Қазақстан • 19 Қазан, 2019

Оралда «Музейлер шеруі» акциясы өтті

348 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Республикалық акция аясында Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінде Сарайшық мемлекеттік тарихи-мәдени музей қорығы және Атырау облысы Махамбет ауданының тарихи-өлкетану музейі көшпелі көрмемен келді.

Оралда «Музейлер шеруі» акциясы өтті

Суретті түсірген:Мейірбек ТӘЖҚҰРАНОВ

Музей алаңында өткен «Көне дүние күмбірі» атты концертпен басталған ашық есік күні «Музей түніне» ұласты.

–«Музейлер шеруі» республикалық акциясы еліміздің Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен ұйымдастырылған. Акция аясында мәдени шаралар эстафетасын көршілес жатқан Атырау облысынан қабылдап алдық.Еліміздің тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауымен жүзеге асып жатқан «Рухани жаңғыру» бағдарламасы және «Ұлы даланың жеті қыры» жобасының негізгі мақсаты – тарихи мұраларымызды түгендеу, өткенімізді саралау, болашақ еншісіне аманаттау.Тарихымыз терең, келешегіміздің кемел екенін танытуда музейлердің орны ерекше, – дейді шараны ашқан Батыс Қазақстан облыстық мәдениет басқармасының басшысы Қадырболат Мұсағалиев.

Ақ Жайықты тел емген Батыс Қазақстан мен Атырау облыстарының көп тарихы ортақ. Дегенмен, Атырау өңірінен келген көрмелерді жергілікті халық жылы қабылдады. Сарайшық музей қорығының «Ортағасырлық Сарайшық – Қазақ елінің астанасы», Атырау облысы Махамбет ауданының «Ұлы дала тарихы – ұрпаққа аманат» көрмелерінің жәдігерлері ерекше қызықты болды. Экспозициялық залдарда этно-фольклорлық ансамбль орындаған ұлттық саз ойнап, көрермен қауым Алтын ханшайым, Исатай мен Махамбет, Троя арулары кейпіне енген әртістермен бірге суретке түсті.

Осы күні Батыс Қазақ облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Мирболат Ерсаев «Музей түні» эстафетасын Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Мейрам Дүйсенғалиға табыстады.

Айта кетейік, «Көне дүние күмбірі» атты іс-шара аясында музейде киіз басу өнерінен шеберлік сынып көрсетіліп, жәрмеңке ұйымдастырылды. Сондай-ақ Жаһанша Досмұхамедұлы атындағы педагогикалық колледж ұжымы «Музейстар-2019» жобасын ұсынды.