Құрылыс жұмыстарының барлығы дерлік белгіленген мерзімде аяқталған. Ұлттық әл-ауқат қоры міндетіне алған нысандардың құрылысы толық аяқталғанын күні кеше Арыс қаласына іссапармен келген «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқарма төрағасы Ахметжан Есімов мәлім етті.
Басқарма төрағасы алдымен Арыс қаласындағы жөндеуден өткен, 65 жылдық тарихы бар «Ақнұр» балабақшасында болды. Балабақша меңгерушісі Ақбөпе Қайныбекованың айтуынша, бүгінгі таңда 5 топта 120 бүлдіршін тәрбиеленуде. Ән, би сынды үйірмелер жұмыс істейтін, үш тілді білім беруге ден қойған балабақшада 31 тәрбиеші қызмет етеді. Содан кейін, Ахметжан Есімов құрылысы толығымен аяқталған темір жол вокзалының жұмысымен танысты. Қайта жөнделіп, футбол ойындары өтіп жатқан стадионға барып, «Арыс» және «Ордабасы» жастар командасының кездесуінде допты ойынға қосты. Іссапар барысында Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев апаттан кейінгі айларда атқарылған жұмыстар жайлы айтып өтті. «Төтенше жағдайдан кейін 2-3 ай ішінде қала толығымен қайта қалпына келтірілді. Онда 7164 үй қайта жөндеуден өтті. 400-ден астам үй бұзылып қайта салынып жатыр. Оқиға кезінде біз халқымыздың бірлігін көрдік. Елбасы саясатының арқасында мықты қоғамның қалыптасқандығын, сондай-ақ мемлекеттің әлеуетін көрдік», дей келе облыс әкімі әлеуметтік инфрақұрылымды салу және қалпына келтіру жұмыстарын жүргізгені үшін «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басшылығына алғысын жеткізді.
Сондай-ақ «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқарма төрағасы Ахметжан Есімов пен Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды. Меморандумға өңірді газдандыру, энергетика кешені, электронды сауда мен пошта желісін, ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту және әлеуметтік нысандарды салу сияқты 9 бағыт кіреді. Осылайша Арыс және Түркістан қалаларын «ақылды қала» (Smart City) сервистік үлгісі бойынша дамыту көзделіп отыр. Қор өңірдегі 97 мектеп пен ауруханаға дейін талшықты-оптикалық байланыс желісін және радиожелілерді салуды, Арыс қаласындағы 12 мектеп, 2 аурухана, 2 балабақшада 400 бейнебақылау камераларын және 50 «WiFi» нүктесін ұйымдастыруды қамтамасыз етпек. «Қазіргі таңда Түркістанда қор компанияларында 19 мыңнан аса қызметкері бар 20 кәсіпорын мен филиал жұмыс істейді. Электрэнергетика, газ, пошта, ақпараттық коммуникация және экономиканың басқа да салалары бойынша бірнеше жобаларды жүзеге асыруда», деді Ахметжан Есімов. Өз кезегінде Өмірзақ Шөкеев бұл меморандум алдағы уақытта өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына және халықтың әл-ауқатын көтеруге септігін тигізетініне сенім білдірді.
Меморандумның басым бөлігі сатып алу мәселесіне, атап айтқанда, импорт алмастыру және жергілікті қамтуды дамытуға арналған. Қор ұзақ мерзімді келісімшарттар жасау арқылы Түркістан облысында жаңа өндірістерді құруды көздейтін жобаларға қолдау көрсетеді. Ал облыс әкімдігі өз тарапынан жаңа өндірістер құру бойынша жобаларды іріктеуді қамтамасыз етеді. Сонымен қатар тараптар Түркістан облысының әлеуметтік саласы мәселелерін талқылады. Бұл орайда қор церебральды сал ауруынан балаларды оңалту бағыты бойынша әлеуметтік мәселелерді шешуге, науқас адамдарды қатарға қосу кабинеттерін материалдық-техникалық жарақтандыруға, саламатты өмір салты мен спортты насихаттауға қаржылай қолдау көрсетеді. Мәселен, Түркістан қаласындағы амфитеатр, оқушылар сарайы, 7000 орындық стадион, Қожа Ахмет Ясауи атындағы мұражай, конгресс-холл, «Smart City» жобасы сияқты әлеуметтік нысандарды салуға және байланыс желілерін жүргізуге жалпы 33,6 млрд теңге бөлінген.
Түркістан облысы