Аймақтар • 16 Қазан, 2019

«Браконьер» біраз басбұзарды құрықтады

232 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бесінші қазаннан бастап Солтүстік Қазақстан облысында да заңсыз аңшылық фактілерін анықтау және олардың жолын кесу, сондай-ақ экологиялық қылмыстарды ашу мақсатымен қолға алынған «Браконьер» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы (ЖПШ) өтуде. Оның барысында, табиғатты қорғау заңнамасын бұзудың 60 фактісі анықталды.

«Браконьер» біраз басбұзарды құрықтады

Заңсыз аң аулауды құрықтау­дың алғашқы І0 күнінде 34 заң­сыз аңшылық, 20 заңсыз ба­лық аулау және балық аулау заң­намасын бұзу, 5 азаматтық қару сатып алу, сақтау, қолдану немесе тасымалдау тәртіптерін бұ­зу фактілері әш­кере болды. Со­ның ішінде Жамбыл ауданында жүргізілген рейдтік іс-шара барысында табиғатты қорғау полициясы то­бының аға инспек­торы, полиция капитаны Да­мир Мұрсалиев Бла­говещенка село­сының ма­ңында күдікті болып көрінген «ВАЗ 21214» автомашинасын тоқ­татқан. Полиция қыз­меткерінің қырағылығы сәт­ті болып шығып, салоннан жа­ңа сойылған Сібір елігінің еті шыққан. Даланың сұлу аңы­ның бірі саналатын бұл елік аймақтық «Қызыл кі­тап­­қа» енгізілген. Заңсыз аң аулау­шылардың кесірінен қазір олардың саны да мүлде азайып кеткен. Сондықтан оны атуға заң­­мен тиым салынған. Бірақ «аң­шымыз» деп бәрін де қырып-жою­ға тырысатындар оған қарай ма, табиғаттың сұлу жа­рат­қан, осы­нау жазықсыз жануарын оққа іліктіріпті.

Өздерінің айтуларына қа­ра­ған­да ұс­талғандар елікті «Украйн­с­кое» селосының ма­ңын­да көріп, үй­лерінен мылтық алып шы­ғып, бірнеше сағат бойы со­ңына түсіп, атқан екен. Қа­ладан келіп аңшылық құрған ерік­кендер емес, бірі жүргізуші, бірі механи­затор болып істейтін осы ауыл тұр­ғын­дарының аңды көзі қиып қа­лай атқанына таңға­ласың...

Енді заңсыз аң аулаушылар Қазақстан Республикасы Қыл­мыс­тық кодексінің заңсыз аң­шылық фактісіне жаза қарас­тыратын 337-бабы бойынша сот­қа дейінгі тергеп-тексеру­лер­дің бірыңғай тізіліміне еніп, тағ­­дыр­лары соттың шешіміне тәуел­ді болып отыр. Әзірге олар­ға бұл­тартпау шарасы қолда­ныл­ған.

ЖПШ нәтижесінде заңсыз аң аулаушылық қана емес, «Балық ресурстарын, басқа да су жануарларын немесе өсiмдiктерін заңсыз аулау», «Ағаштар мен бұталарды заңсыз кесу» баптары бойынша да тәртіп бұзып, қылмыс жасаған­дарда анықталған. Соның ішінде табиғатты қорғау заңнамасын бұз­ған 56 құқық бұзушы әкімші­лік жауап­кершілікке тартылды.

 

Солтүстік Қазақстан облысы