Әлем • 21 Қазан, 2019

Каталония халқы жаппай бас көтерді

432 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Испания автономиясы саналатын Каталонияда халық көтеріліске шығып, ел іші қарулы қақтығыстардың ошағына айналды. Шиеленістің себебін Испания сотының Каталония тәуелсіздігі үшін күресушілерді қамауға алу шешімімен байланыстырады. Қақтығыс нәтижесінде зардап шеккендердің саны күн санап өсуде. Әуежай мен автожолдар жабылған. Ереуілдің қашанға дейін созылатыны халыққа да, билікке де белгісіз. Ал наразылықты ұйымдастырушылар істің соңына дейін күресуге бел байлаған.

Каталония халқы жаппай бас көтерді

14 қазаннан бастап Испания қалаларының бірқатарында, әсіресе Барселонада мыңға жуық адам наразылық акция­сына шығып жатыр. Наразы­лардың көбі – жастар. Ұйым­дас­тырушылар акцияны «Демо­кратия цунамиі» деп атапты. Бір қызығы, ұйымдастырушылар бұл наразылық алдын-ала жос­пар­ланбағанын айтады.

Каталонияның тәуелсіздігін талап еткен жастар авто және темір жолдардың жұмы­сына кедергі жасауда. Билік Ис­па­ния­дағы үлкендігі жөнінен екін­ші саналатын «Эль-Прат» әуе­жайын жабуға мәжбүр бол­ды. Ереуілшілер бұл әрекеті­мен әлемнің назарын өздеріне аудармақ ниетін жасырмады. Олардың ойынша, бұл – Испанияның ғана емес, әлемдегі демократияның мәсе­лесі. Алғашында бейбіт акция ретінде басталған наразы­лықтың соңы төбелеске ұласып, қару қолдануға алып келді. Шеруге шыққандар қаладағы бірқатар қоқыс контейнерін өртеп, қарулы күштер қызмет­керлеріне шабуыл жасады. Полиция да ереуілшілерге оқ атты. Дер кезінде тоқтатпаса, Бар­селонаның туристік орындарына қауіп төнуі мүмкін дей­ді қала басшылығы. Өйткені ереуілшілер өртеп кеткен қоқыс контейнерлерінің ұш­қы­ны белгілі архитектор Ан­тонио Гаудидің еңбегі Ла Пед­рерудің маңына түскен. Рес­ми ақпаратқа сүйенсек, ереуіл басталған бірінші күн­нің өзінде-ақ 131 адам зардап шегіп, 50 адам ұсталған.

17 қазанда ереуіл ауқымы ұлғайып, ушыға түскен. Бұл жолы 40 мыңға жуық халық бас көтерді. Алаңға жиналғандар автокөліктерді өртеп, тәртіп сақшыларына жарылғыш заттар мен тас лақтырған. Ал полиция тікұшақ­тан пиро­техникалық ракеталар жаудырған. Бір түннің ішін­де қала бойынша 500-ге жуық өрт тіркелген. Құқық қорғау органдарының 54 қыз­меткері мен 18 ұлттық полиция қызметкері жара­қат алған. Ал қамауға алынған ереуіл­шілер саны – 50. Бір ғана Барселонадан – 29, Тар­рагонеден –14, Льейде қаласы­нан 8 адам ұсталыпты.

Жағдайдың үдей түсуіне Испания құқық қорғау орган­дарының Катало­ния сепара­тистерінің көшбасшы­ларын 9-13 жылға қамау үкімі себеп болып отыр. 2017 жылы бірнеше белсенді Каталония­ның тәуелсіздігі туралы заң­сыз референдум өт­кізуді қол­ға алған еді. 2 жыл бойы Мад­рид сотында қаралған істің үкімі 14 қазанда жария­лан­ды. Сонымен бірге сот Ка­та­­­ло­ния­ның экс-президенті Карлес Пучдемонды экстрадиция­лау талабын қайта қолға алып отыр. Оны да бірнеше жыл бұрын сепаратизмге қа­ты­сы бар деп айыптаған еді. Карлес Пучдемон бүгінде Бель­гияда бой тасалап жүр.

Ал Каталония аймағының қазіргі президенті Ким Торра белсенділерді қамау демо­кратияға нұқсан келтірумен тең дейді. Ол құзырлы орган өкілдерінен саяси тұтқын­дарды босатуын, репрессия­ны тоқтатуын сұрады. Ақпарат­қа сүйенсек, қамалғандардың арасында ең ұзақ мер­­зімге кесілгені Ориол Жун­­­керас екен. Оған 13 жыл бас бостандығынан айыру үкімі шығарылған. Заң­сыз рефе­рен­думға қатысы бар деп таныл­ған Рауль Ро­мева, Жорди Туруль, Долорс Ба­ссаларға 12 жыл бас бос­тан­­дығынан айыру жазасы кесілді. Ориол Жун­керас Reuters-ке берген сұх­батын­да белсенділерді қамау Ката­лония тәуелсіздігі үшін күре­су­шілерді жігер­лен­діре түсе­ті­нін, қозғалысты тоқ­тат­па­йтынын айтты. Испания үкі­меті де бел­сенділерді тыңдауға әзір екенін білдірді. Мәселен, сәрсенбіде Ис­пания үкіметінің басшысы Пед­ро Санчес үш белсендімен кез­дес­іп, олардың ойын тыңдап қайтты.

Испания басылымдары­ның болжамына қарасақ, ереуіл­шілер легі әлі де сейіле қоймай­тынға ұқсайды. Наразылар жа­қын арада акцияларын Мад­рид көшелерінде де жалғас­ты­­ра­тынын айтқан. Бейбіт ак­ция­ның мұндай қантөгіс­ке ұла­­с­а­тынын ешкім де бо­лжа­маған. Сондықтан зар­дап шек­кен­дер­дің саны ал­дағы уақытта арта түсуі мүм­­кін. 10 қарашаға кезектен тыс парламент сай­лауын бел­гілеген Испания билігі үшін мұндай бассыздықтың жал­ға­суы жақсы емес. Мұны біле­тін ереуілшілердің де арт­қа шегінер ойы жоқ. Ката­ло­ния Испанияның ең бай ай­мағы екені де белгілі. Хал­қы республика бойынша ең үл­­кен салықты төлеп отыр. Бұл жолғы көтерілістің арты 2017 жыл­­дағыдай биліктің елемеуімен не наразылардың қал­а­уын орындауымен аяқта­лары белгісіз. Бұл ахуал Испания  ғана емес, әлем жұрт­шылығын алаңдатып отыр.