның дербес IP мекенжайы базаға тіркеледі. Жобаның алгоритмінде 5000-ға жуық жанып жатқан оттың суреті мен 3000-ға жуық видео бар. Егер де меке­ме­ден 1 кв/м өрт тұтанатын болса,  жа­сан­ды интеллект базадағы оттың суреті мен қосулы тұрған камерадағы өрттің сәй­­кес­тігін іздейді. Сәйкестік болған жағ­дайда жасанды интеллект автоматты түрде жедел-жәрдем қызметіне, өрт сөндіру­шілерге және тағы да басқа құзырлы ор­гандарға төтенше жағдайды бірден хабар­лайды. Сондай-ақ сол мекемедегі жауапты бір адамның телефонына өрт жа­йында SMS хабарлама жібереді. Осы­лайша, өртті дер кезінде ауыздықтауға болады.

Д.Айтбайға бұл жобаны жасау оңайға түс­пеген. Өзге жұмыстарымен салыстыр­ғанда оның жасалу мерзімі де ұзаққа созылып отыр. Отпен жұмыс істеу қиын болуы себепті For life-ты жанданды­рып жүргеніне 4 айдан асыпты. Дастанның алғашқы 3 тапсырыс берушісі де табылған. Ол Қызылорда қаласындағы жеке дүкен мен 2 мекемеге бағдарламасын орнатып та үлгерген. Сондай-ақ Д.Айтбай бұл бағ­дар­ламаны көп балалы отбасылар мен Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне тегін орнатуға ниетті.

Аталған жобалар өнертапқыштың IT саласындағы бастамасы ғана. Ойға ал­ғандары да жетіп-артылады. «Қазақ­станның 100 жаңа есімі» бағдарламасының 2019 жылғы қатысушылары қатарына енген жастың жаңа жобалары да елдің пайдасына тиіп, қоғамның тыныштығын сақтары сөзсіз.