Қоғам • 21 Қазан, 2019

Киберқауіпсіздік мәселесі жаңа форматта талқыланды

266 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Назарбаев Университетке қарасты Мем­ле­кеттік саясаттың жоғары мектебі мемле­кеттік басқарудағы өзекті мәселелерді талқы­лауға негізделген конференция ұйымдас­тырды. «Мемлекеттік басқару секторын­дағы ақпараттық технологиялар» атты конфе­ренцияға мемлекеттік мекемелер мен мемле­кеттік емес ұйымдардың басшылары, ақпа­раттық технология саласындағы белгілі азаматтар қатысты.

Киберқауіпсіздік мәселесі  жаңа форматта талқыланды

Конференция бірнеше блокқа бөлінген. Әр блок әртүрлі тақырыпқа арналған. Ұйымдас­тырушылардың айтуынша, негізгі концепті театр­мен байланыстыруға тырысқан. Бәрімізге белгілі, театр киімілгіштен басталғандай, конференцияның да алғашқы тақырыбы қауіпсіздік шараларына қатысты болды. Осы орайда Kaspersky компаниясының Орталық Азиядағы атқарушы директоры Евгений Питолин «Цифрлы мемлекет: жаңа қорғаушылар» тақырыбында баяндама жасап, цифрландыру саласындағы жаңалықтармен бөлісті. Сонымен қатар Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асхат Оразбек, Білім және ғылым вице-министрі Рүстем Биғари де қатысушылармен кибершабуыл, киберқауіпсіздік құралдары мен технологиялары тақырыбын талқылады.

Конференцияның екінші бөлімінде ақ­па­рат­тарға шабуыл жасау, БАҚ пен медиа сала­сындағы шабуылдар, жалған ақпаратты тексеру, киберқауіпсіздікті мемлекеттік дәрежеде шешу мен билік өкілдерін оқыту, біліктілігін арттыру мәселелері төңірегінде әңгіме өрбіп, қатысушылар Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің өкіліне, «БЗЖҚ» АҚ өкіліне сұрақтарын қойды. Ақпарат комитеті төрағасының орынбасары Михаил Комиссаров Халыққа қызмет көрсету орталығындағы жаңа технологиялар мен аталған сектордағы киберқауіпсіздік туралы баяндама жасады. Оның айтуынша, бүгінде Халыққа қызмет көрсету орталықтарында кезек азайған. Сарапшы бұған осы саладағы жаңа технологияларды қолдану нәтижесінде қол жеткізілгендігін айтады. Ал «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ өкілі Елнұр Шалкибаев аталған ұйымның киберқауіпсіздік пен негативті ақпаратпен күресу тәжірибелерімен бөлісті.

Конференция екі күнге созылды. Micro­soft, Astana LRT, Oberig IT сияқты алып компа­ния­лардың өкілдері қатысқан жиында ақпараттық технологиялар саласындағы жас мамандарға сұхбаттасу, тәжірибе жинау секілді мүмкіндіктер жа­сады.