Маңызды жиынның пленарлық отырысына Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Жансейіт Түймебаев, Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев, ғалымдар, қоғам қайраткерлері қатысты.
Жансейіт Түймебаевтың айтуынша, «Qazaqtany» жобасы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы аясында қолға алынған, еліміздің ішкі бірлігі мен ынтымағын артыруға бағытталған бағдарлама. Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен «Qazaqtany» дәрістері биыл Түркістан және Павлодар облыстарында өткен екен.
-«Қазақтану жобасы аясында біздің өңірде де көптеген игі шаралар жүзеге асып келеді. Асылы Осман апамыз айтқандай, «Қазақ тілі – жүрек, өзге тілдер оған тірек» деген ұстанымды батысқазақстандықтар да қолдайды. Тілін білген адам ғана сол ұлттың жан-дүниесін түсінеді. Батыс Қазақстан облысында өзге ұлт өкілдеріне мемлекеттік тілді білудің маңыздылығын ұқтыру, қазақ тілін өзге ұлт өкілдері арасында насихаттау мақсатында «Тілмұра» қозғалысы құрылды. Бұл бағытта жүйелі жұмыс жүріп жатыр, - деді Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев өз баяндамасында.
Жыл басынан Батыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен республикалық «Қайырымдылық керуені» аясында халықтың әлеуметтік қорғалмаған топтарын қолдауға бағытталған, Ұлы даланың дәстүрлеріне негізделген «Мейірімді көктем» айдарымен «Сарқыт», «Сыбаға», «Шашу», «Асар», «Қамқор», «Тоқымқағар» қайырымдылық акциялары жүзеге асқан.
Мұндай акциялар облыстың барлық ауданында ұйымдастырылып, облыс бойынша 55 мыңнан астам адам қатысқан 700-ге жуық қайырымдылық шарасы өткізілген.
Жиында Ө.Сұлтанғазин атындағы Қостанай мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Еркін Әбіл, оралдық белгілі айтыс ақыны Шолпан Қыдырниязова сөз сөйледі. Лекторий жұмысы Орал қаласында және облыстың үш ауданында екі күн бойы жүреді.