Аймақтар • 20 Қазан, 2019

Оралда ерекше бағдаршам орнатылды

469 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бұл бағдаршамның ерекшелігі сол - әдеттегі электр энергиясына тәуелсіз. Яғни металл аркада орнатылған LED-нүктелі жарықтандыру диодтары күннен қуат алады. Және бағдаршам нысанын жаяу жүргіншілердің өздері реттей алады.

Оралда ерекше бағдаршам орнатылды

Көше қиылысына келген жүргінші бағдаршам кешеніндегі арнайы тетікті басқанда бағдаршамның жасыл түсі 30 секундқа жанады. Осы уақытта жүргіншілер жолдан өте алады. Бұған қоса қосымша тетік арқылы полиция («102») немесе «жедел жәрдем» («103») қызметінің операторларымен сөйлесуге, шақыртуға мүмкіндік болады. Сондай-ақ нысанда бейнебақылау камералары орнатылған.

Мұндай «ақылды» бағдаршамды Орал қаласындағы бас даңғыл мен Алмазов көшелерінің қиылысына өз қаражатына орнатқан - «ЗенитТехСервис» ЖШС екен. Қондырғы жобасының авторы – ресейлік «НПФ Спектрон» ЖШС. Компанияның коммерциялық директоры Гарри Бассавиннің айтуынша, Ресейде мұндай бағдаршам нысандары соңғы екі-үш жылдан бері қойылып жатыр екен. «Қазақстан бойынша Орал қаласында тұңғыш рет қойылып тұр» дейді Г.Бассавин.

Орал қаласы әкімінің орынбасары Бекжан Тоғжанов болашақта осындай бағдаршам кешендері қаланың басқа аумақтарына да орнатылатынын айтады. Ол жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуде тың бастама бастаған «Зенит Тех Сервис» ЖШС басшысы Көшербай Айғожаұлына қала әкімінің алғыс хатын табыс етті.

Оралдықтар үшін тың да тосын бағдаршамды қалай қолдану керектігін алғашқы күндері «Гаухар жолы» қоғамдық бірлестігінің еріктілері жүргіншілерге көрсетіп, қолғабыс етті.

БҚО Полиция Департаменті Ішкі және сыртқы коммуникациялар бөлімінің қызметкері Асылай Ғұбашеваның айтуынша, Батыс Қазақстан облысында бүгінде 93 бағдаршам нысаны бар екен. Оның 13-і – Бөрлі ауданының орталығы Ақсай қаласында, Тасқала ауылында – 2, Теректі ауданына қарасты Подстепный және Федоров ауылдарында – 2, Ақжайық ауданының орталығы Чапаев ауылында – 2, ал 74 бағдаршам Орал қаласында орналасқан. Соның ішінде 41 нысанда санақ таймері бар, тағы 27 бағдаршамға орнату көзделуде.

-Жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында жол ұйымдарымен бірлесе отырып биыл Орал қаласының ең белсенді 11қиылысына бағдаршам орнатылды, - дейді Асылай Ғұбашева.

БҚО Полиция Департаменті Әкімшілік полиция басқармасының бастығы полиция полковнигі Жанболат Жаншиннің айтуынша, жыл басынан бері жаяу жүргіншілердің қатысуымен 82 жол-көлік оқиғасы болып, 26 адам көз жұмған, 67-сі түрлі дене жарақатын алған.