Аймақтар • 21 Қазан, 2019

Тіркеуге тұрмай кәсіпкерлікпен айналысқан

316 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облыстық Мемлекеттік кірістер депар­та­менті жергілікті Ішкі істер департа­ментімен бірлесіп Орал қа­ласында 19 тоннаға жуық тар­тылған құс еті тиелген жүк көлігін ұстады. Заңсыз импорттық өнімнің құны 11 миллион теңгеден асады.

Тіркеуге тұрмай кәсіпкерлікпен айналысқан

DAF автокөлігінің жүргізушісінің және жүктің құжаттарын тексеру барысында тартылған ет Ресейдің Самара қаласындағы «Мясной Мир» ЖШҚ-ның жүгі екені анықталды. Жүк Орал қаласындағы «Прод-Интерсервис» ЖШС-на жеткізілуге тиіс делінген құжатта. Алайда ақпараттық жүйелер­де­гі деректерге сәйкес, аталған компания 2010 жылдың 15 сәуірінде жұмысын тоқтатқан, яғни тауар импорттаумен айналыспайды. Осылайша тауар-көлік жүк құжатында жүк алушы туралы дерек бұрмаланғаны белгілі болды. Мемлекеттік кірістер департаментінің хабарлауынша, ұсталған көлік жүкті нақты алушының кім екені анықталғанға дейін арнайы тұраққа қамалды.

Кейінірек жүргізушінің мемлекет­тік кіріс органдарына табыстаған өтінішіне сәйкес, заңсыз тауар тиісті органдарға жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген азаматқа жеткізілуі керек болғаны анықталды. Ол азаматтың үстінен әкімшілік құқық бұзғаны үшін іс қозғалып, Орал қалалық әкімшілік сотына жіберілді. Әкімшілік сот оған кәсіпкерлік қызметті тіркеусіз және импортталатын тауарларға ҚҚС төлемей жүзеге асырғаны үшін айыппұл салды. Заңсыз кәсіпкерлікпен айналысқан азамат 1,3 млн теңге қосымша құн салығын төлеп, жеке кәсіпкер ретінде тіркеу есебіне қою туралы өтініш берді.