Руханият • 18 Қазан, 2019

Бакуде Түркі академиясының жаңа кітаптары таныстырылды

247 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Халықаралық Түркі академиясы Бакуде Әзербайжан бағытында жарық көрген бірнеше еңбекті оқырман назарына ұсынып, таныстыру рәсімін өткізді.

Бакуде Түркі академиясының жаңа кітаптары таныстырылды

Алдымен, Әзербайжан халқының аяулы перзенті, жалпыұлттық көшбасшысы Гейдар Әлиев туралы «Еліне жол ашқан» атты ғұмырнамалық жинақ таныстырылды. Бұл жинақ Қазақстанда жарық көріп, оқырманға былтыр ұсынылған болатын. Ұзақ жылдар Г.Әлиевпен тамыры терең достықта болған Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың алғысөзімен шыққан бағалы басылымды әзербайжандықтар ерекше ықыласпен қабыл алды.

Сонымен қатар бауырлас елдің 20 классигінің таңдаулы туындылары топтастырылған «Әзербайжан әдебиетінің антологиясы» да түбі бір түркі жұрты үшін маңызды еңбек саналады. Антологиядағы бірқатар шығармалар қазақ тіліне тұңғыш рет тәржімаланған.

Бұдан бөлек, Бакуде таныстырылған кітаптардың ішінде бөліп-жармай қатар аталатын екі ақынның туындылары бар. Бірі – Әзербайжан әдебиетінің классигі, биыл туғанына 650 жыл толған Имадеддин Нәсими болса, екіншісі – түгел түркінің төрі Түркістанды жырға қосқан, қазақ поэзиясының жарық жұлдызы Мағжан Жұмабаев. Нәсимидің өлеңдері «Мен сыймаймын ғаламға» деген атпен қазақ тіліне аударылып шықса, Мағжан жырлары керісінше алғаш рет әзербайжанша жарық көріп отыр.

Әзербайжан Ұлттық Ғылым академиясы жанындағы Низами атындағы әдебиет институтында өткен кітаптарды таныстыру рәсіміне танымал ғалымдар, мемлекеттік қызметкерлер мен зиялы қауым өкілдері қатысты.

Әзербайжан Ұлттық Ғылым академиясының вице-президенті – Низами атындағы Әдебиет институтының директоры, Әзербайжан Ұлттық Мәжілісінің депутаты, академик Иса Хабиббейли түркі халықтары ынтымақтастығын арттыруда тамырлас елдердегі тұғырлы тұлғалар мен мемлекет қайраткерлерінің өмір жолын терең танып, тағылым алудың маңызы зор екенін атап өтті. Сондай-ақ оның айтуынша, ортақ әдеби мұраларымызды өзге туыс елдердің тілдеріне аударып ұсыну баршамызды біріктіре түседі. Осы орайда, Иса Хабиббейли Түркі академиясының «Түркі әлемі әдебиет антологиялары» сериясын шығаруды қолға алуын жоғары бағалап, ризашылығын білдірді. «Бұл Түркі академиясының бауырлас елдердің мол мұрасын түгендеп, байланыстарымызды нығайта түсу жолында қажырлы еңбек етіп жатқанының көрсеткіші» – деді академик.

Соңғы жаңалықтар