Кинолог Ғабит пен жеті жастағы Сэнди
Ақтөбе облыстық Полиция департаментіне қарасты кинологиялық қызмет орталығының аға инспекторы Ғабит Жүсіповтің (суретте) осы салада еңбек еткеніне 7 жыл толған. Қазіргі таңда полиция капитанының қарауында 3 қызметтік ит бар. Солардың арасынан Сэндидің орны бөлек. Өйткені неміс овчаркасы кинолог алғаш жұмысқа кіріскеннен онымен бірге «жасасып» келеді.
– Осы орталыққа келген бойда басшылық қолыма бірден неміс овчаркасының күшігін табыстады. Іле-шала екеуміз 3,5 ай уақыт аралығында Алматыдағы кинологиялық орталықта адам ізін кесу бойынша арнаулы курстан өттік.
Менің Сэндиім қашып бара жатқан күдіктіні ұстауға, иіс арқылы қылмыскерді анықтауға машықтанған. Жалпы, жануардың тұқымына қарай оның кинологиядағы бағытын бағдарлауға болады. Мысалы, неміс және бельгиялық овчаркалар тірі жанмен «жұмыс істеп», жарылғыш заттарды да таба алса, лабрадор мен спаниельдер есірткіні іздеуге жұмылдырылады. Бұлардың барлығы Ақтөбенің климатында өмір сүре алады, ыстық пен суыққа шыдамды. Менде неміс овчаркасынан басқа, тағы екі ит бар. Бірақ бағыты бөлек, олар есірткі мен жарылғыш заттарға «өш», дейді әңгімелесушіміз.
Ақтөбе қаласының іргесінде орналасқан орталықты мекендейтін Сэндидің «жұмыс уақыты» таңғы сағат 8-де басталады. Алдымен итті кинолог пен мал дәрігері жіті тексеріп, 30-40 минутқа жазық жерге бой жазуға жібереді. Сосын 1-2 сағатқа созылатын жаттығу жұмыстары жүргізіледі. Одан кейін, әрине жануармен түрлі ойындар өткізіледі. Осы процеске куә болған біз – фотограф екеуміз иттің ойынға ерекше ықыласты екеніне, иесінің әр пәрменін бұлжытпай әрі тез орындайтынына куә болдық. Ол да бала сияқты: көңіл бөлгенді, еркелетіп-еміренгенді жақсы көреді... Кейін бұл 1 күнге жалғасатын кәнігі қызметке ұласады. Тәулік бойы кезекшілікке шыққан үйретілген ит иесімен бірге келесі күні демалады. Бұл әр кинолог бір айда 15 күн қоғамдық тәртіпті қорғап, сонша мерзім тынығады деген сөз.
Иттің азығы күніне екі рет – таңертең және кешке құрамы дәруменге бай, арнаулы жем, суымен бірге беріледі. Азықтың бір күндік мөлшері – 510 грамм. Осы ретте барлық талап-бұйрықтарды мүдірмей орындағанда қызметтегі серігін қалай еркелететіні жөнінде Ғабиттің өзі:
– Өзін жақсы жағынан көрсеткенде, түрлі тағамдар ұсынамын. Мысалы, итіме анда-санда сүйек, шұжық әкелемін. Сол сияқты кейбір әріптестерім етті пісіріп, соны ұсақтап береді. Кейбіреулер үйінен печенье тасиды...
Бұл жерде кинология қызметінің ұжымдық жұмыс екенін ұмытпаған жөн, нәтиже бір-бірімізге тікелей байланысты. Мәселен, жыл басынан бері Сэндидің араласуымен
2 қылмысты толық аштық. Осының өзі – жақсы көрсеткіш. Тергеу амалдарына көмектесетін кездері де көп. Қалалық жерде күдіктіні іздеп табу өте қиын. Көпшілігі көлікпен қатынайды – соның салдарынан заң бұзушының иісі оқиға болған орынға қажетті деңгейде «сіңбейді». Ал жаяу жүріп заң бұзғандарды іздеуге келгенде әңгіме басқа, деді.
Итті аптасына 2-3 рет жуындырып, күтімін жасап, сол арқылы грумердің де міндетін атқаратын Ғабит есінде қалған қызықты оқиғаның жоқтығын, тосыннан ештеңенің болмайтынын айтады. Өйткені мұнда қауіпсіздік ережелері қатаң сақталады, бәрі жоспарға сай жүргізіледі. Бауырын енді көтергеннен асырап-бақса да, ит үйретуші мамандар хайуанның аты – хайуан екенін бір сәтке де естен шығармайды. Десе де, бауыр баспай бәрібір тұра алмайсың...
– Иттер 8-10 жасқа дейін сап түзеп, қатардан қалмайды. Қартайып, денсаулығы сыр бере бастаса, арнайы комиссияға салынады. Ондағылардың сынынан өтсе, қызмет ету уақыты ұзартылады. Ал оған жарамаса, дәрі беріліп, мәңгілік ұйқыға кетеді... Сэндиім әзірге сергек, бойында шаршау байқалмайды. Физикалық жағдайы қызметке сай келмей қалса, үйге біржолата алып кетуге болады. Бірақ мен көпқабатты үйде тұрамын, қанша қимасам да асырайтын жерім жоқ. Әрі ол туралы ойлағым да келмейді, әлі ерте, – деп сыр ақтарды 31 жастағы кинолог.
Жыл сайынғы еңбек демалысына шыққанда, Ғабит қарауындағы иттерді кинологиялық қызмет орталығына қалдырады. 30 күн оларға сондағы мамандар тек күнделікті азығын беріп, күтімін жасайды. Төртаяқтылар басқаның пәрменіне құлақ аспақ түгілі, ол өткізген жаттығуларды да орындамайды. Адал жануардың иесі ұзақ демалыстан кейін орталыққа оралғандағы жағдайды сөзбен жеткізу мүмкін емес, оны тек көру керек! Есту мен иіс сезу қабілеті ерекше дамыған иттер иесін бірнеше шақырым жерден сезіп, түрлі дауыстар шығарып, қысқасы, балаша мәз-мейрам күй кешеді екен.
Қылмыстың барлық түрін ашуға қатысады
Ақтөбедегі кинологиялық қызмет орталығының басшысы Сапабек Рахимовтың айтуынша, мұнда қызметтік иттердің барлығы 6 айлығынан бастап Алматыдан әкелінеді. Өңірде 15-тен астам кинолог 40-қа жуық иісшіл итті күтіп-баптайды. Жыл соңына дейін орталық тағы
5 күшікпен толығады деп күтілуде.
Мамандар иттің тұқымына қарай қызмет ету саласын анықтайды. Міндетті түрде күшіктің сүйектерінің құрылысы, бұлшық еттерінің дамуы, жүйке жүйесіне баса назар аударылады. Егер бір жерінен кемістік байқалса, бірден қызметке жарамсыз деп танылады. Іріктеуден өткендерді 3,5 ай көлемінде осы іске баулимыз. Одан соң, әлбетте, күнделікті жаттығулар. Ылғи арнаулы емханаларға қаратып, екпе салдырамыз.
Биылдыққа біздің орталықтың көмегімен 270-тен астам қылмыс ашылды. 100 килодан астам есірткі заттары тәркіленді. Қызметтік иттер ұрлық, қарақшылық, кісі өлімі, бір сөзбен айтқанда, қылмыстың барлық түрін әшкерелеуге атсалысады.
Мұндағы иттер бірнеше топқа бөлінеді: жарылғыш заттар, оқ-дәрі, қару-жарақ іздейтіндер, есірткіні табуға машықтанғандар, із кесетіндер және одорологияға бейім жануарлар. Әрқайсысына жүктелетін тапсырмалар, жүргізілетін әдіс-тәсілдер бөлек, – дейді Сапабек Рахимов.
Полиция қызметінің бір тармағы – кинологияда Халықаралық ұйымдардың тарапынан қолдануға рұқсат етілген 20-дан астам иттің тұқымы бар. Олардың арасынан қолға үйретілген, жер-жерде көптеп «қызмет ететін» неміс пен бельгиялық овчаркаларды, спаниель, лабрадор, пинчер, шнауцер, терьер, такса, ретривер, пудель, т.б. атауға болады. Облыста бұл тізімдегінің алғашқы төртеуі ғана кездеседі. Орталық басшысы
17 жылдық еңбек тәжірибесінде Арлан, Барон, Белис, Зила атты сенімді серіктердің мінсіз із кесушілігі ұмытылмайтынын, олардың ізін жалғайтын алғыр иттердің өсіп келе жатқанын атап өтті.
Әңгіме арасында «Қазақтың тазысы да өте ақылды. Оның иіс сезу қабілеті мықты дамыған. Неліктен төл жануарымыз кинологияда қолданылмайды?» – деп сауал қойғанымызда, полиция майоры мұның олардың құзырында емес екенін, халықаралық кинология федерациясы қызметтік иттердің тұқымының тізімін жасақтайтынын жеткізді. Артынша алдағы уақытта тәртіп сақшыларының төртаяқты қолғанаттарын шағылыстырып, күшік алу жоспарда бар екенін қосты.
«Кинологтар жан-жануарларға жақын болуы, олардың «тілін» түсінуі керек. Сосын спортпен айналысуы қажет. Себебі ит әрдайым жүгіріп, ойнайды, жалпы қозғалысқа бейім жануар. Соған сай, иесі де белсенді болғаны жөн. Әскери тәртіп, сөзсіз, ерекше маңызға ие. Орталықта мамандығына қызығушылығы зор, жас жігіттер көп», деп сөзін қорытындылады ол.
Біздің елде полицей-иттерді үйретуге өткен ғасырда ғана ден қойылса, дүние жүзінде бұл әлдеқашан қолға алынған. Ежелгі Грекия мен Римде аталған жануар түрін «тәрбиелеуге» баяғыда-ақ мән берілген. Кинологияның отаны саналатын Германия мен Англия мемлекеттерінде саладағы қазіргі жағдай бәрінен озық. Ондағы арнаулы жасақтағы қызметтік иттердің саны да біздікімен салыстыруға келмейді.
Адалдық пен төзімділікті ту еткен жануарға дүние жүзінде көптеп ескерткіш қойылып, фильмдер түсірілген. Жазылған көркем шығармалар да аз емес. Мәселен, б.з.б. ІХ ғасырда «Коринфаның қорғаушысы және құтқарушысы» деген белгімен Сотер атты итке тірі кезінде ескерткіш қойылса, қиын-қыстау уақытта адамдарға вакцина жеткізген Балто деген иттің мүсіні Нью-Йорктің орталық саябағында қасқайып тұр. Жапонияның Токио қаласындағы Сибуя стансасында орын тепкен әйгілі ескерткішті де білмейтіндер кемде-кем шығар, ол иесін 9 жыл күткен Хатико атты итке арнап жасалған. Париж қаласындағы Сена өзенінің жағалауында Альпіде 40 адамды құтқарған Барри атты сенбернарға да осындай құрмет көрсетілген. Сол сияқты біздің Ақтөбе өңірінде де 2014 жылы ауған соғысының ардагерлері Беда атты неміс овчаркасының ескерткішін тұрғызды! Қызылжар ауылындағы бұл ескерткіштің жанында суретке түсетіндер баршылық. Қазақ қаламгерлерінің арасында ит туралы повесть, көркем шығарма жазғандардың көптігін ескерсек, «Хатико» сияқты ерекше әсер қалдыратын фильмдердің өз елімізде түсірілуі бек мүмкін. Бұл аты аңызға айналып, иесін ажалдан арашалап қалған иісшіл иттерге де қатысты. Себебі жыл өткен сайын қызметтік иттерге деген сұраныс, тиісінше құрмет те артпаса, кеміп отырған жоқ.
Айбек ТАСҚАЛИЕВ,
журналист
АҚТӨБЕ